Basty bet
тәуелсіздік тойы толайым табыстармен аталып өтілді
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Бұл күнді атап өту – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбектің бүгінгі белесін қорытындылайтын мерейлі сәт.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз елім – тұғырың сенің биікте» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, жуалылықтарды ұлтымыздың ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
-Құрметті жерлестер! Осыдан 30 жыл бұрын сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атты. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды. Содан бері міне, 30 жыл өтіп, осы жылдар ішінде елімізбен бірге қалыптасып келеміз.
Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлемде Қазақ елі деген ұғым пайда болды.
Әрине, бізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Еліміз қаншама қилы замандардан өтіп, халқымыздың өжеттілігі мен қайсарлығының, ынтымағы мен бірлігінің арқасында қол жеткізді.
Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Жамбыл облысы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, облыс көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Жуалы жерінде де өркендеу мен даму бар. Міне, бұлардың барлығы Тәуелсіздіктің жемісі, – деп облыс әкімінің орынбасары жерлестеріне деген мерекелік жылы лебізін білдірді.
Одан кейін аудан әкімі Олжас Қаржауов және облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов бір топ азаматтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналған мерекелік медалімен, «Халық алғысы» медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Алғысхатымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен марапаттады.
Сонымен қатар, еліміздің, оның ішінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков табыстады. Бұл құрметті атаққа ардагерлер Мақсатбек Байболов пен Ғабит Тұрысбеков, “Зылиха” ШҚ басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев және аудандық орталық аурухананың науқастарды қолдау қызметі және ішкі аудит басшысы, хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санаттағы хирург дәрігер Қалдыбай Байрамов ие болды.
Шара барысында бірнеше депутатқа белсенді депутаттық қызметі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғысхаты және әр саладағы еңбек ететін қызметкерлерге өзінің қызметтік міндетін адал атқарып, жақсы көрсеткіштерге жеткені және ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін Жуалы ауданының Құрмет грамотасы және аудандық мәслихаттың Алғысхаты берілді.
Сондай-ақ, «Nur Otan» Партиясының бағдарламалық міндеттерін іске асыруда белсенділік танытып, ел дамуына, мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін нұротандықтарға мерекелік медальмен Ақтөбе тірек мектебінің директоры Гүлнар Әбілдаева және партияның жоғары марапаты «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен «Компрессор Тараз» ЖШС директоры Айбек Елекбаев марапатталды. Мерекелік шарада нұротандықтарға партия төрағасының бірінші орынбасарының Құрмет грамотасы, партия аудандық филиалы төрағасының Алғысхаттары табысталды.
Жуалыға марапат жауған сәрсенбінің сәтті күнінде ауданға еңбегі сіңген бір топ ардагер «Жуалы ауданының Құрметті ардагері» атанды. Көк Туымызды жеңіс тұғырында желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген өңірдің спортшыларын да аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»