Basty bet
Ауыл – өркениеттің алтын қазығы!
аудан әкімінің өңір тұрғындары алдындағы есептік кездесу жиындары басталды
2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ауыл әкімдерін елорда төріне жинап, диалог-платформа жиынын өткізгені белгілі. Ауыл әкімінің биік мінберден сөз алуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызды тетігі екені дәл осы алқалы жиында айқын көрінді деуге болады. Президент өз сөзінде ауылдың дамуына ерекше мән беретінін, алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанын атап өтіп, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр» деді Мемлекет басшысы.
– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен ұлықтау рәсімінде.
Ауылды дамыту – Тәуелсіз Қазақстанды өркендету деген сөз. Ұлт руханиятының алтын қазығы саналатын ауылды дамыту – ортақ парыз. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза өткен аптаның жұма күні Боралдай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Жиынға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, аудандық әкімдіктің бөлім және мекеме басшылары, сонымен бірге, жиынның жұмысына аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребек қатысып, хабарлама жасады.
Кездесу жиынын аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев 2025 жылы округте атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
– Боралдай ауылдық округі аумағының жалпы жер көлемі – 32 775 гектар болса, ауыл шаруашылығы алқабы – 21 975 гектар, оның ішінде, 9 070 гектары егістік, 8 778 гектары жайылым, ал 130 гектары шабындық жерлер. 2025 жылы ауылдық округтің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің тарапынан барлығы – 6 050 гектар алқапқа егін егіліп, жоспар 100% орындалды. (1 280 гектар күздік бидай, 2 110 жаздық арпа, 2 190 мақсары, 20 гектарға картоп, ал 470 гектарға таза жоңышқа егілді). Жалпы егістік жерлердің 3 000 гектарын мал азығына арналған дақылдар құрайды. Ал 2026 жылдың өнімі үшін – 1 300 гектарға күздік бидай егіліп, жоспар толық орындалды. Егістікке қажетті 230 тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілді.
Округ тұрғындарының негізгі күнкөрісі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарудың нәтижесінде малдың басы жыл санап артып келеді. Ауылдық округте – 4 990 бас мүйізді ірі қара тіркелген. Оның ішінде, сауынды сиыры – 2 136 бас, қой-ешкі – 24 756, жылқы – 1 765, ал үй құстары – 6 300 басты құрайды. 2025 жылы малдың басын асылдандыру бағытында «Мисерханов», «Дархан дала», «Асылжомарт», «Әділет», «Ұмсынай» және «Аңсат» шаруа қожалықтары жеке қаражаттарына – 2 085 бас асыл тұқымды қой, сонымен бірге, 65 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың аясында былтыр округтің шаруа қожалықтарының тарапынан «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен және жеке қаражаттары есебінен жалпы сомасы – 70 миллион 983 мың теңгеге төрт бірлік отандық ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Мемлекет тарапынан көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 456 тонна жанар-жағармай бөлініп, оны округтің 211 шаруа қожалығы қажеттілікке жұмсады.
Жалпы ауылдық округте 296 кәсіпкерлік субъектісі, 246 шаруа қожалық және 48 жеке кәсіпкер тіркелген.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасының шеңберінде «Аграрлық несие коорпорациясы» АҚ-ның Жамбыл филиалы арқылы ауылдың тоғыз жеке кәсіпкері жеңілдетілген пайызбен 70,0 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, аталған бағдарламамен 13 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатына ие болды. Сонымен қатар, ауылдық округте «Жуалы» несие серіктестігі арқылы төрт шаруа қожалық төмендетілген пайызбен несие алса, ал «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағытымен бір жоба қаржыландырылып отыр,- деді баяндамашы.
Жалпы 2025 жылы Боралдай ауылдық округінде атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталсақ, округте газдандыру көрсеткіші 99 пайызға жетіп, одан бөлек, барлық елдімекен 100 пайыз таза ауызсумен қамтылған. Былтыр округ аумағынан өтетін «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының 45-60 шақырымының аралығында орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, одан бөлек, ауылішілік көше жолдары толықтай асфальтталған. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылында «Даңқ аллеясы» салынып, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге, №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің шатыры жаңартылды. Сонымен қатар, 2025 жылдан 2026 жылға өтпелі құрылыс Көлтоған ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына қаржы бөлініп, нысан биыл күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, ауыл жанашырлары демеуші азаматтардың ауызбіршілігінің арқасында Көлтоған ауылында балалар ойын алаңы салынып, мешіт жанындағы асхана ғимараты көгілдір отынға қосылды. Ауыл зиратының жолы жөнделіп, ауылдық округтегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектер көрсетілген. Әлбетте, мұның барлығы ынтымақ-бірлік пен ауызбірліктің арқасында іске асырылған иігілікті тірліктер.
Айта кету керек, кездесу барысында ауылдық округтің тұрғындары жастар жұмыссыздығын жою, округке қарасты Рысбек батыр ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің жаңа ғимаратын салуға қаржы қарастыру, Көлтоғандағы спорт кешенінің құрылысын аяқтау, байланыс жүйесі мен интернет жылдамдығын арттыру, сүт бағасын тұрақтандыру, қоғамдық көлік жүргізу мәселесі, көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілегін жеткізді. Ашық диалог пен өзара сенімге негізделген кездесу жиыны ауыл-аймақтың ары қарай дамуына да оң серпін беретініне сенім мол.
***
Алдын ала белгіленген кедесу кестесіне сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, кейбір мәселелер жөнінде пікір алмасты. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, ауылдық округтің әкімі Мейіржан Телеушов 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Ауылдық округ тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, жеке кәсіпкерлер «Азиз» және «Тажибаев» ауылдық округтегі халқының 120 үйден 2 100-2 300 литр сүтті 240 теңгеден жинап, оны аудан орталығындағы «Оздамиров» аталатын сүт өңдейтін кәсіпорынға өткізеді.
Сонымен қатар, 2025 жылы «Рауан» шаруа қожалығы екі бірлік YTO тракторын, «Мамыражай» ШҚ бір YTO тракторы, «Айдын» ШҚ ZOOMILION, «Бақдәулет» бір YTO тракторын, «Рауан» ШҚ YTO тракторын 1 дана соқа тіркемесімен алса, «Серік» шаруа қожалығы жүктиегіш арнайы техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға өз үлестерін қосуда.
2025 жылы көктемгі егіске шаруа қожалықтарға 220 тонна минералды тыңайтқыш алынған. 2025 жылдың өніміне 1 320 гектар күздік бидай егілген. Дала жұмыстарына 35 трактор, екі бірлік К-700 қуатты тракторы, 27 дана соқа, 6 қопсытқыш,12 дәнсепкіш көктемгі дала жұмыстарын атқарып, арпа 2 590 гектарға, мақсары 2 895 га, жоңышқа 385 гектарға егілді. 2025 жылдың көктемгі дала жұмыстарына қажетті 72 шаруа қожалыққа 246 тонна жанар-жағармай берілді.
2025 жылы «Кең дала» бағдарламасымен округ шаруалары 65,5 миллион теңге несие алды. Округ тұрғындарының айналысатын кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, мал шаруашылығы саласын дамыту ерекше орынға ие. 2025 жылдың қорытындысымен округте мүйізді ірі қара малдың басы – 2 743 бас, қой-ешкі 23 763 бас, жылқы 1 200, үй құстары 3 609 басты құрап отыр. Қысқы маусымға 14 917 тонна пішен, 1 729 тонна жем, 1 937 тонна сабан мал азығына дайындалған.
Тұрғындардың сұранысына сәйкес, 2025 жылы Қошқарата ауылынан Шахан асуына дейінгі аралықтағы облыстық мәндегі ұзындығы 15 шақырым жолға облыс әкімдігінің тарапынан орта жөндеу жұмыстары жүргізіп, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
2025 жылы Қошқарата ауылы Д.Қонаев көшесіне (ұзындығы 1 490 метр) орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызтоған ауылындағы Қызтоған көшесіне (ұзындығы 1,5 шақырым) жолға құм-шағал төсеу жұмыстары жүргізілген. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қошқарата ауылында орналасқан ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Жиын соңында жекелеген ауыл тұрғындары сұрақ қойып, өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде болған жиыннан кейін азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»