Basty bet
Жан жылуын сыйлаған әсерлі кеш
Ерекше балалар – бұл Жаратушының бізге жіберген ең нәзік, ең мейірімді аманаты. Олар – өмірге шынайы күлкі, шексіз сенім және риясыз махаббатпен қарай алатын жан иелері. Әр сөздері, әр қадамы және тіпті үнсіздігі де терең мағынаға толы. Біз олардың жанындағы шыраққа дем беріп, армандарына қанат бітіруге көмектескен сайын, өзіміз де мейірімді, сабырлы әрі шынайы бола түсеміз.
2024 жылдың мамыр айында ашылған «Жамбыл облысының мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық орталығында бүгінде 20 бала тәрбиеленіп, жан-жақты қолдау алуда. Бұл мекемеде әлеуметтік қызметкер, логопед, дефектолог, педагог, медбике, массаж жасаушы, музыка мамандары, еңбекке баулу және дене шынықтыру нұсқаушылары қызмет етеді. Балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үйден орталыққа және кері бағытта арнайы тасымалдау көлігі де орталық тарапынан қарастырылған. Орталық тек күнделікті білім мен дамуға бағытталған жұмыстармен шектелмей, әр мерекені ерекше атап өтіп, балалар мен ата-аналарға қуаныш сыйлауды басты міндеттерінің бірі деп біледі.
Сол игі дәстүрдің жалғасы ретінде, Мүгедектер күніне орай «Жақсылық пен жылулық күні» атты әсерлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Балаларға шаттық сыйлап, олардың бойындағы сенім мен қуанышты арттыру мақсатында өткен бұл кеш жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік кештің шымылдығы ата-аналар мен қонақтарды салтанатты түрде қарсы алумен ашылды. Зал іші түрлі безендірулермен, баннерлермен және шарлармен әсемделіп, нағыз мерекелік көрініс болды. Іс-шараны бірлестіктің төрайымы Қаламқас Айымбекова ашып, жүрекжарды құттықтау сөзін арнады. Ол өз сөзінде ерекше балаларды қолдау барша қоғамның ортақ парызы екенін атап өтті.
Мереке барысында балалар да өнерлерін паш етіп, дайындаған пародиялық қойылымдарын көрсетті. Орталық қызметкерлері де арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынып, кештің көркін қыздырды. Сонымен қатар, аудандық «Достық» мәдениет үйінің өнерпаздары кешке арнайы келіп, әсем әндерін орындап, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ата-аналармен де қызықты ойындар ұйымдастырылып, балалар да өз мүмкіндіктеріне сай түрлі ойындарға қатысып, би билеп, мәз-мейрам күй кешті. Кештің басты кейіпкерлері ата-аналар мен балалар, өздеріне арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты.
Кеш соңында іс-шараның сәтті өтуіне үлес қосқан «Зере» дәмханасының иесі Жәнібек Исаев пен оның жанұясына орталық ұжымы шынайы алғысын білдірді. Бұл отбасы балаларға арнап сыйлықтар тарту етіп, тілектерін жеткізді. Осы тұста ата-аналар да орталықтағы медбике Нұргүл Жарас, логопед Алина Жолдасбек және педагог Мадина Ахметоваға ризашылық білдіріп, орталық қызметкерлеріне және мерекеге атсалысқан барша жанға алғыстарын жеткізіп, естелік сыйлық ұсынды. Қызметкерлер де тек балаларға ғана емес, белсене қатысқан әр ата-анаға арнайы сыйлықтарын табыстады.
Бұл күн – жай ғана мереке емес, ерекше балалардың жүрегіне жылу, жанына шаттық ұялаған шынайы қуаныш күні болғаны анық. Балалар мен ата-аналардың жүзіндегі күлкі, шынайы алғыс пен ақжарма тілектер осы кештің басты жетістігіне айналды.
Ерекше балаларға қолдау көрсету – бұл жай ғана көмек емес, бұл – жүректен-жүрекке жол тартқан мейірім, болашаққа салынған сенім көпірі. Олар қоғамнан орын сұрамайды тек түсіністік пен махаббат күтеді. Олар – қоғамның ең нәзік, бірақ ең мықты мүшелері. Біздің міндет- оларды қоғамнан бөле-жара қарамай, толыққанды өмір сүрулеріне мүмкіндік жасау, таланттарын ашуға жағдай туғызу. Бұл – тек ата-аналардың, мұғалімдердің немесе орталық қызметкерлерінің ғана емес, баршаның ортақ борышы.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»