Basty bet
Отбасындағы рухани тәрбие және дәстүрлі құндылықтар
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, рухани тәрбие мен ұлттық болмыстың бастау бұлағы. Адамгершілік қасиеттер, өмірлік ұстанымдар, ұлттық сана мен мәдениет ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасындағы рухани тәрбие мен дәстүрлі құндылықтарды сақтау – ұлттың тұрақты дамуының негізгі кепілі.
Қазақ халқы үшін отбасы ұғымы қашанда қасиетті болған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-анаға қоса ата-әже, ағайын-туыс маңызды рөл атқарған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата салтын ардақтау, бата беру, қонақжайлылық, туыстық байланысты нығайту – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарымыздың өзегі.
Рухани тәрбие – тек сөзбен емес, күнделікті өмірдегі іс-әрекет арқылы берілетін өнеге. Ата-ананың өзара сыйластығы, адал еңбекке баулуы, жауапкершілік пен тәртіпке мән беруі бала бойында дұрыс мінез қалыптастырады. Отбасында мейірім мен түсіністік орнаған жерде тәрбиелі, саналы ұрпақ өсіп шығады.
Дәстүрлі құндылықтар – халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің негізі. Олар әрбір ұлттың әлеуметтік, моральдық және рухани өмірінің негізгі тіректеріне айналған. Өткен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мен діни наным-сенімдер, әсіресе отбасылық қатынастардағы әдеп-ғұрыптар, жеке тұлғаның мінез-құлқын тәрбиелеудегі маңызды құралдар болып табылады. Осы құндылықтар арқылы қоғам өзінің ұлттық ерекшелігін, бірегейлігін сақтап, мәдениетінің дамуына ықпал етеді.
Осы ретте ауылдық округте отбасындағы рухани тәрбие және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Әкелер мектебі – тәрбие мектебі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы, «Отбасы – бақыт мекені», «Отбасым баға жетпес байлығым» және «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің ұлы» тақырыбында кездесулер өткізілуде. Мұндай тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар арқылы отбасы институтын қалыптастырып, отбасылық құндылықтар кеңінен дәріптелуде.
Қорыта келе, дәстүрлі құндылықтар – ұлттың рухани негізі, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің сақталуының кепілі. Оларды қазіргі заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау – әрбір азаматтың парызы. Бұл тек жеке адам ғана емес, бүкіл қоғам үшін аса маңызды. Дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлттық сана мен ұлтжандылықты арттыру, еліміздің болашағын баянды ету үшін қажет. Біз бүгінгі күні дәстүрлі құндылықтарды болашақ ұрпаққа аманаттап, оларды жарқын болашаққа бастай аламыз.
Сержан Шырынбай,
Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы