Basty bet

Күн тәртібінде – МӘМС мәселесі:

бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру тапсырылды

Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылып, онда бірқатар маңызды мәселе қаралды.

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде бірінші мәселе – Мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша атқарылған жұмыстары туралы, екінші – аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарының барысы туралы мәселелер қаралып, бұл бойынша жауаптыларға нақты тапсырма жүктелді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесінің қазіргі таңда өте өзекті болып отырғанын ескерсек, бұл мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет. Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс» деп атап өтті Президент.
Апта басындағы Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов тиісті ведомствоның басшысы А.Әлназароваға МӘМС жүйесіндегі түйткілдерде реттеп, денсаулық сақтау мекемелерінде халықтың ем алуына қажетті жағдай жасаудың қажет екені туралы нақты тапсырма жүктеді.
Кезекті аппараттық кеңестің күн тәртібіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесінің қойылып отырғаны да сондықтан. Кеңестің бірінші мәселесі – мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков баяндады.
– Жуалы ауданының аумағында тұрғылықты тұратын тұрғындар саны статистика басқармасының ақпараты бойынша – 54 392 адамды құрайды. Аудандық орталық ауруханада тіркелген халықтың тізілімі (РПН) бойынша 44 000 тұрғын тіркелген. Оның ішінде, МӘМС жүйесінде 8 145 адам медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған. Ол 18,5 % сақтандырылған тұрғындар 81,5 % болып отыр.
Аудандық орталық аурухананың қызметкерлері тарапынан медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған 8 145 тұрғынның барлығымен түсіндірме жұмыстары бірнеше рет жүргізіліп, тұруға ықтиярхаты жоқ 31 шетел азаматы есептен шығарылды. 1 356 адам сақтандыру мәртебесін алса, бұл сақтандырылмаған тұрындардың ішінен 16,6% құрайды.
МӘМС жүйесінде былтыр 10 496 сақтандырылмаған тұрғын болса, бүгінгі күнге 8 145 тұрғынды құрап, 2 351 адамға азайып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ 8 145 тұрғынға талдау жасайтын болсақ, ең бірінші азаматтық-құқықтық шарт немесе келісім негізінде табыс табатын тұрғындар саны – 454; Жұмыс орындары бар, жұмыс жасайтын тұрғын саны -2 270; Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалар саны -581; Өздігінен төлеуші жұмыс істемейтін және жеңілдікті санатқа жатпайтын тұрғын саны -193; Соңғы 12 айда ешқандай төлем жасамаған тұрғын саны – 4 647 адамды құрайды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ұсынылған В санатындағы 3 134 тұрғын үй аралау жұмыстарын жүргізу барысында анықталды. Ал 345 тұрғын басқа қалаларға қоныс аударған; 3 адам қайтыс болған; 1 адам шетелге қоныс аударған; 190 адам сақтандыру мәртебесін алды. Қалған 2 595 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«А жақсы » 743 азамат, «В қанағаттанарлық» 3 134 азамат, «С төмен» 2 486 азамат, «Д дағдарыс» 1 517 азамат, «Е мүшкіл деңгейде» 466 тұрғын медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ұсынылған 8 145 медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған тұрғынның ішінен 411 адам басқа облыстардың медициналық ұйымдарына тіркелген. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі бойынша динамикада 5 233 адам өзектендірілді, ол 65,19% құрайды.
Бүгінгі күнге медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған тұрғындардың үлесін 6,2% көтеріп отырған аудандық мемлекеттік мекемелердің дұрыс және уақытында қызметкерлеріне төлем жасамауы басты себеп болып отыр,- деді баяндамашы.
Аталған мәселеге байланысты баяндаған аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.а. Гүлшат Наурызова өз сөзінде, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру жұмыстарына сәйкес, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінен алынған мәлімет бойынша ауданда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған азаматтардың саны соңғы үш айлық көрсеткішімен шілде-қыркүйек айларында 319 адамға көбейіп, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіне сақтандырылмаған азаматтардың саны – 8 772 адамды құрап отырғанын жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза күн тәртібінде қаралған мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша жұмыстардың өз деңгейінде атқарылмауы салдарынан өңір тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігінің төмендеп отырғанын баса айтып, бұл бағыттағы туындаған мәселенің шешу жолдарын қайта қарап, бұған жауапты мекеме мен бөлімдерге жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды. Бұл маңызды мәселеге байланысты жұмыс атқару деңгейі төмен көрсеткішті көрсеткен бірқатар ауылдық округтің әкімдеріне де тапсырма жүктелді.
Екінші мәселе – аудан тұрғындарының арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар туралы аудан әкімдігінің дене шанықтыру және спорт бөлімінің басшысы К.Төреқұлов, сонымен қатар, аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» мекемесінің директоры Ж.Баетов баяндады.
Кезекті аппарат кеңесін қорытқан аудан әкімі Ж.Мұртаза жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close