Basty bet

«Сегіз сиыр баққанша, семіз бір сиыр бақ»

Малшы қауыммен кездесуде аудан әкімі Нарбай Ергебеков осылай деді

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің ағымдағы жылдың наурыз айындағы № 70 өкімімен бекітілген аудан, ауылдық округтер әкімдерінің жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков Қарасаз аймағындағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларымен жүздесті. Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылының іргесінде орналасқан «Құлтай» ШҚ-ның базасында өткен кездесуге аудан орталығына жақын жатқан бірқатар ауылдық округтерден мал баққан ағайындар, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев, аудан әкімдігінің ауыл тіршілігіне қатысты тиісті сала басшылары, ауыл жұртшылығы шақырылды.

«Жақсыны көрмекке» дегендей, кездесуге шақырылған шаруалар алдымен «Құлтай» ШҚ-ндағы мал қыстату науқаны барысын, малдың күтімі мен ұсталу жағдайын көзбен көруге шаруашылықтың сауынды сиырлар мен жылқылар ұсталатын базасын аралады. ШҚ басшысы Әмірқұл Мақатаев аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына мал қыстату науқанының барысын әңгімеледі. Шаруашылықта малдың қысқы жем-шөп қоры жеткілікті дайындалған, соның ішінде орта есепппен 1000 тоннаны құрайтын пішендеме дайындалған. Мұнда қазір 120 бастан астам асыл тұқымды «Голштейн» сиырлары бағылуда. Олардан күнделікті сауылған сүт аудан орталығындағы сүт зауытына өткерілуде. Мал күтімімен екі малшы отбасы айналысуда, оларға ай сайын 70 мың теңге көлемінде еңбекақы төленуде. Салмағы 1,5-2 тоннаны құрайтын екі асыл тұымды бұқа арнайы күтімге алынған. Бұзаулары бөлек қамалып, күнделікті қажетті азықпен қамтамасыз етілуде.
Аудан басшысы Нарбай Ергебеков шаруадан малдың күнделікті азық рационын сұрастырды. Жиналғандардың назарын мал тұқымын асылдандыруға көңіл бөлетін кез жеткеніне аударып, тәжірибе алмасуға шақырды. Қарасаз ауылдық округіндегі «Қаншайым» ШҚ басшысы Қуандық Өмірбаев 70-тен астам жылқы бағып отырғанын, асыл тұқымды айғыр ұстайтынын айта келе, аудан әкімінен «мал қораны қайта жайластыруға мемлекет тарапынан жәрдем бола ма?» деген сауалын қойды. Нарбай Әбілқасымұлы оған бұл жағдайда мемлекеттің шаруаға тек арзандатылған несиемен жәрдемдесетінін жеткізді.
Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылындағы «Төлеген» ШҚ басшысы Мейірбек Төлегенов биыл жазда Чехия мемлекетінен «Сементал» тұқымды 64 бас сиыр әкеліп бағуда. Ол шаруаларға асыл тұқымды малдың Жуалының климатына бейімделуі мен күтіміне қатысты тәжірибесімен бөлісті.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов шаруаларға мал шаруашылығын субсидиялау тәртібі туралы түсініктеме берді.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытты.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close