Basty bet

Қоғам дамуында қолтаңбасы бар

ардагер ұстаз, ардақты ана, мейірімді әже Пернекүл Алмағамбетова жайында бірер сөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп қоғам дамуының бастауында тұрған адал азаматтар туралы ерекше атап өткенін жақсы білеміз. Президент ерекше атап өткен адал азаматтардың қатарында Әйел-Аналардың қоғам мен ел дамуындағы қолтаңбасы айрықша.
Шынында, қазақ әйелінің бойындағы ерекше қадір-қасиеттер мен дүниеге ұрпақ әкеліп тәрбиелеуге атсалысып, жалпы олардың қоғам дамуы мен жарқын болашаққа қосып келе жатқан қомақты үлестерін бір сөзбен айтып немесе бір мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес шығар?!…
Отбасы мен қоғамда ерлермен бірдей, бір сапта еңбек етіп, қала берді, отбасында ұлағатты ұрпақтарды дүниеге әкеліп, оларды адал еңбекпен қатарға қосқан қайратты Әйел-Аналар қасиетті Жуалы ауданында да көптеп кездеседі. Сондай қарапайым да ұлағатты ананың бірі, ардагер ұстаз Пернекүл Алмағамбетова ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында тұрады. Пернекүл Әбдіханқызы 1955 жылы ауданға қарасты Талапты ауылында шаруа отбасында туған. Отбасындағы төрт қыздың екінші перзенті.
Ауыл мектебін ойдағыдай бітірген талапты бойжеткен орта білімді жетілдіріп, мұғалім мамандығын игеруді басты мақсат тұтып, бұрынғы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Оны 1974 жылы ойдағыдай бітірген жас маман 1979 жылға дейін Талапты ауылының мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс атқарады. Ұстаздық қызметтегі алғашқы еңбек жолын туған ауылында бастаған Пернекүл Әбдіханқызы өз сөзінде, 1979 жылы Қайрат ауылының азаматы Дүйсенбек Тоқтыбаевпен шаңырақ көтеріп, осындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырғанын айтады.
– Мен Қайрат ауылына келін болып түскен 1979 жылдан бастап 2015 жылға дейін мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс істедім. Ұстаздық қызметті атқара жүріп, әулетте ата-енеге, отағасына қызмет жасап, екеуміз төрт ұл-қыз тәрбиелеп, қазіргі таңда оларды құтты орнына қондырып, барлығын азамат қатарына қостық. Еңбек ету арқылы жетіліп, жасымыз жетпіске жақындады. Оған шүкірлік етемін.
Үйдің үлкен қызы Гүлнұр Тоқтыбаева жоғары оқу орнын бітіріп, ұзақ жылдан бері елордасы Астана қаласында бірнеше министрлікте үлгілі қызмет атқарса, екіншісі Толқын Тоқтыбаева мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітіріп, қазір қазақстандық құрылыс компанияларының бірінде бас есепші болып еңбек етеді. Ұлдың үлкені Нұрбол Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін үздік бітіріп, кейіннен Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында білімін одан әрі жетілдірді. Қазір Жамбыл облысының әкімшілігінде инфрақұрылым саласында қызмет атқарады. Ал кенже ұл Ернар Тоқтыбаев Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Қазақстан Республикасының білім министрлігінде бас маман болып еңбек ету үстінде,- дейді ұлағатты ұстаз Пернекүл Әбдіханқызы.
«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп хакім Абай Құнанбаев өсиет еткендей, 40 жылға жуық уақыт ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, ұлағатты шәкірттерді оқытып, оларға өнегелі тәлім-тәрбие берген жанға сый-құрмет жасасақ керек-ті. Пернекүл Алмағамбетовамен әңгімелесу барысында ол Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде ұстаздық еңбек еткен жылдарын (бұрынғы «Октябрьдің – 40 жылдығы атындағы» ОМ) аса бір сағынышпен еске алды. Кеңестік кезең тұсында Жуалы ауданындағы алдыңғы қатарлы осынау қазақ мектебінде талай шәкірт білім алып, ел дамуына орасан еңбек сіңіргені анық. Бұл білім ошағы қазір де дарынды да талантты шәкірттерімен мақтанады. Міне, мұның барлығы осында еңбек еткен Пернекүл Әбдіханқызы сынды білімді де, білікті ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.
Әлбетте, тарихы терең, ертеңі жарқын мұндай білім ошағы туралы сөз қозғағанда, №2 Мыңбұлақ орта мектебін ұзақ жыл басқарған ұлағатты ұстаздардан – Манап Әлімбеков, Аралбай Борашев сияқты білім беру саласының майталман мамандарының еңбегін ерекше атап өткен орынды болмақ. Пернекүл апай мектепте еңбек еткен жылдары әріптестері әрі ауылдастары – Әсия Шымкентбаева, Күләш Ақашева, Шәкіркүл Тілешова, Бейсенкүл Мамырова және Халима Бекботаева сынды ардагер ұстаздармен бірге қызмет атқарғанын мақтан тұтады.
Балалары мен немерелерінің болашағына тілекші болып отырған ардагер ұстаз Пернекүл Әбдіханқызы ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үшін түрлі Мақтау грамоталары және Алғысхаттармен марапатталған. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Отағасы Дүйсенбек Тоқтыбаев екеуі отбасында ұлағатты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары білімді мамандар. Марқұм жолдасының мамандығы инженер-механик болатын. Бұрынғы Ленин колхозында бас инженер, т.б. түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Дүйсенбек Тоқтыбаев кейіннен Ақсай ауылдық округінің әкімшілігінде бас маман-әскери есеп үстелінің инспекторы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тағдырдың жазуы сол шығар, 2023 жылы өмірден озды. «Орнында бар оңалар» деген. Ұл-қыздары Қайрат ауылындағы туған үйдің түтінін өшірмей, қара шаңырақты қадірлеп, Аналарына қамқорлық жасап, көңілін аулауды да ұмытқан емес.
«Ұлағатты ұстаз» деген өнегелі атқа ұзақ жылғы адал еңбегімен жеткен білім беру саласының ардагері Пернекүл апай отағасы екеуі ұл-қыздарынан 14 немере сүйген үлгілі ата-әже. Ұстаз өмірі мен еңбек жолының өнегеге толы екенін өмірінің сәулелі сәттерінен аңғаруға болатындай…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close