Basty bet

Ер туып, ел қорғаған Рысбек Батыр

Рысбек Шінетұлының қасиетті Жуалы жеріндегі ескерткіш-күмбезі қайта жаңғыртылды

Жуалы – батырлар өлкесі. Бұл сөз тегін айтылмаса керек-ті. Әсіресе, сонау жоңғар-қалмақтың қазақ жеріне шапқыншылығы кезінде осынау қасиетті өлкеден қолына найза алып, елге қорған болып, ел мен жас ұрпақтың болашағы үшін қанын төгіп, жанын қиған ержүрек батырлар мен қолбасшылардың көптеп шыққанын жақсы білеміз. Солардың бірі – есімі елдің есінде сақталып, ұрпақтың жадында жаңғырып қалған Рысбек Шінетұлы. Рысбек Шінетұлы – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына, қырғыз манаптарына, Қоқан хандығына қарсы күресте қол бастаған, есімі бір тайпа елге жауынгерлік ұран болған ұлттық батырдың бірі.
Рысбек батыр – қазақ халқының аса ардақты аталарының айтулы ұрпағы. Оның атасы Қарабатыр Төле бидің туған күйеу баласы. Дәлірек айтқанда, ол Төле бидің әкесі Әлібектің қызына үйленген. Әлібектің де алты алашқа мәшһүр атақты би болғаны белгілі. Есім хан, Салқам Жәңгір, әз Тәуке кезінде Ұлы жүздің бас биі болған Әлібектей ардақты асыл адам тегін жанға қыз бермесе керек-ті.
Тарихи деректерге сүйенсек, Рысбек батырды жоңғарлардан туған жерді азат ету соғыстарына қатысқан деп айта аламыз. Оның ерлік жорығы, 1756 жылы Жуалы өңіріндегі жоңғарларды Ақтастыдан қуудан басталған. Онан соң Төле бидің шұғыл шақыртуымен Шымкент, Сайрам түбіндегі азаттық соғысын басқарып, одан кейін Жетісу өңірін жоңғарлардан тазарту соғыстарына қатысқан. Жауды қазақ жерінен түгел тазартқанша аттан түспеген. Осы қалың қолдың бір үлкен қосынын Сиқым Рысбек батыр бастаған.
1757 жылдың жазында Рысбек 16 жасында Ташкенттегі түп нағашысы Төле биге, қолбасшы Қойгелдіге жолығып, қалмақтарды біржола түре қууға бәтуаласады. Қалмақ ханының ордасына Рысбек батыр бастаған жігіттер Қошқарата сайымен жасырынып келіп кенеттен шабуыл жасайды. Рысбек туы астына жиылған дулат, қаңлы шаңышқылы, сіргелі жігіттері жау ордасын ойран етеді. Рысбек батырдың бұл әрекетінен үнемі өктемдік етіп келген қалмақтар үйлерін, мал-мүлкін тастап тым-тырақай қашады. Қазақтар жауға «Рысбек, Рысбек!» деп ұрандап шабады. Жеткендерін қылышпен турап, найзамен түйреп Қошқарата өңірін біржолата азат етеді. Рысбектің атағы осы орданы талқандағаннан кейін бүкіл қазақ даласына жайылып, батырдың есімі Сиқым елінің ұранына айналды.
Иә, ел тарихында ерлігі жазылып, есімі қасиетті Оңтүстік өңір халқының есінде мәңгі сақталған батыр ұрпақтарының жиылуымен ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары, дәлірек айтқанда, 1994 жылы Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында Рысбек батыр Шінетұлының рухына арнап ескерткіш тұрғызылғаны белгілі. Сол тұста Рысбек батырдың рухына арналған осынау игілікті істің басы-қасында болып, жұмысты ұйымдастырған Жуалы ауданының және Жамбыл облысының қадірлі азаматы, ардақты қария Жарас Мұратайұлы өз сөзінде, ел өміріндегі «тоқырау жылдары» деген атпен қалған экономикалық күрделі кезеңде батырға ескерткіш орнатудың өте қиын болғанын және өңірдегі ағайын-туыс пен жұртшылықтың ынтымақ-бірлігінің арқасында бұл істің аяғына дейін жеткенін айтады. Баба рухына арналған ескерткіштің басында ашылу салтанаты ұйымдастырылып, әруақтарға арнап ас берілгені де елдің есінен шыға қойған жоқ…
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, міне, содан бері 30 жылдан аса уақыт өте шықты. Рысбек батыр Шінетұлына тұрғызылған ескерткіштің қайта жаңғыртылып, қолбасшы есімінің жас ұрпақ жадында ұлықталуы туралы ұрпақтарының тарапынан болған игі бастаманың өз жөні мен жосығы бар екенін баса айтқан жөн. Кеңесіп пішкен тон мен келісіп шешілген істің әсте келте болмайтынын жақсы білетін баба ұрпақтары игілікті істі қайта қолға алып, ескерткіш маңын жаңғырту ісін бұдан 4-5 жыл бұрын ойға алғанымен, ағайынмен ақылдасып, кеңесіп шешілген бұл игі істің сәті биыл түскендей. «Сабақты ине сәтімен» десек, бұл мақсатта батыр ұрпақтары мен ағайын-туыстан қомақты қаржы-қаражат жиналып, биыл ерте көктемнен бері ұйымдасқан ағайын азаматтар арасында ынтымақ-бірлікпен қыруар жұмыс атқарылып, Рысбек батыр Шінетұлының ескерткіші қайта жаңғыртылып, ескерткіштің үстіңгі бөлігіне алтын түстес еңселі күмбез орнатылып, айналасы абаттандырылды.
Биыл қыркүйек айының соңғы аптасында аудан орталығында қайта жаңғыртылған ескерткіш-кесененің ашылу салтанаты ұйымдастырылып, оған Жамбыл облысының Жамбыл, Талас, Байзақ, Т.Рысқұлов және Шу аудандарынан, сондай-ақ, көршілес жатқан Түркістан облысының Түлкібас, Сайрам, т.б. аудандарынан және Шымкент қаласынан баба ұрпақтары мен құрметті қонақтар шақырылды.
Ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеген азаматтардың барлығы елдің өткен тарихы мен Тәуелсіздігі, бейбітсүйгіш қазақ халқының қасиетті бойтұмары болған азаттықтың жолында басын бәйгеге тіккен ерлер, ел қорғаған ержүрек батырлардың ерлік істері туралы кеңінен әңгімелеп, ел аузында аты қалып, ел тарихында ерлігі аңыз боп жазылған айтулы тұлға, көреген қолбасшы Рысбек батыр Шінетұлы туралы айтып, баба ескерткішінің жаңа заманға сай қайта жаңғыртудан өткізілуін жақсылыққа балап, ел мен жас ұрпақтың амандығы және жарқын болашағына игі тілек тілейтіндерін жеткізді.
Атап айтқанда, ескерткіш-кесененің ашылуында баба ұрпағы, СССР қаржы жүйесінің үздік қызметкері, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы, қасиетті Әулиеата, Шымкент өңірлеріне белгілі қадірлі қария Жарас Мұратайұлы, облыстың Құрметті азаматы, белгілі кардиохирург, кардиология ғылымының докторы Сейітхан Жошыбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Ақжігіт Исабеков, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев және Астана қаласындағы Назарбаев университетінің профессоры, танымал ұстаз, ғалым Гүлтас Сайынқызы жиналған көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтаумен бірге, Рысбек батырдың есімі мен ерлігінің құрметпен еске алынып, сонымен қатар, ескерткішінің қайта жаңғыртылғаны былайғы жұртшылыққа үлкен үлгі-өнеге екенін баса айтып, ақ баталарын берді.
Жиында Жамбыл облысындағы Сиқым баба ұрпақтары қауымдастығының төрағасы Мақсатбек Байжігітов сөз алып, баба рухына арналған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, батыр өмірінен тың деректерді ортаға салды.
– Құрметті ағайын, ардақты қауым!
Бүгін біз қазақ халқының мақтанышы – Рысбек батыр Шінетұлының рухына тағзым етуге байланысты ерекше тарихи сәттің қуанышына жиналып отырмыз. Ұлт тарихының бетінде есімі алтын әріппен жазылатын Рысбек – ХVІІІ ғасырда ел басына қиын күн туған кезде қолына найза алып, туған жерді қас дұшпаннан қорғаған қолбасшы батырлардың бірі. Ол тек жауға қарсы шапқан батыр ғана емес, ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтау жолында да көп тер төккен көреген тұлға. Батырдың парасаты мен ерлігі – өскелең жас ұрпаққа өнеге. «Қасықтап жиған елімді, Шөміштеп төгіп шашпаңдар!» деген өсиетке толы өлең жолдарында Рысбек баба елдің бірлігін сақтап, халыққа ішкі дау-дамайдан аулақ болуды, ата-бабадан қалған қасиетті жерді және жиған ырыс-құт пен байлықты сақтауды аманат еткені анық.
Тарихи тұлға, көреген қолбасшы, ержүрек батыр Рысбек батыр ХVІІІ ғасырда қасиетті Жуалы ауданына қарасты Шұбарағаш жерінде (қазіргі Рысбек батыр ауылының маңы) дүниеге келген. Ата жұрты қазіргі Жамбыл және Түркістан облыстарының Қошқарата, Манкент аймағында өмір сүрген.
Рысбек батыр – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сиқым руынан шыққан. Оның атасы Қарабатыр 1729 жылғы жоңғарлармен болған қиян-кескі шайқастарда Сиқым руының қолын бастаған батыр болғаны белгілі.
Қадірлі ағайын! Бұл күмбезді құрылыс Рысбек батыр ескерткішінің үстіңгі бөлігіне орнатылған. Күмбезді құрылысты жүргізудегі басты мақсат – бабаның тарихи мұрасын сақтау, ескерткіштің бұрынғыдай тозудан қорғалып, кейінгі ұрпаққа ұзақ жылдар бойы ескірмей жетуін қамтамасыз ету. Мұны – батыр бабаның рухына тағзым ғана емес, ұлттық жадымызға жасалған құрмет деп білген жөн.
Бұл игі бастама – Тәуелсіз мемлекеттің және ел бірлігінің, рухани жаңғырудың және жас ұрпақтың ата-баба аманатына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осынау сауапты істі жүзеге асырып, оған бастамашы болып, нақты көмек-қолдау көрсеткен ағайын мен туған-туысқа қауымдастықтың атынан шынайы ризашылық білдіреміз. Жүректерге мейірім және әрбір шаңыраққа бақ-береке тілеймін.
Батыр бабаның ерлігін кеңінен дәріптеп, мұрасын сақтау – ортақ борышымыз. Ендеше, ел тарихы мен батыр бабалар рухына арналған осындай рухани шара ел мен жерге және жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, көпшілікке құт-береке әкелсін,- деді қауымдастық төрағасы Мақсатбек Байжігітов.
Ары қарай Рысбек Шінетұлының қайта жаңғыртылған ескерткіш-күмбезінің лентасы қиылып, аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков әруақтарға арнап қасиетті Құран аяттарын оқыды. Баба рухына арналған іс-шаралар легі ары қарай Б.Момышұлы ауылындағы «Арман-холл» мейрамханасында жалғасып, онда баба ұрпақтарына, асқа шақырылған қонақтар мен аудандағы ру басыларына сөз беріліп, тарту-таралғы жасалды. Ас дастарқанында Құран оқылып, аузы дуалы ақсақалдар осынау игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға ақ баталарын жаудырды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Ендігі кезекте кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде Рысбек батыр Шінетұлы ескерткішінің қайта жаңғыртылуына үлес қосып, қаржылай көмек көрсеткен атпал азаматтардың еңбегін атап өткен жөн. Биылғы ақпан айынан ұйымдастыру жұмыстары басталып, Жамбыл облысының Жамбыл, Байзақ, Талас, Т.Рысқұлов, Шу және Жуалы аудандарында және облыстың орталығы Тараз қаласында тұратын баба ұрпақтары мен ағайын-туыстың демеушілік жасап, Жуалы ауданындағы ағайындардың тиісті қорға ай сайын тұрақты түрде қомақты қаржы-қаражат салуының арқасында біршама қаржы жиналып, баба ескерткішін жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталып, қыркүйекте толықтай аяқталды.
– Барлық мәселенің қаржыға келіп тірелетінін жақсы білеміз. Қорға түскен аз-маз қаржының басталған игі істің аяқталуына көмек болмайтынына көз жеткеннен кейін қаржылай көмек береді деген аудандағы ерікті ағайын азаматтарға қолқа салынып, әсіресе қауымдастық басшыларының атынан қорға қомақты қаражат түскеннен бастап азаматтар ертерек қимылдап, содан қомақты қаражат та жинала бастады. Қорға 1,3 миллион теңгеден жарты миллион теңгеге дейін қомақты қаржы салып, іске нақты көмек-қолдау көрсеткен азаматтардың қатарында – Байұзақ Серкебаевтың, Берік Райымбеков, Қайрат Байтақов, Дәурен Әбітаев, Мұратбек Нысанов, Қуаныш Мешелов, Нұргелді Тұрдықұлов, Жамалбек Иманалиев, Досат Дүйсебеков және Ерғали Қадыровтың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Ұйымдастыру ісінде ақыл-кеңес беріп, ағайынға қолдау көрсеткен Әбуғали Ералиевке де мың алғыс. Бұл – ағайын-туыс арасындағы жанашырлық пен өзара берік ынтымақ-бірлікті көрсетсе керек. Игілікті әрі сауапты іске Жуалы ауданының Ертай, Рысбек батыр, Күреңбел ауылдарынан және Жетітөбе ауылдық округінде тұратын ағайын-туыс азаматтардың отбасынан да қомақты қаражат қосылды.
Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Рысбек батыр Шінетұлы ескерткішінің қайта жаңғыртылуына ересен еңбек сіңірген Жамбыл облысындағы Сиқым баба ұрпақтары қауымдастығының төрағасы Мақсатбек Байжігітовке, қауымдастық мүшелері – Бақберген Исабековке, Әділбек Әлішов, Қыдыралы Оспанов, Мырзахан Бұрханов және Ратан Жошыбаевқа алғыс білдіремін.
Баба рухы барлығымызды желеп-жебеп жүруіне және жас ұрпақтың саналы азаматтар болып өсуіне шын жүректен тілестеспін! Ел аман, жұрт тыныш, Тәуелсіздік баянды болсын,- дейді Жуалы ауданындағы Сиқым баба ұрпақтары қауымдастығының төрағасы Байұзақ Серкебаев.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close