Basty bet

Депутаттық сауалға назар аудармау – халықтың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіреді

Апта басында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті, елу бірінші сессиясы ұйымдастырылды. Кезекті сессияның қарауына келесідегідей мәселелер енгізілді. Атап айтқанда, бірінші мәселе – Жуалы аудандық мәслихатының 2024 жылы 30 желтоқсандағы «2025-2027 жылдарға арналған Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылы және ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» №36-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы, екінші – жергілікті атқарушы органның жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылары туралы есебі, үшінші – Ақтөбе, Билікөл және Боралдай ауылдық округі әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебі.
Жиынның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылған.
Аудандық мәслихаттың кезекті, елу бірінші сессиясын аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты депутаттар дауыс беріп, аудандық мәслихаттың шешіміне өзгеріс енгізілді. Сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының у.м.а. Нұрғайша Қоскелбаева баяндама жасады.
– 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту бойынша 2023 жылы аудан әкімдігінің бірлескен қаулысымен және 2023 жылғы аудандық мәслихаттың бірлескен шешімімен Ақтөбе, Боралдай, Күреңбел, Қызыларық және Шақпақ ауылдық округтеріне жайылым жер телімі қосылып берілді. Бүгінгі күнге ауданда барлығы – 455 725 мал басы тіркелген.
Сонымен қатар 2025 жылғы жоспар бойынша елді мекенге 1 000 гектар жайылым жер қосу жоспарланған. Елдімекен тұрғындарының мал жайылымына мұқтаждығын шешу мақсатында ауданның босалқы жер қорындағы жалпы көлемі – 11 161 гектар болатын жайылым жер телімін Б.Момышұлы ауылы және Ақсай, Билікөл Жетітөбе, Көкбастау, Қарасаз, Қошқарата, Мыңбұлақ және Нұрлыкент ауылдық округтеріне жерге орналастыру жобасы дайындалды. Бүгінгі күнге Ақсай ауылдық округіне заң талаптарына сәйкес, елдімекенге 864,0 гектар қосылатын жер телімін заңдастыру үшін толық құжаттары мәслихатқа бекітуге ұсынылды.
2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту бойынша ауылдық округтердің жайылым жоспарына қатысты карта дайындалып, аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 18 тамыздағы №48-9 шешімімен бекітілді,- деді баяндамашы.
Жиынның күн тәртібіндегі үшінші мәселеге байланысты ауылдық округтердің ішінен Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ғалым Жақыпбеков, әкімнің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерді орындауымен бірге, ауылдық округте атқарылған жұмыстардың барысын да баян етті.
Сессияның барысында аудандық мәслихаттың депутаты Нүрила Мәлібекова сөз алып, ол аудандық мәслихат депутаттарының тарапынан аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне, Ақтөбе, Билікөл және Боралдай ауылдық округінің әкімі аппараттарына жүргізілген зерделеудің қорытындысын баяндады.
– Аудандық мәслихаттың 2025 жылға арналған перспективалық жұмыс жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органның жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылары туралы мәселеге байланысты аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне, сонымен қатар, Ақтөбе, Билікөл және Боралдай ауылдық округі әкімдерінің аппараттарына мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері тарапынан кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу қорытындысына қысқаша тоқталсам, жайылым жерлер бойынша – Нұрлыкент, Көкбастау, Қарасаз, Қошқарата, Мыңбұлақ және Қызыларық ауылдық округтерінде жайылым жерлердің тапшылығы бола тұра, аудандық жер қатынастары бөлімінің тарапынан 2025 жылы 150 гектар жайылым жер конкурсқа шығарылған. Мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын тұрғындар үшін жайылымдық жер – күнделікті тіршіліктің маңызды бөлігі. Мұндай тапшылық жағдайында қолда бар жайылымдық жерлердің конкурс арқылы берілуі, мақсатсыз және жайылым тапшылығы байқалатын ауылдық округтерде конкурс өткізбегенін дұрыс деп санаймыз.
Ал Ақтөбе ауылдық округінде мал өлекселерін тастайтын орынның болмауы эпизоотиялық аурулардың таралуына, қоршаған ортаның ластануына және адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Алайда, ауыл тұрғындарымен тұрақты байланыс орнаған. Дегенмен, мал өлекселерін қауіпсіз жою үшін арнайы орын ұйымдастыру немесе қолданыстағы санитарлық ережелерге сәйкес биотермиялық шұңқыр салуды қамтамасыз етудің қажеттігі туындауда.
Одан бөлек, ауылдық округте балалардың бос уақытын тиімді және қауіпсіз өткізуіне қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігін айтқым келеді. Атап айтқанда, ауыл аумағында бірде-бір арнайы жабдықталған балалар ойын алаңшасы жоқ. Бұл жағдай ауыл балаларының дене тәрбиесімен айналысуына, әлеуметтік қарым-қатынас орнатуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне кері әсерін тигізуде. Бұл мәселені шешу – ауылдық округтің әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан шұғыл назар аударуды талап етеді.
Билікөл ауылдық округіндегі жағдайға келсек, 2024 жылы және 2025 жылдың 8 айында осындағы Қарабастау, Жылыбұлақ, Әбдіқадыр және Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ құбыры тартылды. Алайда көгілдір отын тұрғын үйлерге толық қосылған жоқ. Бұл мәселе облыстық құрылымдардың құзырындағы мәселе болғандықтан, тұрғын үйлерді газға қосу процесі айтарлықтай баяу жүруде. Нәтижесінде, жоспарланған 260 үйдің небәрі 110-ы ғана газбен қамтылып, бұл 42,3%-дық орындалу көрсеткішін көрсетіп отыр. Мәселенің шешілуі облыстық деңгейдегі тиісті органдар тарапынан нақты іс-қимылды талап етеді.
Ал Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы ауылішілік көшелерде қоқыс тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмей, тұрмыстық қалдықтардың дер кезінде жиналмауы тұрғындардың өмір сүру сапасына керу әсерін тигізіп, санитарлық-экологиялық жағдайдың нашарлауына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, Көлтоған ауылында салынуы тиіс спорт-сауықтыру кешені ғимаратының құрылысы шілде айының басында тоқтап қалған. Құрылыс жұмыстарының баяу жүруі аталған нысанның уақтылы пайдалануға берілмеуіне және тұрғындардың спортпен шұғылдануына қажетті жағдайдың жасалмауына алып келетіні даусыз.
Сөз соңында қосымша атап өтсем, депутаттық сауалға мекеме басшылары тарапынан кей жағдайларда аралық жауаптар беріліп, кейіннен нақты жауап жолданбайды. Мемлекеттік мекемелердің депутаттық сауалға тиісті деңгейде назар аудармауы – мәслихаттың қызметіне ғана емес, ең алдымен, халықтың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіретіні анық. Алдағы уақытта осындай маңызды мәселелер назарға алынса деген ұсынысым бар,- деді Нүрила Эдиханқызы.
Сессияның күн тәртібінде қаралған кейбір мәселелерге байланысты аудандық мәслихаттың депутаттары Эльмира Абишева, Нүрила Мәлібекова, т.б. сұрақтар қойып, ой-пікір білдірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close