Basty bet

Ауызсудың жыры …

он ауылдың жаңа ауызсу құбырынан әлі
бір тамшы су ақпаған

Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бес ауылдағы биылғы жылға өтпелі ауызсу құбырлары құрылысын қоспағанда, жеті жоба бойынша ауданның тағы да он елді мекеніне ауызсу құбырын тартуға қазынадан 1 миллиард 345 миллион теңге жұмсалған еді.

Жобаланған жұмыстар мерзімінде аяқталып, шөліркеп отырған ауылдар таза ауызсуға кенеліп жатса, мәселені былайша қаузап неміз бар? Тақырыпты осылайша қоюымызға құрылысты жүргізген жосықсыз мердігерлердің іс-әрекеті түрткі болып отыр.
Енді ретімен баяндауға көшелік …
Былтыр жазда ауданның жеті бірдей елді мекеніне ауызсу құбырын жүргізуге «Байсын-А» ЖШС мердігер болып белгіленді. Алайда, серіктестік жұмысшылары кейбір ауылдарда құрылыс жұмыстарына кіріскен бойда, бекітілген кестені сақтамай, объекті басына келмей қойған. Осындай келеңсіз жағдайлар Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ, Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылдарында қайталанды.
Мердігер ол кезде карантиндік шектеулерге сілтеме жасап, жұмысшылардың ауырғанын айтып ақталды. Дегенмен, жоспарлы жұмыстар жылдың соңында аяқталып, объектілер тапсырылуы тиіс еді. Олай болмады.
Тиісті қадағалаудың жоқтығынан серіктестік салынған ауызсу құбырларын іске қосып, халықтың игілігіне беру жұмыстарын бастауға асықпады. Тек тұрғындардың дабыл қағуымен іске аудандық қоғамдық кеңес араласқаннан кейін шабан қимылмен құрылыс барысында жіберілген ағаттықтар мен олқылықтарды түзеуге кірісті.
Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Тоқтағұл Құдайқұлов пен жергілікті қоғамдастық мүшелері Мұсахан Бойдосов пен Бегасыл Қадіровтың өтінішімен осы ауылдағы ауызсудың жағдайын көруге шұғыл аттандық.
Ауылда ауызсу тұтынушылар санатында 84 аула, екі білім беру, бір денсаулық сақтау мекемесі бар. Ауызсу құбырын тарту жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған. Мердігер «Байсын-А» ЖШС-нің өңірлік директоры Мақсат Маметовты су тартқыш мұнараның жанында жолықтырдық. Оның айтуына қарағанда, жоба бойынша ауылдағы барлық үш көшеге кіргізіліп, үйлердің ауласына дейін тартылып берілген. Тіптен өткен аптада су құбырын қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілген.
Ауылдың ардагерлер алқасының төрағасы Тоқтағұл Құдайқұлов пен қоғам белсенділері мұны теріске шығарады. «Ауызсу құбырының қысыммен тексерілетіні туралы ешкімге хабар берілген жоқ. Біз оны көрмедік» деген пікірде. Оған қоса «Құрылыс жүргізуге келген мердігердің бес аспабы сай болуы тиіс еді. Алайда, оның қырық та бір сайманы түгел болмай, ана техниканы ауылдың бір тұрғынынан, басқасын тағы біреуден жалға алып істетті», дейді.
Аулаларға судың берілмеу себебін мердігер ұйымның өкілі су есептегіш құралдың қайда орнатылатынының шешілмеуімен байланыстырады. Негізі талап бойынша есептегіш құрал көшедегі құдықтың ішіне орнатылуы тиіс болса, бұл бақылаушыларға елеулі қиындық келтіреді. Өйткені әр ауланың тұсында құдықтың бетін жауып тұрған құмды-полимерлі қақпақты ашып-жабу уақыт пен күшті қажет етеді.
Ауыл белсенділері әрі қарай бізді ауызсу құбыры жүргізілген көшелерге қарай бастады. Шет көшесінің бойында құбыр жолдың ортасына түскен, жан-жағы ашылып, құдық жолдан көтеріліп тұр. Мердігер «барлығы жоба бойынша істелген» дейді.
Көше бойларында бетіндегі бетон қақпағы сынған немесе әлдебір себеппен жабылмаған, табаны отырып, қисайып тұрған төрт апатты құдық бар екен. Тұрғындар олардың айналасын шыбықпен қоршап, малдың және балалардың түсіп кетуінің алдын алуға мәжбүр болған. Дәл осындай көрініс Мөлтек көшесінде де қайталанады. Көше қиылысында құдықтың беті ашық қалған. Бетон қақпақты тақап өткен ауыр көлік басып-жаншып сындырып кеткен. Шытынап, сынған бетон қақпақты әлдекімдер көшенің арғы бетіндегі арықтың жағасына сүйреп тастаған.
Белсенділер «қақпақ сапасыз дайындалған, оның ішіне қалың арматураның орнына диаметрі 6 мм сым темір қосылған. Сондықтан ол ауырлықты көтере алмай, шытынап, сынып жатыр» деп есептейді. Бетон құдықтың тұсынан өтетін газ құбырының аркасын биік техниканың жебесі іліп кетіп, майыстырып тастаған.
Мердігер ұйымның өкілі орын алған кемшіліктердің барлығын түзетіп, тез арада ауызсу құбырын іске қосуға ниетті екенін жеткізді.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа хабарласқанымызда, жоғарыда көрсетілген он ауылда ауызсу құбырының бірде-бірінің іске жарап тұрмағанын айтты. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша кеңес тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті орындарға ұсынылған. Мердігерлер аудан басшылығынан қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді түзетуге мұрсат сұрап отырғанға ұқсайды.
-Егер де осы берілген мерзім ішінде барлық олқылықтар түзелмесе, мердігер жосықсыз деп танылып, ісі сотқа өткізілетін болады, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close