Basty bet
Полиция департаментінің бастығы ауданға жұмыс сапарымен келді
Жамбыл облысының полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев өткен аптада Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Бұл іссапардың барысында Қ.Сұлтанбаев ауданға қарасты Талапты ауылында болып, осындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте оқушылармен кездесті.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев ең алдымен мектеп ауласында орналасқан даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының бюстіне гүл шоқтарын қойып, Батырдың рухына тағзым етті.
Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте «Жас сақшы» сыныбының салтанатты түрде ашылуына қатысып, жиында оқушылар ант қабылдап, оларға сақшы куәліктері табысталды. Бұл игі бастама жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені дұрыс қалыптастыруға бағытталған.
ПД бастығы Қ.Сұлтанбаев келесі кезекте аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқыға салды. Кездесуде өңір тұрғындары өз ұсыныстарын жеткізіп, ашық пікір алмасты.
Кездесу кезінде ардагері ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жазушы Дәулетжан Байдалиев ПД бастығы Қайсар Сұлтанбаевқа өзінің «Жуалы генералдары» аталатын кітабын сыйға тартты. Еңбекте ауданнан шыққан 14 генералдың өмір жолы жан-жақты баяндалған.
Жұмыс сапарының қорытындысында Қ.Сұлтанбаев аудандық полиция бөлімінің жеке құрамының жедел-қызметтік жұмысы бойынша есебін тыңдап, оларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерін халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге, ең бастысы,«Заң мен тәртіп» қағидатының талаптарын сақтауға, оны қоғамда терең орнықтыруға, сонымен қатар, қызметке адал болуға шақырды.
Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет!» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық жастар форумына қатысып, сөз сөйледі. Форум батыр Бауыржан Момышұлына арналған «Халық батыры» аталатын патриоттық қойылыммен басталды. Шарада аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың отансүйгіштік рухта тәрбиеленуінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Жастарды ел дамуына белсенді атсалысуға шақырып, мұндай форумдардың тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.
Өз кезегінде генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев жастарға арнап мазмұнды, тағылымды ой қозғап, елге адал қызмет етудің, заңдылық пен тәртіпті сақтаудың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, қоғамда үлгі боларлық еңбегімен танылған бірқатар азаматты Алғысхатпен марапаттады. Атап айтқанда, ішімдіксіз ауыл қалыптастыруда белсенділік танытқан ауыл әкімдері мен ардагерлерге, сондай-ақ, мал ұрлығын ашуда жоғары нәтиже көрсеткен учаскелік полиция инспекторларына Алғысхат табысталды.
Форум барысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының «Жастар қанаты» ұйымының төрағасы Еркін Әбдиев сөз сөйлеп, жастар арасында атқарылып жатқан жұмыстар, қолға алынған жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Ол жастарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға, ел болашағы үшін жауапкершілікпен еңбек етуге шақырды.
Аталған форум жастардың бойына патриоттық рухты сіңіріп, елге мен жерге, қасиетті Отанға адал қызмет етудің биік үлгісін насихаттаған маңызды басқосу болғаны анық. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасын серпілтіп, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»