Basty bet

Дін және қоғам

Дін – адамзат баласының ең алғаш Алла тағала алдында жаратылғандағы адамдық келбетін сақтап қалудың негізгі факторы. Сондықтан дін қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы болып саналады. Дінді өмір сүріп отырған ортадан бөліп қарауға мүлдем болмайды. Дінсіз қоғам – мұңсыз қоғам. Бұл жерде – «мұңсыз қоғам» дегенде дін болмаса бәрі керемет, өзіміздің қалағанымыздай шалқып-тасып, қайғы-мұңсыз өмір сүру екен деп түсініп қалмау керек. Данышпан Абай атамыз: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық – аздырар адам баласын» деп текке айтпаған. Дін жоқ жерде, бір жаратушының бар екеніне сенім болмаған қоғамда, адам баласының бойынан қорқыныш сезімі кетіп қалады екен. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған жан ойына келгенін жасап, обал-сауап дегенді мүлдем ұмытып, жоғарыда айтылған «мұңсыз» кейіпте өмірін өткізетіні ақиқат.
Асыл текті бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп неге айтты? Түсінген адамға осы бір қарапайым ғана сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Яғни, дін Құдай тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған жаратушымыз кім десек, ол – күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла тағала. Мейірімі шексіз ұлы Алла адамзат баласын махаббатпен жаратқаннан кейін басқа жан иелерінен артық етіп бізге ақыл-сана берді. Дәрежемізді көтеріп періштелеріне Адам атаға сәжде жасатты. Лағнеті шайтанның кесірінен жәннаттан қуылған Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы болған адамзат баласының саналы өмір сүруі үшін тура жолмен жүруі үшін дінді жаратты. Сондықтан дін қайбір бауырларымыздың санасында қалыптасқандай қожа-молдалардың әпсана-аңыздары емес, Алла тағаланың пендесіне берген, ақ пен қараны ажыратып, ақиқаттың жолына салатын ғажайып сыйының бірі. Қараханид дәуірінде қазақ даласына келген Ислам діні біздің салт-дәстүр, тәрбие-әдеп, таным-түсінігімізбен біте қайнасып, болмысымызға етене жақын болғандықтан кеңінен насихатталып, бірден таралып кетті. Содан бері өткен он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам мұсылмандықтың мызғымас діңгегіне айналды.
Дін – түсіне білген адамға ғылым мен білімнің көкжиегіне жол ашатын, тамыры тереңде жатқан рухани қазына һәм мол ілімнің қайнар бұлағы. Мұқағали Мақатаевтың: «Дін – ғылымның анасы, ғылым – діннің баласы» деген екі-ақ ауыз өлеңінде үлкен мағына жатыр. Өйткені, Алла тағала сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсірген алғашқы уахиында: «Оқы, оқы, Жаратушы Раббыңның атымен оқы» деп оқуды әмір етті. Алла елшісі өзінің бір хадисінде: «Білімді Қытайдан болса да үйреніңдер» деп өсиет айтып, қай жерден болсын білім мен ғылымнан қол үзбеуге бұйырды. Яғни, дін – тіршілігімізде құлшылығымызбен қатар оқу мен білуді, тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеуді насихат етуде.
Аллаға шүкір, бүгінгі таңда еліміздің экономикасы өрлеп, әлеуметтік хал-ахуалымыз қалыпты жағдайға түсті. Сан түрлі технологияның дәуірі келіп, ғылым кеңістігіне кеңінен жол ашылып, Тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпақтары жаңалыққа толы жаңа ғасырда жасампаздықтың үлгісін көрсетуде. Осы тұста асыл дініміздің де айы оңынан туып, жастар имандылыққа бет бұра бастады. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзін зайырлы мемлекет деп жариялағаны белгілі. Бұл – «Ақпыз, қара, сарымыз, туысқанбыз бәріміз» деп ел басына күн туғанда елімізден пана тапқан барша ұлттар мен ұлыстарды жатсынбай, құшағын ашып, бауырына басқан даладай дархан еліміздің кең пейілділігінің жемісі еді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» данышпан Абай айтқан осынау асыл сөзге ақыл көзімен қарап, адамзат баласына бауырмалдық танытып, еліміз бейбітшіліктің бесігіне айналды.
Дәл осы жол, дәл осы пейіл – асыл дініміз Исламның басты қағидасының бірі. «Білімсіз дін – соқыр, дінсіз білім – ақсақ» деген еді. Дінде ғана емес, кез келген саланың көкжиегіне көтеріліп, ғылым тереңіне бойлау үшін адамға ең алдымен білім керек. Ол үшін көлденең көк аттыға еріп, соқыр сенімге сеніп кетуден сақ болғанымыз абзал. Хакім Абай атамыз айтқандай: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, белгісі надан адамның» деп надандықтың жетегіне еріп кету жалпы қоғамға, қоғамдағы ұлт бірлігіне сызат түсіріп, оның соңы түрлі бүліктерге алып келуі мүмкін. Дін – ұстай білсеңіз қасиет, ұстай алмасаңыз қасірет екенін естен шығармаған дұрыс. Білімсіздіктің аяғы соқыр сенімге алып келеді. Мұндай жандар түптеп келгенде діннің жанашырлары емес, жауларына айналмақ. Дінді дұрыс түсінбеуден, оған терең ілім ретінде қарамаудан асыл дініміз Исламға аракідік күйе жағылып тұратыны белгілі. Жаратылған пенденің көкірек көзінің бітеліп қалғандығынан Жаратушы иенің аманаты болған асыл дінімізге неше түрлі айыптар тағылуда. «Экстремизм», «Терроризм», «Фанатизм» сияқты неше түрлі «измдер» жалғанып, қарапайым халықтың көңіліне көлеңке түсіруде.
Жоғарыда айтқандай, дін – Алла тағаланың пендесіне берген үлкен нығметі болғандықтан онда ешқандай да адамға жасалатын қиянат жоқ. Қоғамда болып жатқан небір жамандық атаулыны дінмен байланыстырып, қаралай беру дегеніміз нағыз – дін дұшпандарының әрекеті болмақ. Өйткені, Хақ тағала дінді Құдайына құлшылық жасау арқылы баянды болашағының бағдаршамына айналдыруды бұйырған. Ал, оны қаруға айналдырып, қантөгіс жасау немесе өзін-өзі жарып жіберу арқылы жанкештілік көрсету ешқандай діннің негізіне жатпайды.
Жалпы дін дегеніміз – адамның өзін-өзі тәрбиелеп, екі дүниелік бақытына жол ашатын, оқу-білімге жетелеп, бойына ізгі қасиеттер сіңіріп, қараңғы кеудесін иман нұрымен жарықтандырып, көркем мінез сыйлайтын бірден-бір ілім. «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» дегенді терең түсінген бабалар: «Жиғанымды алсаң да, иә, Алла – иманымды алма» деп дұға жасаған. Қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратып тұрған діннің алар орны ерекше. Сондықтан, дін мен саясаттың беріктігін қоғамның беріктігі деп түсінген жөн. Осы екі сала жарылмайтын жаңғақтай жұмыр дүниеге айналғанда ғана ешкім бізді ішімізден ірітіп, іргемізді ажырата алмайды. Дін – діліміз һәм діңгегіміз екенін естен шығармайық!

Рамазан Абделиев,
Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын
зерттеу орталығы»
КММ-ның Жуалы ауданы
бойынша инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close