Basty bet
Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті
Аудан әкімі апаратының үлкен мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Жанна Махмудова мен аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің маманы Шерхан Оспанов қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасады.
Отырысты қоғамдық кеңес төрағасы Р.Құниязов ашып, күн тәртібіне сәйкес аудан өміріне қатысты бірқатар маңызды мәселелер бар екенін атап өтті.
Алғашқы мәселе бойынша «Жуалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешім жобасына енгізілетін өзгерістер қаралды. Ж.Махмудова тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі, қаржының игерілу барысы және аз қамтылған отбасыларды анықтау жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
Баяндама барысында тұрғын үй көмегіне қатысты сауалдар қойылып, бұл бағытта түсіндіру-насихаттау жұмыстары аудандық газеттерде, әлеуметтік желілерде және ауылдық округтерде жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны айтылды. Нәтижесінде аталған мәселе кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Екінші мәселе бойынша 2026 жылға арналған аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістер қаралды. Аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің маманы Ш.Оспанов бюджеттік өзгерістердің себептері мен бағыттарын баяндады. Сонымен қатар, Көлтоған спорт кешеніне бөлінген қаржы мәселесі де қаралып, ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.
Үшінші мәселе бойынша қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, алдыңғы жылы қаралған мәселелерді де бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.Сондай-ақ, кеңес мүшелерінің белсенділігін арттыру мақсатында қоғамдық кеңестің төралқа құрамына жаңа мүшелер сайлау ұсынылып, оған Мұратбек Нысанов мен Ақнұр Суфан сайланды. Ал, төрағалыққа Рахымғазы Құниязов бекітілді.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ,
аудандық қоғамдық
кеңестің төрағасы