Basty bet

Нашақорлыққа жол жоқ!

Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Оның әртүрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қолжетімділік. Бұған дәлел, күн сайын әртүрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жайлы ақпарттар.
Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне – мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені, жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан “бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас” деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады. Ал, есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды.
Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп, өзінің денсаулығын және өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.
Нашақорлық – есірткі заттарына паталогиялық құмарлық, бүкіл қоғамның қасіреті, болашаққа қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы.
Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні белгілі. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Біз – күш біріктірудің арқасында өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, саламатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенеміз.
Осыған орай, ауданның білім беру мекемелерінде есірткіге қатысты түрлі тақырыпты қамтитын іс-шаралар өткізілуде. Бүгінде білім ошақтарында түрлі семинар, дәрістер мен дөңгелек үстел, сондай-ақ, ата-аналардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Қорыта айқанда, нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу – біздің қолымызда. Себебі, біз жаңа дәуірде елімізді сақтайтын жігерлі, мықты, денсаулығы зор ұрпақ жалғастыратын қазақ елінің саламатты ұрпағымыз. Қамшының сабындай қысқа өмірде тұңғиық түбіне батпай, ата-бабамыз бізге аманат еткен Тәуелсіз еліміздің көк туын төмен түсірмей, бірге көкке көтерейік. Тамыры тереңге жайылып бара жатқан нашақорлық дертімен бірлесе күресіп, жастар болашағының жарқын болуына бірге атсалысайық!

Назерке МАҚТАБАЕВА,
аудандық Жастар ресурстық орталығының психолог маманы

Таңдаулы материалдар

Close