Basty bet
Өмірі мен еңбек жолы өнегеге толы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп қоғам дамуының бастауында тұрған адал азаматтар туралы ерекше атап өткенін жақсы білеміз. «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында.
Қоғам дамуына ауыл шаруашылығы саласы арқылы үлес қосып, ұзақ жыл табанды еңбек еткен аудан азаматтарының қатарында ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет салаларының ардагері, майталман маман Сапарбек Сыдықов та бар. Ол 40 жылға жуық өмірін еңбекке арнап, бүгінде отбасының ортасында ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отыр.
Алдыңғы толқын азаматтың өмір жолына тоқталсақ, Сапарбек Сыдықов 1955 жылы ауданға қарасты Қайрат ауылында қолхозшының отбасында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1972 жылы Алматы темір жолының «ПМС №57» мекемесінде жол құрастырушы мамандығынан бастаған ол еңбектен қол үзбей жүріп Алматы малдәрігерлік институтын зооинженер мамандығымен үздік белгімен бітірген. Адамның өмір жолы сан тарау емес пе?! Оның үстіне Кеңес дәуірі тұсында тәжірибе жинақтау үшін жаңадан оқу бітірген жас мамандарды елдің алыс өңірлеріне комсомолдық жолдамамен жіберу үрдісі болғаны белгілі. Сапарбек те алғашқыда жұмысын туған ауылынан алыс өңірде бастаған еңбек майталманы.
– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Қазақстанның солтүстік өңірлерінің бірі бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарып, біршама тәжірибе жинадым. Содан жоғарыдағы басшылардың көзіне түскен болуым керек, кейіннен Зеренді аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы етіп тағайындалып, одан соң ұйымдастыру-кадрлық бөлімінің басшысы болып қызмет атқарғанымды ризашылықпен еске аламын. Бұл маған үлкен тәжірибе және өмір мектебі болды. Оның үстіне, ол өңір өзің танымайтын жат жер болғандықтан, барынша намысқа тарысып қызмет атқардым деп ойлаймын.
1981 жылы отбасы жағдайына байланысты Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Пригродное совхозына аға зоотехник болып қызмет ауыстырып, 1983 жылы Қазақ қаракөл ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, кейіннен туған ауданға оралып, «Путь коммунизм» қолхозының зоотехнигі қызметін атқарғаным бар. Партия органдарында, атап айтқанда, 1985 жылы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-кадрлық бөлімінің нұсқаушысы, бір жыл өткеннен кейін осы бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқардым.
Коммунистік партия тарағаннан кейін аудандық халық депутаттары Кеңесі аппаратының жетекшісі, одан аудандық әкімшілік басқару жүйесі құрылған кезден әкімшілік басшысының аппаратын басқарып, ауданда жаңадан мемлекеттік органдардың жүйесін қалыптастыруға үлес қостым,- дейді еңбек ардагері Сапарбек Сыдықов.
1989-1994 жылдар аралығында аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болған тұста халық қалаулысы өңірдегі бірқатар проблемалардың шешіліп, халық тұрмысының артуына да үлес қосты. 1993 жылдан бастап ауданда шаруашылық қызметте болып, алғашқыда «Мыңбұлақ» агробірлестігінде, «Ақбұлақ» кооперативінде, кейіннен аталған бірлестіктің бас зоотегнигі, ал бірлестік тарағаннан кейін Қайрат ауылында кооперативтің басшысы, «Садыбай батыр» ЖШС-ында ееселі еңбек еткені өз алдына бір төбе.
Еңбек жолын Қазақстанның солтүстігінде бастап, қызмет жолымен сатылап көтерілген Сапарбек Сыдықов 2002 жылдан бастап Жамбыл облыстық аумақтық орман және биоресурстар мен облыс әкімінің ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі басқармаларының және Жамбыл облысы әкімиятының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы, ал 2007 жылдан зейнетке шыққанға дейін аталған бөлімнің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
Тәжірибелі маман зейнет демалысына шыққанан кейінгі жылдары аудандық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің диспетчері, аға орманшының көмекшісі, республикалық балық шаруашылығы ассоциясының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің басшысы болып жұмыс істеді. Барын салып, ынта-жігермен және жанашырлықпен атқарылған жұмыс қана өз жемісін бермек. Білікті маман С.Сыдықов аталған басқарма және мекемелерде қызмет атқарған жылдары облыс аумағында жабайы тұяқты аңдардың саны тұрақталды және кейбіреуінің өсімі молайды. Мысалы, Жуалы ауданында «Қызыл кітапқа» енгізілген Қаратау арқарының саны 11,6 пайызға, қарақұйрық пен үнді жайрасы 1,8 есеге молайды.
Сонымен қатар, ол басқарған бөлімнің тиісті деңгейде атқарылған жұмыстарының нәтижесінде облысқа қарасты Т.Рысқұлов, Байзақ, Меркі, Жуалы, Талас, Қордай және Шу аудандарының аумағында 298 400 гектар аумақта «Үмбет», 68 910 гектар аумақта «Меркі», 148 300 га аумақта «Жуалы-Қарашат», 385 000 га аумақта «Қордай-Жайсан» жергілікті маңызы бар мемлекеттік ерекше табиғи қаумалдары құрылып, қазір де тиімді жұмыс атқаруда.
Осы құрылған ерекше қорғалатын аумақтарды қорғау үшін 100-ден аса адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде, 20-дан астамы Жуалы ауданы аумағындағы «Жуалы-Қарашат» табиғи қаумалын қоруда. Көптеген мекемеде жұмыс атқарып, тәжірибесі әбден толысқан Сапарбек Сыдықов кейінгі жылдары облыстағы балық шаруашылығы саласының дамуына да үлес қосты. Нәтижесінде, балық шаруашылығы бойынша егер, 2006 жылы жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарынан 155 тоннаға дейін балық және басқа су жануарлары ауланса, оның қазіргі көлемі 379 тоннаны құрайды. Осы кезеңде жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін бюджетке төленетін төлемнің көлемі 1,5 миллион теңгеден 24 миллион теңгеге артты.
Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында, биологиялық әртүрлілікті сақтау мен көбейтуді қамтамасыз етуде елеулі табыстарға қол жеткізгені сондай-ақ, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту, пайдалану саласында белсенді ынтымақтастық жасағаны және ғылыми талдамаларды өндіріске енгізген еңбегі облыс басшылығының тарапынан ескерусіз қалған жоқ. С.Сыдықов әр жылдары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-25 жыл!» мерекелік медалімен, екі мәрте Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғысхатымен екі рет, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы саласында мінсіз қызметі үшін», Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ-ның «Құрметті ардагер», Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері атанған нағыз еңбек майталманы. Қазір де үйде қол қусырып қарап отырмай Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» ҚБ-ның және Жамбыл облыстық «Жамбыл Табиғат» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде жас мамандарға дұрыс жол көрсетіп келеді.
Иә, осыншама қызмет жолынан сүрінбей өтіп, бірнеше мекемеде абыройлы жұмыс атқарған Сапарбек Сыдықов отбасында жұбайы Ғалия Ауғанбаева екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Жұбайы Ғалия Оралбекқызы 22 жылдай аудандық әділет басқармасының АХАЖ бөлімінде бас маман болып қызмет атқарған. 2012-2015 жылдары аралығында Қайрат ауылындағы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің меңгерушісі болғанын да ерекше атап өткен жөн.
Бұл отбасындағы үлкен ұл Нұрхад Сыдықов Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң және құжаттармен қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарса, екінші ұл Нұртас Сыдықов Алматы қаласының заңгерлер кеңесі орталығының заңгері, ал Гүлхан Сапарбекқызы «Bolashak technical solutions» жобасының жетекші әкімшісі болып жұмыс атқаруда.
Өмір жолдары өнегеге толы еңбекқор әрі үлгілі жандар С.Сыдықов пен Қ.Ауғанбаева ұл-қызынан 8 немере сүйген ұлағатты ата-әже.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»