Basty bet
Жат ағымның отбасына тигізер зияны көп
Бұл – еліміздің рухани даму кезеңіндегі маңызды қадам. Отбасы құндылығының маңыздылығын арттыру, діни тұрғыдан да ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда отбасы құндылығы жаһандық мәселеге айналуда. Дер кезінде қауіптің алдын алу шаралары қолданылмаса, адамзат өз қолымен жасаған жамандықтың өкінішінде қалуы мүмкін. Сондықтан отбасыдағы түйткілді мәселелерді күн тәртібіне шығару – Діни басқарманың игі шешімінің бірі.
Отбасы – салиқалы ұрпақ өсіретін алтын бесік. Адам баласы ұрпағының болашағы жарқын болғанын қалайды. Баласы дүниеге келгеннен бастап әйел ана атанады. Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сенімі. Бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын шайқалмайтын іргетас. Сенімділік отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде, тыныштық, қауіпсіздік бар. Сенімнің арқасында отбасы мүшелері өз ойы мен сезімін ашық білдіре алады. Сонымен қатар сенім эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Бүгінгі таңда қоғамда дін атын жамылып, ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы көптеген ағымдардың пайда болғаны белгілі. Бұл ағымдар өздеріне тән әдістері мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, діни мәселелерді терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді. Дін атын жамылып, дүниауи мақсаттарды көздеген, жастарды дәстүрлі дінінен ажыратуды мақсат еткен теріс пиғылды жат ағымдар сенушілердің сана-сезіміне етене жақын құндылықтар арқылы әсер етіп, жаулап алуды мақсат етеді. Аталмыш ағымдардың бір бөлігі өздерін діни, мәдени, ғылыми танымдық, білім беру қызметін көрсетушілер ретінде таныта отырып, дәстүрлі дін негіздерімен мүлде байланыспайтын, жеке тұлғалардың ілімінен бастау алатын сан алуан сенімдік бағыттарын насихаттап, сенушілердің қатарын көбейту арқылы дүниауи игіліктерге қол жеткізу мақсаттарын көздеуде.
Ғаламторда, теледидардан көргеніміздің барлығын ақыл сүзгісінен өткізбей қабылдай беруге болмасы анық. Ондағы пайдалы дүние мен «пайдасыз қоқыс» отандастарымыздың, әсіресе, жастардың рухани дамуына кері әсерін тигізеді, дүниетанымын өзгертеді. Нәтижеде тұлғалық бейнесі әлі қалыптаса қоймаған жасөспірім монитордың арғы жағында айласын асырып отырған арбаушының тұзағына түсіп қалады. Сөйтіп, баламыздың бірі өзіне қол жұмсап, суицид болып жатса, екіншісі өмірге қауіпті «көк кит» ойынын қызықтап отырады, үшіншісі «жиһадқа» (қасиетті соғысқа) кетудің жоспарымен әлек. Неге?
Өйткені баланы жалғыз қалдырдық. Ата-аналық тәрбие, балқылау жоқ. Ата-ана мектепке, ұстазға сенеді, ұстаз алдына келген балаға білімін беріп, тәрбиесін ата-анасына қалдырады. Ортада тәрбиеден мақұрым қалған – бала. «Қазақшылық» деп дәстүрді үйретпейміз, ал мұсылманшылықты үйрететін құлық жоқ немесе оны өзіміз де дұрыс білмейміз. Баланың алдына компьютер қойдық, жанында теледидар, ал қолына ұялы телефон ұстаттық, сымның арғы жағында шексіз әлем. Адам баласының тұлғалық сипаты жас кезінен бастап қалыптасатынын естен шығарып алғандаймыз.
Егер ата-ана өз міндеттерін орындамаса, онда бала қараусыз қалып, өзінше өсіп, көше тәрбиесімен кетеді. Даладағы қараусыз қалған бала, жастардың өмірге деген дүниекөзқарасын, мақсат-мүдделерін басқа арнаға бұрады. Мұндай жағдайда теледидар, ғаламтор, компьютерлік ойындар оның бас тәрбиешісіне айналып, құмардың жетегінде кетеді.
Қазіргі таңда адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіріп, мемлекетке, қоғамға, жанұяға қауіп төндіріп отырған, адам денсаулығына түзелмейтіндей зиян келтірген теріс пиғылды діни ағымдардың қызметі алаңдатушылық туындатуда. Деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, үстемдігін күшейту үшін, діни, саяси, психотерапиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым саналады.
Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін, ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Заңсыз әрі мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысу салдарынан сенушілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылды ағымдар да бар.
Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей, идеология ретінде әрекет ететіндіктен, оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.
Қазақстан Республикасының Ата Заңында және басқа да заңнамаларында көзделген нормаларға қайшы іс-әрекет жасаған, азаматтардың діни сенім мен ар-ождан бостандығы құқығына нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығына, имандылығына қатер төндірген, отбасының бұзылуына себепкер болған, тағы басқа заңға қайшы іс-әрекеттер жасағаны анықталған теріс пиғылды діни ағымдардың ел аумағындағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынған.
Рамазан Абделиев,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның
инспектор-теологы