Basty bet
Бала қауіпсіздігі – қоғам келешегі
Бүгінде елімізде жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, жалпы балалардың құқығын қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан сақтандыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналып отыр.
Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын, оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Жоғары қабаттағы терезеден құлаған сәби, түтінге уланған бала, суға батқан жасөспірім, отқа күйген нәресте, өгей шешенің қорлығы, қатал әкенің сұмдығы… Одан бөлек, ата-аналарының кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдырып, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан жағдайлар…
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларының бірінде: «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» деп баса айтты.
Осыған орай, 2023 жылдың 16 қазанынан бастап отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылған болатын. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әлімжеттік құрбандары тәулік бойы 111 нөміріне хабарласып, көмекке жүгіне алады. Егер отбасында тартысты жағдай туындаса және Сіз өз бетіңізбен оны жеңе алмасаңыз, онда кәсіпқой психолог пен заңгердің көмегі қажет болары сөзсіз. Балалар мен жастарға арналған сенім телефоны 24 сағат бойы, ақысыз және аты-жөнін көрсетпей (анонимді) жұмыс істейді. Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен тең енгізілмек.
Сенім телефондары жұмысының негізгі қағидаттары анонимділік және құпиялық. Маманнның бетпе-бет қабылдауынан айырмашылығы, клиент толығымен жасырын болып қалады. Яғни, жеке мәселелер бойынша еркін сөйлесу мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар, елде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде жаңашылдықтар орын алып отыр. Соның ішінде, учаскелік комиссиялардың жұмысын автоматтандыру бағытында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап «FSM Social» мобильдік қосымшасын қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты, елдің түкпір-түкпірінде мамандар арасында арнайы оқытулар өткізуде.
Бұл мобильдік қосымшаны жеке азаматтар пайдаланбайды. Тек учаскелік комиссияның құрамына беріледі. Нақтылап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш түскен кезде тұрғылықты жері бойынша ауылдық округтер және мансап орталықтары портал арқылы өтініш беріп, ол қабылданғаннан кейін учаскелік комиссияға отбасын зерделеуге тапсырма беріледі. Бұрын мұның барлығы қағаз түрінде болатын. Енді бұл жүйе автоматтандырылғандықтан, мәлімет атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпараттық жүйеден округтегі учаскелік комиссия төрағасына сигнал түседі. Оны қосымша арқылы басқа да комиссия мүшесі қарап, растайтынын немесе келісім бермейтінін қолтаңбасын қою арқылы жіберіп, соңғы шешімді уәкілетті орган – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі шығарады.
Еске сала кетейік, бұл аталған жоба мүшелері Жуалы ауданына да арнайы келіп, мамандарға мобильдік топтардың жұмысын автоматтандыруға арналған FSM Social мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін жан-жақты ашып көрсетіп, тереңірек түсіндірілетіні жайлы әлеуметтік бағдарламалар мен аудан әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ның ұйымдастыруымен өткен оқыту семинарында айтылған еді.
Келесі мәселе, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің әр түрлілігі, оның ішінде, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар санының артуы үлкен алаңдатушылық тудыруда. Осыған байланысты аудан орталығында «Отбасын қолдау орталығы» ашылып, арнайы мобильдік топ құрылған. Мақсаты – көмекке мұқтаж жандарды уақтылы анықтап, қажетті әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік, медициналық және құқықтық қолдау көрсету.
Отбасын қолдау орталығының берген мәліметіне сүйенсек, заңгерлік көмек – 18, әлеуметтік көмек – 25, психологиялық көмек – 15, татуластыру жұмыстары – 11, 30 тәулікке жолдасына қатысты қорғау нұсқамасы қойылды – 11, сенім телефонына жүгінгендер саны – 9 болса, бүгінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 3 әйел, 12 бала орталыққа орналастырылған.
Тағы бір өзекті мәселенің бірі – балалардың терезеден құлауы. Балалар өздерінің табиғи қызығушылығына байланысты ашық терезенің қасында ұстана алмайтыны рас. Көктем мен жаздың келуімен балалардың терезеден құлап, ағын суға батып кетуінің қайғылы фактілері жиілейді. Көбінесе бұл кішкентайлар ересектердің қарауынсыз қалғанда, үлкендердің немқұрайлылығы мен жауапсыздығы салдарынан орын алуда. Ауа райы жылығаннан бастап биіктіктен құлау, шомылу кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан күнде қаншама оқыс оқиғалар орын алып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатқандығы жасырын емес… Статистика көрсеткендей, қиын жағдайға тап болған балалардың дені бір жастан 14 жасқа дейін құрайды.
Осы жағынан «баланы – жастан» деп басталатын нақыл ата-бабамыздың саналы, салиқалы ұрпақ өсіріп, толыққанды азамат етіп қалыптасу жолын меңзеп тұр. Қоғамның іргетасының дұрыс қалыптасуы тәрбиелі адамдардың көптігіне байланысты, мұндай елдің болашағы жарқын. Елімізде заң мен тәртіпке негізделген жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келе жатқан шақта тәртіпке бағынбайтын жастардың да, ересектердің де саны азаймай отыр.
Түйін: «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, баланы қауіпсіздікке дағдыландыру – болашақтың кепілі. Осындай атаулы бағдарламалар мен әлеуметтік көмек алдағы уақытта жалғасын тауып ғана қоймай, елдегі әрбір бүлдіршін қауіпсіз қоғамда қапысыз өмір сүруге дағдыланбақ. Бүгінгі ұрпақ – «жоқ» дегенді білмейтін заманның кейіпкерлері. Не ішем, не кием деп алаңдамайды. Себебі, олар бәрін сатып алға болатын заманда өмір сүруде. Ата-аналардың таңның атысы мен күннің батысы еңбек етуінің себебі де, сол – баланың қамы. Иә, барлық бала отбасында алаңсыз өмір сүруге әбден лайық. Дегенмен, бала қауіпсіздігі басты назарда болғаны дұрыс!
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»