Basty bet

«Сын түзелмей, мін түзелмейді»

ауыл әкімінің жұмысы сараланды

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылдың 13 наурызындағы №70 өкіміне сәйкес ауданның жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі негізінде бекітілген кестеге сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков Мыңбұлақ ауылдық округіне барды. Ондағы басты мақсат – округтегі әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесу. Аудан басшысының жұмыс сапары округ орталығы Көлбастау ауылындағы Құлый баба мешітінен басталды. 2015 жылы ауыл тұрғындарының және демеушілердің күшімен бой көтерген Алла үйі 190 адамға арналған. Мешіттің күнделікті жұмысынан имам Бақытжан Бұралқиев
Аудан басшысының жұмыс сапары округ орталығы Көлбастау ауылындағы Құлый баба мешітінен басталды. 2015 жылы ауыл тұрғындарының және демеушілердің күшімен бой көтерген Алла үйі 190 адамға арналған. Мешіттің күнделікті жұмысынан имам Бақытжан Бұралқиев хабардар етті.
Өткен жылы Көлбастау ауылында «Әсем Достар» деп аталатын жеке балабақша ашылған болатын. Бүгінде бұл бөбекжайдағы «Шұғыла», «Балапан» топтарында барлығы 50 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отырған жайы бар. Мұнда бес қызметкер жұмыс істейді. Аудан әкімі Нарбай Ергебековке балабақшаның тыныс-тіршілігі туралы меңгеруші Майра Байдәулетова айтып берді. Сонымен бірге аудан әкімі Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің аппаратында да болып, қызметкерлермен әңгімелесті.
Аудан басшысы келесі кезекте округке қарасты Талапты ауылында болып, әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қанықты. Б.Момышұлы атындағы орта мектептің жұмысымен танысқан соң, мектеп іргесіндегі 50 орындық «Балауса» балабақшасында болды. Мұнда да екі топта барлығы 50 бала тәрбие мен білім алуда. Талапты ауылдық клубы, кітапхана, медициналық пункттің жұмысы да әкімнің назарынан тыс қалмады. Айта кету керек, жақында ғана ауылдағы Б.Момышұлы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ұзындығы бір шақырымға жуық көше жолына 15 миллион теңге жұмсалған.
Осы сапар барысында ауылдық мешіттің жағдайына жан ауыртып қайттық. Қаралмағандықтан мешіттің жағдайы сын көтермей отыр. Жаз бойы айналасының шөбі шабылмағаны көрініп-ақ тұр. Терезелерін өрмекшінің торы басқан Алла үйіне ауыл жамағаты келіп намаз оқиды дегенге көңіл сенбейді. Мешіттің осындай күйін көрген аудан әкімі Нарбай Ергебеков имамға ескерту жасап, тез арада мінәжат орнының айналасын ретке келтіруді тапсырды. «Дінің тұрсын дін аман» деген қағиданы алға ұстаған қоғам қайраткері, халық жазушысы, Талапты ауылының төл перзенті Шерхан Мұртаза көзі тірісінде ауылдық мешітке көп көңіл бөлді. Өзі ұйытқы болып осында кілем әкеліп сыйлағанын да көзіміз көрген. Ауылдағы Алла үйінің қазіргі сиқы кімді болсын терең ойландыруы керек. Сонда ауылдың бас көтерер ақсақалдары қайда қарап отыр деген де ой келеді. Басқа-басқа бұл кемшілік жақын арада өз орнына келеді деген сенімдеміз.
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың Мыңбұлақ ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары Көлбастау ауылындағы №13 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінде қорытындыланды. Онда тұрғындармен кездесу өткізіліп, бірқатар мәселелер талқыға салынды. Тұрғындар жиынында ауылдық округтің әкімі Ғабит Үмбеталиев алты айдың қорытындысына арналған есепті баяндама жасады.
-Ауылдық округ екі елдімекеннен құралады. 808 аулада барлығы 4536 тұрғын бар. Жеке қосалқы шаруашылықтың жалпы жер көлемі 277 гектарды құрап отыр. Оның ішінде 418 аула 43,5 гектарға көкөніс отырғызып, одан 928 тонна өнім алынған. 278 тонна өнім жеке тұтынуға, қалған 649 тоннасы аудан ішіндегі нарыққа өткізілді. Одан бөлек, Талапты ауылында жеке қосалқы шаруашылықтар арасында бос жер учаскелері бойынша 20 аулада аумағы екі гектар жер бар.
Ауыл тұрғындары тарапынан жер кезегіне 220 адам өтініш білдірген. Жеке қосалқы шаруашылықтағы мал санына келсек, мүйізді ірі қара саны 1711 бас, оның ішінде сауындысы 924 бас. Бір күндік сауылатын сүттің мөлшері 194 тоннаны құрайды. Оның 59 тоннасы жеке тұтынуға қолданылса, 135 тоннасы сатылымға шығарылып отыр. Ауылда құрылған «Мыңбұлақ-2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі негізінен сүт бағытында жұмыс атқарады. Ағымдағы жарты жылдың қорытындысы бойынша кооперативтің 40 мүшесі 270 тонна сүт өндіріп, аудан орталығындағы «Мешелова З.Е.» жеке сүт зауытына өткізген.
Ауыл әкімінің экономикалық талдау базасына округтегі 808 ауланың мәліметтері енгізілген. Аппарат қызметкерлері үйлерді аралап, сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, 55 аула бірыңғай бейімделген дақыл түрімен айналысуға қызығушылық танытып отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтар тарапынан құны 187 миллион теңгені құрайтын 25 жобаны іске асыруға ұсыныс түскен.
Көлбастау ауылын аралау барысында тұрғын Адақ Мұңзатовтың үйіргелік жеріндегі жылыжайды пайдалану мәселесімен таныстық. 15 соттық жылыжайдан 4,8 тонна өнім алынып, оның төрт тоннасы нарыққа өткізілді. Сонымен қатар осы ауылда 10 соттық жерге бүлдірген егіп пайда тауып отырған тағы бір тұрғын кәсібін кеңейтуге үш миллион теңге қажет екендігін жеткізді. Алдағы уақытта тұрғындармен бірлесіп осы және басқа да салалар бойынша жұмыс атқара беретін боламыз,- деді ауылдық округтің әкімі.
Аудан әкімі баяндаманы мұқият тыңдап болып, әңгімеге араласты. – Жақында ғана жұмыс сапарымен ауданға облыс әкімі Асқар Мырзахметов келіп кеткенін білесіздер. Асқар Исабекұлының тікелей бастамасымен облыс көлемінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынып отыр. Осы ретте сіздердің округте де бірқатар мәселелер бар. Ауылдағы мәселелердің шешілуіне әкім тікелей жауап беруі керек. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін ең алдымен тұрғындарға жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана қолға алған жұмысымыз алға жылжиды. Тұрғындар көп шоғырланған округтің орталығында ауыз су, бақша суы мәселелері бар. Ауыз судың мәселесін шешуге аудан бюджетінің де шамасы жетпейді. Ал, ауыл іргесінен бақша суын әкеліп беруге болмай ма? Ауыл әкімі осындай маңызды жұмыстардың басы-қасында жүруі керек. Қосалқы шаруашылықты барынша дамыту үшін тұрғындарға ең бірінші бақша суы қажет. Арық тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары ауыл әкімінің тікелей қадағалауында болуы керек.
Баяндамада бәрі жақсы. Алайда ауылда атқарылып жатқан нақты жұмыстар жоқ. Біз бұл жерге бір-бірімізді мақтау үшін жиналып отырған жоқпыз. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Туындап отырған мәселелердің шешілуіне барлығымыз жауаптымыз. Бір-бірімізді арқадан қағып, мақтағаннан ешуақытта өспейміз, көгермейміз. Сын айтылу керек. Одан дер кезінде оң қорытынды шығарылуы керек деп білемін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Жиын барысында ауыл тұрғындары да сөйлеп, ауылдық округтің әкімі Ғабит Үмбеталиевтың атына бірқатар сын-ескертпелер көтерді. Сонымен бірге мәселелерін де айтты. Олардың барлығына жиынға қатысып отырған аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары зерделей отырып, жауап берді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close