Basty bet
Нұрсұлтан – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері
«Дарын» мемлекеттік сыйлығы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің дарынды жастарға арнаған мемлекеттік сыйлығы. Ол 1992 жылдан бастап 35 жастан аспаған, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени қызметтерімен халыққа танылған, дарынды жастарға 2 жылда бір рет беріліп келеді. Мақсаты – қазақстандық жастардың ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету, олардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуларына кеңінен мүмкіндіктер ашу.
Жақында біздің жуалылық Ибрагимов Нұрсұлтан Құдайбергенұлы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша марапатталды.
Нұрсұлтанның бұл жеңісі барша жуалылықтардың мерейін тағы бір өсіріп тастады.
Тәуелсіздік құрдасы Нұрсұлтан Құдайбергенұлы 1991 жылы Көктөбе ауылында дүниеге келген. Көктөбе орта мектебінде 9 сыныпты тамамдап, Тараз қаласындағы Тараз Мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжіне оқуға түседі. Колледжді заңгер мамандығы бойынша бітіріп, әрі қарай аталған университетте журналистика мамандығы бойынша білім алады.
Нұрсұлтан 17 жасында «Қазақстан-Тараз» облыстық телеарнасы ұйымдастырған конкурсқа қатысып, конкурс талаптарына сай өзінің қабілетін көрсете біліп, ақпараттық бағдарламаның редакторы болып жұмысқа орналасады. Бұл қызметті Нұрсұлтан 2008-2011 жылдары атқарды. 2011 жылы «Қазақтелеком» АҚ орталық аппаратының баспасөз хатшысы болып ауысады. 2013 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясынан жұмысқа шақыру туралы ұсыныс келіп, нәтижесінде осы жылы «Қазақстан» телеарнасына жауапты редактор болып ауысады.
Телеарнада қызметте жүріп, ұлттық спортымызды насихаттау мақсатындағы «Қазақстан Барысы» жобасына жетекшілік етеді. Шетелдік трансляцияда хабар таратады. Телеарнада қызмет еткен 2013-2016 жылдары 15-ке жуық шет мемлекетте арнайы іссапармен жұмыс істейді. Италия, Қытай, Ресей мемлекеттерінде біліктілігін арттыру курсынан өтеді. 2016 жылы ҚР Парламентінен жұмысқа шақыру түсіп, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Мәжіліс депутатының көмекшісі болып тағайындалады. 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің ұлттық ойын ат спорты түрлері орталығының директоры болып қызмет етеді. 2018-2019 жылдары, яғни бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз хатшысы болып қызмет етуде.
2013-2019 жылдар аралығында Нұрсұлтан 40-тан астам ірі республикалық, халықаралық жарыстардың өткізілуі мен ұйымдастырылуына жетекшілік жасады. Нұрсұлтанның кешегі жоғары марапаты да осы елеулі еңбегі үшін беріліп отыр. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына 250 жоба қабылданған. Алайда оның оны ғана он аталым бойынша марапатталып отыр. Бұл әрине, шындығында үлкен жетістік.
Нұрсұлтан Құдайбергенұлы отбасының кенжесі. Үлкен отбасынан шыққан, өнегелі тәрбие алған Нұрсұлтанның өмір жолы іні-қарындастарына үлгі-өнеге.
Нұрсұлтанды қуанышымен құттықтау мақсатында хабарласып, тілдескен едік. Оның рухани деңгейі, жаңашылдығы, мақсаткерлігі еліміздің жарқын келешегіне деген сенімімізді жани түсті.
-Мақсатым – елге адал қызмет ету. Аллаға тәуба, Тәуелсіз Отанымыз бар! Ендігі жерде жастар бос қиялдамай, болмашыға еліктемей, тек қана еңбек ету керек. Ол үшін ең бірінші, имани тәрбиесі болуы керек.
Қазір жастардың барлығы ақылшы, шетінен тұлға. Қанша жерден өзімізше мықты болғанымызбен, халыққа ақыл айтатындай дәрежеге жеткен жоқпыз. Біздің үйренгенімізден, үйренеріміз көп.
Көптеген жастар бір түймесін артық түймелесе болды өзін жарнамалауға тырысады. Өзінің ісіне жауап бере алмай жүріп, үкіметті жамандайды. «Маған мемлекет не береді?» деп ойлайды. Ал, «мемлекетке мен не беремін?» деген сұрақ мазаламайды. Бір-бірін сыйламайды, жоқ жерге басын сұғып, пайда тапқысы келеді. Әрине, барлығы емес. Бірақ, осындай көріністер қоғамда жиі кездеседі.
Мен жұмыс бабымен бірнеше мемлекетте болдым. Жәй қыдырып емес, жұмыс істеп жүргендіктен елдегі жағдай мен дамыған шет мемлекеттердегі жағдайды салыстырып отырамын.
Еуропада бәрі тамаша деп ойлаймыз. Жоқ, олай емес. Бізде еркіндік, қай оқу орнында оқимын дейсіз, қандай жұмыс істеймін дейсіз, қандай кәсіп ашам деп ойлайсыз, бәріне еңбек етіп, қол жеткізе аласыз. Және үкімет тарапынан сізге қолдау да бар.
Біз өзгедегі жақсыға да, жаманға да еліктей бермей, тек жақсы жағын ғана алуымыз керек.
Еуропада туған бауыр, бала мен әке-шеше бір-бірімен араласпайды. Тұрақты неке жоқ. Тіпті жеркенішіті. «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» демекші, біз барымызды бағалай білуіміз керек.
Ауылда қаншама бос жерлер жатыр. Ауылда шамалы ғана халық бау-бақша өнімдерін егіп, жаз бойы еңбек етіп, қыс бойы соның рақатын көреді. Қалған, бос жүргендері қыс бойы жарымай, үкіметті жамандап шығады.
Социалистік Еңбек Ері, ақ күріштің атасы атанған, дала академигі Ыбырай Жақаевтың «Етікші етігін тіксін, диқаншы егінін ексін, мемлекеттік қызметші өз қызметімен айналыссын» деген сөзі бар еді. Бұдан артық ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Біз әрқайсымыз өз жұмысымызбен айналысып, бөлінбей барлығымыз бірге елдің дамуы үшін еңбек етсек болды,- дейді Нұрсұлтан.
Иә, басты тағылым – тәуелсіздік жағдайында тіршілік кешу. Ерекше жауапкершілік екендігін түсіну. «Азаттық жолы – азапты, тәуелсіздік жолы – тәуекел» дегенді ұмытпайық. Ең алдымен, бірлігіміз мықты болуы керек. Іші бүтін емес елдің сырты да бүтін болмайды.
Елбасымыз бір сөзінде: «Тәуелсіздіктің ендігі тағдыры негізінен тоталитарлық қоғамның қайшылықтарын бойына сіңіріп үлгермеген жас ұрпақтың біліктілігіне, білімділігіне, отаншылдығына, жауапкершілігіне байланысты» деген еді. Яғни, елдің болашағы Нұрсұлтандай азаматтарымыздың қолында. Туған жерімізден бүкіл еліміз үлгі тұтып, арқа сүйейтіндей азаматтарды түлете берейік.
Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»