Basty bet

Ұстаз – рухани сәулеткер, мектептің тірегі!

Берекелі алтын күздегі қазан айының алғашқы күндерінде атап өтілетін – Ұстаздар күні мерекесі қоғам үшін ерекше мейрам. Бұл күн – қоғамның шамшырағы болып, бар ғұмырын жас ұрпақтың болашағына арнайтын ардақты ұстаздарға деген құрмет пен алғыс күні. Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол елдің ертеңін тәрбиелейтін ұлы тұлға. «Мұғалім – мектептегі басты тұлға. Ұрпақтың болашағы мен халқымыздың келешегі осы ұстаздардың қолында» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол ел тағдырын қалыптастырушы рухани тірек.
Ұстаз – болашаққа жол сілтейтін шамшырақ. Мұғалім әрбір шәкірттің жүрегіне сәуле шашып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, адамдық пен адалдықты ұқтырып, үлкен өмірге жол салады. Ұстаз еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ ел тағдырын шешетін ұлы миссия. Осы орайда, мектеп қабырғасында оқитын ұрпақтарға тәлім берген аяулы ұстаздардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Ұстаздық жол – ол тек мамандық емес, миссия, өмірлік таңдау. Бұл жолда тек шыдам мен сабыр, жүрек пен парасат қана жеңіске жетеді. Педагог мәртебесін көтеру жолында осындай жанкешті еңбек етіп келе жатқан ұстаздарды білім саласының шын батырлары десек, артық айтқандық емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы биылғы дәстүрлі Тамыз конференциясының пленарлық отырысында: «Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру. Сондықтан біз алдағы уақытта да мұғалім мәртебесін көтеру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз» деп ерекше атап өткені ұстаз еңбегіне деген үлкен қамқорлық пен құрметтің айғағы. Президент соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге артқанын және педагог мәртебесін көтеру үшін жаңа өзгерістер енгізілетінін ерекше атап айтты.
Ауданның білім беру саласындағы жоғары жетістіктері – қасиетті өңір ұстаздарының қажырлы еңбегінің, жас ұрпаққа деген мейірім мен жауапкершілігінің жемісі. Әрбір шәкірттің жүрегінде «Менің ұстазым!» деген ардақты атпен қалу – мұғалім үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның жарқын болашағы ұстаздардың табанды еңбегіне тікелей байланысты. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі». Көрнекті қазақ педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин дәл осылай мұғалімнің қоғамдағы рөлін жоғары бағалағанын жақсы білеміз.
Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, мектептің жүрегі. Балаларды білім нәрімен сусындатып, бойына жақсы қасиеттерді дарытып, рухани-адамгершілік тәрбиеге бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі ерекше зор маңызға ие.
Ұстаздар күні кәсіби мерекесіне орай қасиетті өңірдің мұғалімдерін Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздар күні – жүрекке жылу ұялатар, әрбір адамның балалық шағы мен арман жолын еске түсірер ерекше мейрам. Бұл – білім мен мейірім иелеріне деген бүкіл қоғамның алғысын білдіретін күн. Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас шабыт, шәкірт тәрбиелеудегі жемісті еңбек, әрбір отбасына амандық пен береке тілеймін.
Президент ерекше атап өткендей: «Білім мен ғылым – табысқа жетудің басты кілті». Ал сол кілтті шәкірт қолына ұстататын тұлға – әлбетте, ұстаздар қауымы. Ұстаздың парасатты болмысы, төзімі мен көрегенділігі – келешек дамыған Қазақстанның кепілі. Ұстаздар күні құтты болсын! Ұстаз – ұлттың ұлы шамшырағы. Білімнің бастауы, тәрбиенің таусылмас бұлағы. Сіздерге мың тағзым!

Бахыт ШЕРТАЕВА,
Жуалы ауданы білім
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close