Basty bet
«Отан үшін отқа түскін, күймейсің!»
әскерге шақыру комиссияларының қызметін талдау және бағалау жөніндегі жиын өтті
Әскери қызмет – абыройлы міндет. Қасиетті Отанды қорғау одан да биік мәртебе. Кәмелет жасына толған соң кез келген ер азамат әскер қатарында аттанып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге міндетті. Сол үшін әскер қатарына аттанатын азаматтармен жүйелі жұмыс жасау – маңызды мәселенің біріне жатады.
Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында әскерге шақыру комиссияларының қызметін талдау және бағалау жөнінде жиын ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтің әкімдері мен әскери-есеп үстелінің мамандары, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жауапты мамандары және БАҚ өкілдері шақырылды. Жиынның жұмысына Жамбыл облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерлан Байболат, т.б. облыс орталығынан келген жауапты мамандар қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының қорытындылары мен күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы туралы мәселе қаралды.
Алғашқы сөз баяндама жасау үшін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берілді.
– Құрметті Ерлан Бейсенұлы және жиынға қатысушылар!
2025 жылғы көктемгі шақыру науқанына сәйкес, Жуалы ауданы бойынша 18-27 жас аралығында барлығы – 2 368 азамат әскери есепке тіркелген, оның ішінде – 250-і шақырылуға жатады.
Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі Департаментінен ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға берілген жасақ – 117 азамат берілген. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 13 ақпандағы №782 Жарлығы («Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерін запасқа шығару және Қазақстан Республикасы азаматтарын 2025 жылғы наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы») және Жуалы ауданы әкімінің 2025 жылғы 26 ақпанындағы №44 қаулысы «2025 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу туралы» негізінде бүгінгі таңда барлығы – 108 шақырылушы жолданды (93%. -9) жасаққа кем орындалды.
Оның ішінде, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатарына – 17 шақырылушы, ҚР Қарулы Күштер қатарына – 50 адам, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 1 адам, ҚР Ұлттық Ұлан қатарына – 40 адам жолданды.
Ағымдағы жылдың наурыз-маусым айлары аралығында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен 4 рет көктемгі әскер қатарына шақыру жұмыстарының орындалуына байланысты жиын өткізіліп, ауылдық округ әкімдері мен әскери есеп үстелі мамандарына әдістемелік көмек көрсетілді.
Көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы туралы 27 мамыр №21-ҚХ нөмірімен жасақты орындай алмаған ауылдық округ әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы қызметтік хат аудан әкімінің атына енгізілді. 2025 жылдың 25 маусым күні аудан әкімінің төрағалығымен өткен аудандық аппараттық кеңесте қаралды.
Ағымдағы жылдың 26 тамыз күні аудан әкімінің төрағалығымен өтетін аппараттық кеңестің күн тәртібінде «Көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының қорытындылары мен күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы туралы» енгізіліп отыр.
Ендігі кезекте жасақтың орындалмау себептеріне тоқталсақ, жыл санап жасақ санының күрт өсуі байқалып отыр. Мәселен, 2023 жылғы көктемгі берілген жасақ – 88, орындалғаны – 90 немесе 102 %. Есепте тұрған бала саны – 2 507. 2023 жылғы күзгі берілген жасақ – 83, орындалғаны – 81 немесе 97 %. Есепте тұрған бала саны – 2 443. 2024 жылғы көктемгі берілген жасақ – 79, орындалғаны – 80 немесе 101 %. Есепте тұрған бала саны – 2 485. 2024 жылғы күзгі берілген жасақ – 86, орындалғаны – 87 немесе 101 %. Есепте тұрған бала саны – 2 415. 2025 жылғы көктемгі берілген жасақ – 117. Орындалуы – 108 немесе 92.31 %. Есепте тұрған бала саны – 2 368.
Осы орайда, 2023-2024 жылдары жоспардың межесі 90 баладан аспағанын және есепте тұрған бала саны 2023 жылға қарағанда 2025 жылы 151 балаға кеміген алайда жасақ 87-ден 117-ге көбейген (+31 балаға). Сонымен қатар, Жуалы Тараз қаласына жақын орналасқан аудан болғандықтан, өңір жастары қаланың атынан әскер қатарына жөнелтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, балалалар ауданда тіркелгенімен, өзге облыстарда әртүрлі жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері бөлімінің шақыру бөлімшесін 3 штаттан 2 штатқа қысқартқан. Оның бірі бос лауазымда. Бұл өз кезегінде жұмыстың өз деңгейінде дұрыс жүргізілмеуіне себеп болып отырғанын баса айтқым келеді,- деп атап өтті Анар Садыққызы.
Баяндамадан кейін сөз алған облыс әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерлан Байболат жасақты орындау міндетті меже екенін айтып, жалпы Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда әскерге шақыру науқанының барысында денсаулығы жарамды азаматтарды әскер қатарына жіберу, Отан күзетін нығайту жұмыстарына баса мән берілетініне назар аударды.
– Азаматтарды әскерге жіберу оңай жұмыс емес. Дегенмен, біз Президент пен облыс басшысының тапсырмасын сапалы орындап, жасақты барынша қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бұл ретте бірлескен жүйелі жұмыстың қажет екенін ерекше атап өткім келеді. Салада қалыптасқан проблемаларды бірлесіп шешудің жолын қарастыру қажет. Жасақтың көптігін айтып отырсыздар. Жасақ ешқашан азаймайды. Бұл мәселе облыс әкімдігінде де қаралды. Бұл бағытта ведомствоаралық комиссия бекер құрылып отырған жоқ. Әскерге міндетті әрбір баламен жеке-жеке сөйлесу қажет,- деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, жиынның күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхамед-Әли Бекбауов баяндаса, сонымен қатар, бірқатар ауылдық округтің әкімдері өтініш-тілегін жеткізіп, тақырыпқа байланысты кеңінен пікір алмасты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»