Basty bet
«Халық саулығы – ең қымбат қазына»
Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Қалдыбайқызы Айтбаевамен сұхбат
– Айгүл Қалдыбайқызы, аудандық денсаулық сақтау саласының бүгінгі әлеуеті қандай?
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен, тіптен он жыл бұрынғымен салыстырғанда ауданның денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Елдімекендердің басым көпшілігі заманауи типтік үлгімен салынған медициналық ғимараттармен қамтылып отыр. Тек соңғы үш жылда Қошқарата, Қарасаз, Нұрлыкент, Шақпақата ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, ал Ақтасты, Ертай, Кәріқорған, Майбұлақ, Тәттібай Дүйсебайұлы, Теріс-Ащыбұлақ, Көктөбе, Қаратас ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға берілді. қажетті медициналық аппараттармен 93% қамтылды
«Іс тетігін мамандар шешеді» дегендей, аудандық орталық аурухана мен емхана мамандармен толық қамтылған. Тек биылдың өзінде 18 жас маман жұмысқа орналасты. Соның нәтижесінде шалғайдағы елдімекендердегі медициналық пункттер ішінара дәрігерлермен қамтылып отыр. 2019 ж. төрт, 2020 ж. 5 маман баспаналы болды
Ауруханада кардиолог маман жоқ еді. 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен кардиолог маман Әсия Абайқызы Тұрыс келді.
– Карантин жағдайында денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысы қалай ұйымдастырылуда?
– Карантин талаптарына сай орталық аурухана мен емханада, аймақтардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысына өзгерістер енгізілуде. Денсаулық сақтау мекемелерінің қызметі барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, бекітілген нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау объектілері «лас» және «таза» аймақтарға бөлінген. Медицина қызметкерлері мен емделушілер бөлек есіктен кіреді. Кіреберісте арнайы мамандар дене температурасын өлшеп, сұрыптауды жүргізіп отырады. Қолды өңдеуге арналған дезинфекция ерітінділер емханаға кіреберісте, дәліздерде, баспалдақ алаңдарында және әр бөлімдердің кіреберісінде орнатылған. Барлық кіреберісте аяқ астында дезинфекциялық төсеніштер төселген.
Науқастарды жоспарлы қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тұмау белгілері бар науқастар, соның ішінде, жөтел, дене қызуы көтерілу, әлсіздік және т.б. респираторлық белгілері бар науқастар арнайы сүзгі арқылы қабылданады. Жүкті әйелдер мен балалардың сүзгілері бөлек ұйымдастырылған. Келушілердің қозғалыс бағытын қамтамасыз ету үшін сыртқы есіктерде «Балалар сүзгісі», «Жүкті әйелдер сүзгісі» деген бағыттағыш белгілер қойылған. Заңнамалық актілерге сай «Карантин», «Маскалық режим», «Бейнетаспа түсіруге болмайды» деген ақпараттық көрнекіліктер орналастырылған.
Ауруханада екі қабылдау бөлімі ұйымдастырылған, оның біреуі аурухананың негізгі ғимаратының бірінші қабатында орын тепкен, мұнда респираторлық ауру белгілері жоқ науқастар қабылданады. Ал екінші қабылдау бөлімі жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратында орналасқан. Мұнда күдікті науқастарды оқшаулауға арналған 10 төсек орын бар. Және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығын орындау мақсатында COVID-19 ауруына шалдыққан науқастарға арналған қосымша 20 төсек орын ұйымдастырылған.
Сонымен бірге коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында тоғыз мобильдік топ құрылған. Мобильдік топ құрамында бір жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 медбике, 1 лаборант бар. Мобильдік топтың іс-қимыл алгоритмі келесідей: науқас емханаға телефон шалу арқылы өзінде респираторлық ауру белгілері бар екенін айтып жүгінсе, қоңырау мобильді топқа ауысады, ол COVID-19-ға күдіктіні жағдайды тексеру парағы бойынша анықтайды, қажет болған жағдайда үйіне барады, оқшаулау шарттарын анықтап, тиісті медициналық қызметін атқарады.
Олар учаскелік дәрігерге немесе медбикеге пациентті қарау нәтижелері туралы хабарлайды, қажет болған жағдайда емдеу жоспарын түзете отырып, оларға одан әрі қашықтан бақылау жүргізу үшін ақпаратты және медициналық құжаттарды береді.
Сонымен қатар, күз, қыс, көктем айларында әдеттегідей суық тию, тұмау мен пневмония аурлары белең алатыны мәлім. Пандемияға байланысты осы аралық қауіп туғызуы мүмкін. Сондықтан барлық медициналық ұйымдарда дайындық жұмыстары жүргізіліп, тұмаудың алдын алу үшін халықтың осал топтарына: жиі ауыратын балаларға, созылмалы ауруы бар адамдарға, жүкті әйелдерге және медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы екпе салынып, 100% қамтылды.
– Пандемия жағдайында орталық ауруханада құрал-жабдықтар мен дәрілік заттар қоры жеткілікті ме?
– Биыл жыл бойына ауруханаға 243 750 мың теңге көлемінде гуманитариялық көмек көрсетіліп, соның ішінде 28 дана ингаляцияға арналған оттегі концентраторы, «Biovent» және «AVX-009» жасанды өкпе желдеткіші, 4 дана емделуші мониторы, 1 дана жылжымалы рентген диагностикалық аппараты, төрт дана пульсокиметр, 10 дана нәрестелерге арналған пульсоксиметр, бір дана реанимобиль автокөлігі және басқа да қажетті құрал-жабдықтар алынды. 90 843 мың теңге өз қаражатымыздың есебінен де бірқатар құрал-жабдықтар мен дәрілік заттар сатып алынды. Жалпы ауруханада коронавирус індетіне шалдыққан 50 адамға шамамен екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар.
– Медициналық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы қаншалықты шешілген? Айлық жалақылары арттырылып отыра ма?
– Медицина қызметкерлерінің айлық жалақысы кезең-кезеңмен арттылып келеді. 2019 жылдан бері ол 30 % көтерілді.
Салада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар ретінде хирургия бөлімінің меңгерушісі және ішкі аудит бөлімінің басшысы Қалдыбай Байрамовтың, гинекологтар Қазыхан Есмамбетов пен Замира Ашилованың, аудандық бала дәрігері Қалбике Сәрсенованың, психиатр дәрігер Зоя Бердіхожаеваның, окулист Шолпан Тастанбекованың, невропатолог дәрігер Мейіз Дәуренбекованың және т.т. есімдерін атап өтуге болады.
Ауруханада 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде жүкті әйелдер мен жас балаларға арналған сервистік қызметтердің әмбебап озық моделі жұмыс жасайды. Бұл топта супервайзер Ақерке Сәрсенғалиқызы, медбикелер Ләззат Реймбайқызы мен Бану Орымбайқызы жұмыс істейді. Топ жүкті әйелдер және жаңа туылған сәбилермен 5 жасқа дейінгі балалардың жағдайын қадағалап, бақылауда ұстайды. Яғни, 9 рет балаға, екі рет жүкті әйелдерге барып, жағдайын біліп отырады. Балаларға барған кезде анасына қауіпті белгілерді түсіндіріп, баланың дұрыс емуін (тамақтануын), ананың балаға деген дұрыс қарым-қатынасын айтып түсіндіреді.
Ал жүкті әйелдерге келер болсақ, босанғанға дейінгі 12 айында психологиялық жағдайын бақылап, отбасындағы ата-енесімен, жұбайымен қарым-қатынасын реттеп, жағдайын бақылауда ұстайды. 32 аптаға толғанда босануға дайындайды. Қажетті мәліметтерді айтып, туу реті қалай, баланы емізу, баламен сөйлесу дағдысына дайындайды.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде жүкті әйелдер мен жас балаларға арналған сервистік қызметтердің әмбебап озық үлгісіндегі топ әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға да көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл топ үш отбасына көмек көрсетті. Алдағы уақытта бұл іс өз деңгейінде жұмыс атқарыла береді. Қызметкерлеріміз халыққа қызмет етуден жалықпайды.
Бұрын шалғай ауылдық елдімекен тұрғындары толық тексеруден өту үшін аудан орталығына келетін. Ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС арқылы облысқа 8 жылжымалы медициналық кешен алынып, соның бірі Жуалы ауданына да берілген болатын. Бүгінде халық бұл игіліктің пайдасын көруде.
Медициналық кешен халыққа медициналық қызметті барынша қолжетімді ету мақсатымен аудандағы барлық сегіз аймақтық дәрігерлік амбулаторияға арнайы кестемен шығып, тұрғындарды тұрақты қабылдау жүргізуде. Жылжымалы медициналық кешен азаматтардың денсаулығын тексеруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тұрғындарға балалар невропатологы, акушер-гинеколог, окулист, педиатр, рентгенолог және басқа да дәрігерлердің кеңестері беріліп, бейінді мамандардың көмектері көрсетілуде. Мамандар қабылдайтын кабинет, ренгтен және флюрография аппараттары, ультрадыбыстық зерттеу, гинекологиялық кабинет, талдамалар алатын орын бар.
Бүгінге дейін барлығы 1000-нан аса ауыл тұрғыны медициналық-консультациялық көмек алған.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудандық орталық аурухананың техника паркі тағы да бес санитариялық көлікпен толықты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы алынған «УАЗ» маркілі үш және «Lada Largus» маркілі екі санитариялық көлік пайдалануға берілді. Бұл көліктер аудан халқының, жедел медициналық жәрдем сапасын арттырады деп сенеміз.
– Пандемия кезінде «Saqbol» қосымшасы COVID-19 жұқтырғандардың санын азайтуға септігін тигізді деген болжам бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасын ұсынды.
Қосымша хабарлама функциясын іске қосу арқылы COVID-19 үшін оң нәтиже көрсеткен азаматқа соңғы 14 тәулік бойы екі метрден аз қашықтықта және 15 минуттан астам уақыт ішінде қосымшаның басқа пайдаланушыларымен байланысы туралы жасырын түрде ескертуге мүмкіндік береді.
Басқа құрылғылармен өзара іс-қимыл жазбаларын сақтау үлгісі шифрланған болады. «Saqbol» қосымшасын қолдануға, біріншіден смартфонға жүктеп, одан кейін шифрланған деректер берілетін Bluetooth функциясын қосу керек. Қосымша IOS және Android-та қолжетімді.
Қосымша азаматтарды жұқтыру қаупі бар туралы уақтылы хабардар етуге және инфекцияның таралуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Биыл өңірде медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң серпіні байқалуда. Ана мен бала өлімі, туберкулезден болатын өлім-жітім мен аурушаңдық, қатерлі ісіктерден және қан айналым жүйесі ауруларынан болатын аурушаңдық былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендеген. Ауданымызда Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторларына қол жеткізілді. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда туберкулезбен аурушаңдық едәуі төмендеді. Қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіші 2019 жылы 62-ден 2020 жылы 57-ге дейін төмендеді, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2019 жылы 31-ден 2020 жылы пайызға азайып отыр.
Бұдан бөлек, ауылдық жерлерге жас мамандар тарту көрсеткіші де жақсарып келеді. Тек соңғы үш жыл ішінде ауданымызға 39 жас маман келіп, оның алтауы ауылдық жерге, қалғандары аудандық аурухана мен емханаға орналастырылған. Мамандарды тұрақтандыру мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек қарастырылған.
Осы кезең аралығында денсаулық сақтау саласына келген мамандарға 100 АЕК көтерме жәрдемақы 21 адамға, 1500 ЕАК аспайтын сомада бюджеттік кредит 9 адамға төленді. 2020 жылы келген 15 жас маман 277 800 мың теңге көтермеақы алды. Алты маман тұрғын үй сатып алуға Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие алды.
Сөз соңында тағы қайталап айтарым, карантин талаптарын қатаң сақтап, өзіміздің және жақындарымыздың саулығына жауапкершілікпен қарайық. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетпердемізді тағып, қолымызды уақтылы жуып жүрейік. Сондықтан өз-өзімізге қарап, саламатты өмір салтын ұстанып, құнарлы тамақтанып жүрейік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»