Basty bet
Ас атасы – нан!
боралдайлық кәсіпкер келіншек Гүлбада Ақайдарова нан пісіріп, нәпақа тауып отыр
Шағын бизнес кей елдерде ішкі жалпы өнімнің 50-60 процентіне дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де бұл саладағы озық тәжірибелерді үйрену артық болмайды. Жалпы Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы өзін өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні анық.
Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту және кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мәселелері Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларынан тыс қалған емес. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты 2024 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес.
Әрбір кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек» деп атап өтілген.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік ісі жыл санап қарқынды дамып келеді десек, оның ішінде, астың атасы саналатын нан өндірісін де атап өткен жөн. Бұрындары нан өндірушілер тек аудан орталығында ғана болса, қазір орталықтан шалғайда жатқан бірқатар ауылдарда шағын наубайханалар іске қосылып, өнімді жұмыс атқаруда.
Өткен жолы ауданға қарасты Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылына барған іссапар барысында осында екі-үш жылдан бері нан пісіріп, ауылды ас атасымен қамтып отырған наубайшы келіншектің бар екенін естіп, оны үйіне іздеп барып жұмысымен таныстық. 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасының кәсіпкерлік ісін дамытуға бағытталған бесінші бағытымен 4 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген (2,5 пайызбен) несие қаражатын алған Гүлбада Ақайдарова үйінің бір бөлмесін жабдықтап, сұранысқа сәйкес, күніне 60-70 бөлке нан пісіреді. Оның қолынан шыққан нан өнімдері ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Кәсіпкер келіншектің өнімдері ауылдың азық-түлік дүкендерінде қолжетімді.
Аудан орталығы болса бір жөн. Мұнда тұтынушының қарасы мол. Ал алыс ауылда кәсіпкерлікпен айналысу ісін бір жағынан ерлік дерсің… Олай болатыны, нан пісіруге қажетті шикізаттың барлығын күнделікті аудан, облыс орталығынан тасымалдап әкелуің қажет. Міне, осындай басқа да қиындықтарға қарамастан еңбек етіп, нәпақа табуға бел буған іскер келіншек Гүлбада Ақайдарова «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағытымен алынған несие қаражатына нан өнімдерін шығаруға арналған үлкен пеш, екі дана қамыр араластырғыш құрылғы, 130 дана қалып, шикізат және дайын өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш, мұздатқыш, жұмысқа қажетті тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алғанын айтады. Айта кету керек, қомақты қаражатқа алынған арнайы пештің көмегімен бір мезгілде 72 дана бөлке нан пісіруге мүмкіндік бар. Басқа да құрылғылар жұмысты жеңілдетуге сеп болуда. Нан пісіруге қажетті бірінші сұрыпты ұн аудан орталығынан жеткізілсе, ашытқы және маргарин, сұйық май, т.б. шикізаттар Тараз қаласынан әкелінеді.
– Өзім Жамбыл облысымен көршілес орналасқан Түркістан облысының Бәйдібек ауданында туып-өскенмін. Көлтоған ауылына келін болып түскеніме биыл 32 жыл болды. Отағасы екеуміз де көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Отбасында балаларды тәрбиелеп өсіріп, жақында үйге келін түсіріп, қуанып жатырмыз.
Ал айналысатын негізгі кәсібім туралы айтатын болсам, мен бұл істі былтыр бастадым. Мұның алдында үйде ауылдастардан шағын тапсырыс алып, торт, тәтті нан, т.б. пісіретінмін. Арасында ауыл әкімшілігінде ақылы қоғамдық жұмыста да істедім. Былтыр ауылдық округтің әкімшілігінен «Ауыл аманаты» бағдарламасымен шағын кәсіпкерлікті дамытуға пайыздық мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несие беріледі дегенді естіп, бағдарламаға қатысуға ұсыныс беріп, нәтижесінде, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 4 миллион теңге несие қаражатына қол жеткіздім. Оған жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, үйде нан өнімдерін пісіріп, оны дүкендерге тұрақты өткізу үстіндемін. Жалпы табыс жаман емес. Ауыл тұрғындарынан сұраныс көп. Алдағы уақытта шағын кәсіпті кеңейтіп, үйдің ауласынан нан пісіретін үлкен пешті орналастыратын арнайы орын дайындап, шағын наубайхана ашсам деген ойым бар. Қазір қолайсыздау болса да үйдің бір бөлмесінде жұмыс жасап жатырмын,- дейді кәсіпкер келіншек Гүлбада Борашқызы.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаның төрт бағытының аясында жұмыс істеп, жаңадан кәсіп ашуға ниетті ауыл азаматтары жылдық пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын қомақты несие қаражатына нақты қол жеткізгенін айту қажет. Осының нәтижесінде, қазір ауданға қарасты бірқатар ауылдың азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл да жалғасу үстінде. Былтыр бұл бағытта ауданда 575,5 млн теңгеге 79 жоба жоспарланып, 50-ге жуық азамат «Тараз» ӘКК»-ден қомақты несие қаражатына қол жеткізіп, сол арқылы кәсіп ашып, жұмыс атқаруда.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін шағын несие қаражаты азаматтарға шағын кәсіпкерлік ісін дамытуға үлкен сеп болып отырғанын баса айтқан жөн. Бұл өз кезегінде отандық өнім көлемін ұлғайтудың кепілі. Ал отандық өнімді қолдау – ортақ парыз…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»