Basty bet

Өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа ұлағат

Әрбір әулеттің тарихында елге үлгі, ұрпаққа өнеге болатын асыл жандар болады. Сол асылдардың бірі – біздің атамыз, Ұлы Отан соғысының ардагері Жуалы ауданына қарасты Рысбек батыр ауылының тумасы Анарбек Ауғамбаев. Оның ғұмыр жолы – ерлікке, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, өнерге толы тағылымды өмір. Бұл мақалада атамыздың майдандағы ерлігі, соғыстан кейінгі ел еңсесін көтерудегі ерен еңбегі, отбасындағы тәлім-тәрбиесі, ауыл-аймаққа сіңірген қызметі мен ұрпағына қалдырған рухани мұрасы жөнінде баяндалады.

Соғыс жылдарындағы ерлік жолы
Анарбек Ауғамбаев – Ұлы Отан соғысының от-жалынын көрген, қан майданда елін, жерін қорғаған ардагер. Жастық ғұмырын жалмаған сұрапыл соғыс оны да ерте есейтті. Майдан даласында жүріп, Отан үшін от кешіп, жаумен бетпе-бет келді. Соғыстың барлық ауыртпалығын, аштығы мен суығын, ажал мен арпалысты бастан өткерді. Соғысты Германия жерінде аяқтауы – оның жауынгерлік жолының айғағы.
Соғыс жылдары атамыз тек қарумен емес, рухымен де күресті. Ол елге, болашаққа деген сенімін жоғалтпады. Соғыс аяқталған соң, Германиядан патефон алып келуі – сол қиын жылдардан кейін халыққа қуаныш сыйлауды ойлаған жүрегінің кеңдігін көрсетеді. Бұл патефон кейін ауыл өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналды.

Отбасы – берекенің бастауы
Соғыстан оралған соң атамыз Пістекүл апамызбен шаңырақ көтеріп, тату-тәтті, берекелі отбасын құрды. Бұл шаңырақтан үш қыз, үш ұл дүниеге келді. Атамыз бен апамыз балаларына адал еңбек етуді, үлкенді сыйлауды, өнерді қадірлеуді үйретті. Отбасында әрдайым ән мен күй, шаттық пен бірлік салтанат құрды.
Пістекүл апамыз – атамыздың өмірлік серігі ғана емес, оның барлық ісіне тірек, ақылшы болған жан. Балаларына мейірімін төгіп, тәрбиелі, өнерлі болып өсуіне зор ықпал етті. Осындай тату отбасының жылуы кейін немере-шөберелерге жалғасты.

Патефон – ауыл мәдениетінің символы
Атамыз алып келген патефон ауыл үшін үлкен жаңалық болды. Ол кезде мұндай музыкалық құрал екінің бірінің қолында жоқ еді. Ауылда той-думан, мереке, басқосулар атамыздың патефонынсыз өтпейтін. Ән шырқалып, күй төгілгенде ауыл адамдарының жүзінен қуаныш байқалатын.
Патефон тек музыка құралы емес, ауыл мәдениетін көтерген үлкен күшке айналды. Сол патефонның арқасында ауыл жастары әнге, өнерге жақын болып өсті. Бұл – атамыздың рухани саладағы еңбегінің бір көрінісі.

Өнерлі ұрпақ – атаның аманаты
Атамыздың балалары – Шарипа, Қалипа, Бахытша, Ноянбек, Ниязбек, Уранбек барлығы да әнге, музыкаға жақын болып өсті. Олар түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл – атамыздың өнерді қадірлегенінің, балаларына дұрыс тәрбие бергенінің айғағы.
Әсіресе Қалипа әпкеміз ерекше дараланды. Ол аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінде ән айтып, домбырамен өнер көрсетіп, сол тұстағы Одақтың астанасы болған Мәскеу қаласында және Болгария, Чехословакия елдерінде қазақ өнерін паш етті. Дауысы ерекше әпкеміздің сахнада өнер көрсеткені үшін 1972 жылы КСРО-ның лауреаты, 1973 жж Қаз ССР-ның лауреаты атағы беріледі. Бұл – бір ғана отбасының емес, тұтас ауылдың, елдің мерейі. Әпкеміз Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы Абай ауылының келіні, қазір ардақты ана, немере-шөбере сүйген әже.

Кино арқылы халыққа рухани демалыс
сыйлаған жан
Атамыздың мәдениетке сіңірген еңбегі мұнымен де шектелмейді. Ол ауыл клубында кино қоятын. Ат арбаға кино аппаратын тиеп алып, қойшы ауылдарды аралап, халыққа кино көрсетіп, халыққа рухани демалыс сыйлады. Бұл сол заман үшін үлкен жаңалық, ерекше мәдени оқиға болатын. Кино көрген ауыл балалары мен үлкендері атамызға риза болып, алғыстарын білдіретін. Осылайша атамыз ауыл мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.

Ауыл балаларының тәрбиешісі
Атамыз ауыл балаларына ерекше көңіл бөлді. Есік алдына балалар жинала қалса, оларды сапқа тұрғызуды, дұрыс жүруді, сапта жүріп ән айтуды үйрететін. Бұл – оның әскери тәртіп пен өнерді ұштастыра білгенінің белгісі. Балалар атамызды ерекше құрметтеп, оның айтқанын тыңдайтын.
Ол үшін әр бала – елдің ертеңі еді. Сондықтан да ол жас ұрпақтың тәрбиесіне бей-жай қараған жоқ.

Ауылдың көркеюіне қосқан үлесі мол
Соғыстан кейінгі жылдары атамыз ауылдың дамуына бар күшін салды. Әсіресе ауылдың жоғары жағындағы «Мақау қыстақ» атанған бөлігіне тас жол төселуіне елеулі үлес қосты. Бұл жол ауыл халқының тұрмысын жеңілдетіп, қатынасты жақсартты.
Сондай-ақ, атамыздың іскерлігінің арқасында есік алдына қазылған құдықтан бүкіл Мақау қыстақтағы отбасылар тәтті су ішті. Бұл – сол кездегі ауыл үшін үлкен игілік еді.

Ұста атамыз
Атамыз – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам болды. Ол ағаш ұстасы, темір ұстасы ретінде де елге қызмет етті. Өз қолымен жасаған сандықтар, шкафтар сол кездегі әрбір отбасынан орын алды. Атамыздың өз қолымен жасаған домбырасының арқасында шығар отбасындағы ұрпақтарының әнге, өнерге де құмарлықтары. Бұл бұйымдар тек тұрмыстық зат емес, шеберліктің, еңбектің белгісі еді.

Елге жанашыр азамат
Соғыстан кейін ер азаматынан айрылған отбасыларға атамыз ерекше қамқор болды. Ол өз есебінен колхоздан қой, ұн жаздырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп отырды. Бұл – оның адамгершілігінің, кең пейілінің дәлелі.
Атамыз колхозда жыл он екі ай механизатор, комбайнда да еңбек етті. Қара жұмыстан қашпай, ел игілігі үшін тер төкті. Бірде сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ауыл аралап келгенде, қара майға малынып жұмыс істеп жүрген атамызбен қол алысып амандасқаны – оның еңбегіне берілген үлкен баға.

Ұрпаққа қалған асыл мұра
Бүгінде атамыздан тараған ұл-қыздары бір-бір отбасының атасы мен әжесі, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Атамыздың өнегелі өмірі, адал еңбегі, өнерге деген сүйіспеншілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Оның есімі – ел жадында, жасаған ісі – тарихта, қалдырған тәрбиесі – жүректерде. Біз атамызды мақтан тұтамыз, оның өмір жолын үлгі етеміз.
Ауғамбаев Анарбек атамыздың ғұмыры – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Соғыстың зардабын көріп, елге оралып, бейбіт өмірде де тыным таппай еңбек еткен, өнерді өркендеткен, ауылды көркейткен, адамға жанашыр болған тұлға. Осындай ұлағаты жаннан тараған біз ұрпақтары, немере-шөберелері өз тамырымызды, тарихымызды, рухымызды ұмытпаймыз.
Атамыздың әзіз рухы – бізге мәңгілік бағдар.
Өмір жолы – ұрпаққа өшпес өнеге.
Гаухар СПАТОВА,
Ауғамбаевтар әулетінің келіні.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close