Basty bet

Жуалы – біздің Отанымыз!

бір ғасыр бұрын осынау киелі топырақтан мекен тапқан жеті өзбек отбасы елдің бүгінгі тату-тәтті тұрмысына дән риза

Ел тарихында онда тіршілік етіп жатқан әрбір адамның тағдыры көрініс табады. Ортақ Отан ортақ тарихты сомдайды. Жуалы ауданының да өз тарихы бар. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1917 жылы, Ұлы Жібек жолының бойындағы осындау көкорай, шұрайлы мекенге жеті бірдей өзбек отбасы келіп, қоныстанады. Олар мұнда Әулиетадан жақсы, жайлы өмір іздеп келген еді. 11 жылдан кейін, 1928 жылы бұл жер Жуалы ауданы деп аталды.
Қоныс аударушылардың бірі Мамаджан Маткаримовтың немересі Шәкіржан Мамаджанов сол кездегі жағдай туралы былай дейді:
– 1917 жылдың күзі еді. Революция толқыны Әулиеатаға да келіп жетеді. Бәлкім, біздің аталарымыз қаладан өз отбасының болашағына алаңдап, жайлы тұрмыс іздеп осында келген шығар. Олар қазіргі теміржол станциясының аумағына тоқтайды. Жертөлелер мен сарайлар салады, өз отбасын асырау үшін мал сатып алады. 1919 жылы Түрксіб теміржолының құрылысы басталып, оған қоныс аударушылар да қатысады. Менің атам бригадир болды. Оның үйінде бірнеше жұмысшы жатып жұмыс істейді. Төңіректен келген жартылай аш-жалаңаш адамдар теміржолдың ауыр жұмысын қолмен атқарды. Ол кезде бәріне бірдей қиын кезең болды.
Станция Боранды (Бурное) деп аталды. Көнекөз тұрғындар айтқандай, Жуалы ауданының аумағында темір жол құрылысы аяқталғаннан кейін Мәскеуден комиссия келеді. Жолдарды аралап жүргенде желдің қатты екпіні комиссия төрағасының басынан бөркін жұлып әкетеді. Міне, кейіннен ел арасына тарап кеткен «Мына жер қандай боранды еді?!» деген сөз тіркесі осы кезде пайда болады.
Мамаджан Маткаримов кейін астық дайындау базасының, теміржол моншасының, басқа да объектілердің құрылысында жұмыс істейді, бұл объектілер станцияның инфрақұрылымын құрайды. Көп ұзамай станцияның төңірегінде үлкен ауыл бой көтереді. Мамаджан қартайған шағына дейін жолшы болып еңбек етеді. Оның ісін ұлы, Шәкіржан Мамаджановтың әкесі Хаджи жалғастырады. Ол да өмір бойына станцияда жұмыс істейді.
– Аты аңызға айналған батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы менің атама жиі келіп тұратын, – деп еске алады Шәкіржан. – 1928 жылы Баукең аупарткомда, кейіннен прокуратурада жұмыс істейді. Ол ауданнан кеткеннен кейін де, осында келген әр сапарында біздің қонақжай шаңырағымызға соғып жүретін. Атам оған ыстық шай беріп, жаңалықтарымен бөлісіп отыратын. Бұл туралы жерлесіміз Аманкелді Ормантаевтың, Талғат Айтбаевтың кітаптарында, сондай-ақ Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабында жазылған.
Менің замандастарым аудандық партия комитетінің алғашқы ғимараты бүгінгі «Қаракөз» мейрамханасының орнында болғанын жақсы біледі. Оның сол жағында қонақ үй, ал оң жағында аудандық милиция бөлімі орналасқан еді. Осы ғимараттың қарсы бетінде менің атам Мамаджан тұрды, ал екеуінің ортасынан Алматы-Ташкент тас жолы өтіп жататын. Бала кезімізде біз «Ақ үйдің» жанында көп ойнайтынбыз, терезесіне үңіліп қарайтынбыз, сол үшін ата-аналарымыз бізге үнемі ұрысатын.
Атам Мамаджанның үйінен әркез қонақ үзілмейтін. Көп адамдар одан ақыл сұрап келетін, танымал тұлғалар да жиі келіп, кетіп жататын. Олар атамды «Мамаджан Ата» деп атайтын. Оны әрбір адамға деген қамқорлығы мен көңіл бөлгені үшін құрметтейтін.
Жазушы-аудармашы, белгілі қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов, жерлес жазушы Шерхан Мұртазаның, ХХІІ партсъезд атындағы колхоздың бұрынғы төрағасы, профессор Жұрымбай Медетовтің атамның шаңырағына келгені жадымда жақсы сақталып қалды. Атам өткен ғасырдың 50-жылдары бес не алты ай үйінде Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Сара балаларымен және Бақытжан Ертаевтың анасы тұрғаны туралы әңгімелеп отыратын. Біз кейіннен Бақытжан Ертаевпен Орджоникидзе (қазіргі Шерхан Мұртаза) атындағы орта мектепте бір класта бірге оқыдық. Бақытжан кейіннен әскери салада абыройлы қызмет атқарып, «Генерал-лейтенант» әскери шенін алып, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Қарулы Күштер, ұлттық қорғаныс қызметі салаларының қалыптасып, дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін оған Президенттің Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Мамаджан Маткаримов 90 жасқа келіп қайтыс болды. Бүгінде ауданда Мамаджановтардың бесінші ұрпағы өмір сүріп жатыр. Жуалы топырағында осыдан 110 жыл бұрын Мамаджан Маткаримовпен бірге келген Исмаиловтар мен Мажитовтар өзбек отбасыларының ұрпақтары да тұрады, еңбек етіп жатыр.
Шәкіржан аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмысқа белсене қатысады. Бүгінгі таңда ол – Бауыржан Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.
Даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне әр келген сайын Шәкіржан өзінің Баукеңмен кездескен сәттерін еске алады.
– Жуалы – менің Отаным, – дейді Шәкіржан Мамаджанов. – Мен осында 1948 жылы дүниеге келдім, осында өстім, білім алдым, жұмыс істедім. Менің балалық шағым жақсы өтті. Мен өзіме қазіргі қолымда бардың бәрін бергені, жерлестерімнің сый-құрметі, достарым мен туыстарымның сүйіспеншілігі, балаларым мен немерелерімнің қамсыз болашағына сенімділік үшін алғысымды айтамын.
Иә, айтса айтқандай, бауырлас өзбек ұлтының өкілдері қасиетті қазақ жерінен. Оның ішінде, киелі Жуалы ауданының топырағына қоныстанып, осында тіршілік кешіп, өмірден өз орындары мен бақытын тапқанына шын жүректен дән риза. Бұл ретте әулеттің үлкендері жергілікті қазақ халқымен бірге өзара сыйластықта тату-тәтті өмір сүріп келе жатқандарын мақтан етеді. Бұлай болуы бір жағынан заңды да.
Бүгінде ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында тұратын Мамаджановтар әулетінің (өзбек ұлттық орталығы мүшелерінің) ең үлкені, сыйлы қария Шәкіржан Мамаджанов та жергілікті тұрғындармен өзара сыйластықты үзбей, атасы салып берген сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Бүгінде жасы жетпісті еңсеріп, сексеннің сеңгіріне жақындаған айтулы азамат, еңбек ардагерінің өмір жолы жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге. Ш.Мамаджанов аудан орталығындағы бұрынғы Г.Орджоникидзе атындағы орта мектепте, мектеп бітіргеннен кейін осындағы автомектепте білім алып, кейіннен Шымкент қаласындағы автотехникумды техник-механик мамандығымен бітіріп, 1969 жылы әскерден келген соң аудан орталығындағы автобус паркіне («Бурненская» ПАТП») механик болып жұмысқа қабылданады. Онда Жамбыл, Шымкент, Қаратау және Жаңатас қалалары бағытына, одан бөлек, ауданға қарасты ауылдарға автобус жүргізіп, жолаушы тасымалының сапалы атқарылуына өз үлесін қосады.
– Онда «Бурненская» ПАТП» аталатын мекеме (автобус паркінде) 350 адам жұмыс істейтін. Оның 60-сы инженерлік-техникалық персонал болса, 210-ы автобус жүргізушілері болатын. Жолаушы тасымалдайтын автобустар 50-ге жуық бағытқа қатынайтын. Үлкен мекемедегі жұмыс процесі бір тынбайды. Бір жағынан қызық. Мекемеде көпшілікпен тіл табысып, ұйымшылдықпен жұмыс атқардық. Кеңес Одағы ыдыраған тұста автобус паркінің де жұмысы тұралап, мекеме банкротқа ұшырады. Автобустар жекеге сатыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, көп қиыншылықтар болды. 1998 жылы аудандық электр желілерін тарату мекемесіне шақыртумен жұмысқа ауысып, онда алғашқыда механик, кейіннен кезекші бөлімде жүргізуші болып жұмыс істеп, 2011 жылы аталған мекемеден зейнет демалысына шықтым,- дейді Шәкіржан аға өз сөзінде.
Автобус паркінде механик, партия ұйымының хатшысы, гараж меңгерушісі, т.б. басқарушылық салада абыройлы еңбек еткен Шәкіржан Мамаджанов кейіннен аудандық электр желілерін тарату мекемесінде механик болып үлгілі еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Қазір қасиетті өңірдің ардагерлер қозғалысына, сонымен қатар, жергілікті этностардың арасында достық пен ынтымақтастықты арттыруға белсене атсалып келеді.
Қасиетті Жуалы жерінде тұратын ұлттар арасындағы татулық пен достықтың, өзара сыйластықтың терең орнығуына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек ардагері, өз ісінің майталманы, Жуалы ауданның Құрметті азаматы және Құрметті ардагері, Жамбыл облысының Құрметті ардагері атақтары – Шәкіржан Мамаджановтың ұзақ жылғы жемісті еңбегіне берілген лайықты баға екені даусыз. Шәкіржан Хаджиұлы қазір аудандық және Б.Момышұлы ауылы ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік және еңбексүйгіштік, Отаншылдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге атсалысып келеді. Бұл да өмірде көпті көрген тәжірибелі азаматтың бір қыры болса керек.
Ол сонымен қатар, «Жамбыл облысының ардагерлері ұйымына – 30 жыл!», Қазақстан өзбектері қауымдастығының «Достық», т.б. мерекелік медальдарымен және Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close