Basty bet
2026 жылы тойланатын мерекелер мен атаулы даталар
Биыл еліміз үшін тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Себебі, бұл жылы дәстүрлі түрде аталып өтетін мерекелерден бөлек, қазақтың бірқатар көрнекті зиялыларының мерейтойлары да тойланбақ.
Алаш арыстарының мерейтойлары
Алаш қозғалысының көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуымен ерекшеленеді. Ол қазақ мемлекеттілігі идеясының негізін қалап, ел мүддесін саяси күрестің өзегіне айналдырған тарихи тұлға ретінде танылды. Оның ұлт тағдырына қатысты көзқарасы мен принципшілдігі бүгінгі Қазақстан үшін де өзекті.
Сондай-ақ келер жылы ұлт ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсаринның туғанына 185 жыл толады. Қазақ тіл білімінің іргетасын қалап, ұлттық баспасөзді қалыптастырған ол- ел руханиятының темірқазығына айналған ірі қайраткер.
Ғылым мен әдебиет алыптары
Қазақ ғылымының шамшырағы, ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Оның этнография, тарих және мәдениет саласындағы еңбектері қазақ халқын әлемге танытты.
Әдебиет саласында да бірқатар ірі даталар бар. Қазақ поэзиясының шебері Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Оның өлеңдері бүгінге дейін талай жастың жүрек сырларын жазып, сезімдерімен бөлісетін өлең жолдары болып отыр.
Сонымен қатар, ақын, айтыскер, аңыз адам Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуы да әдеби орта үшін маңызды дата болмақ.
Өнер, мәдениет және ғылым
Дәстүрлі өнер өкілдерінің де мерейтойларымен есте қалмақ. Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл, ал қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі – Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толады.
Саз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған композитор Кеңес Дүйсекеев пен поэзиядағы сыршыл әрі отансүйгіш жырларымен танылған ақын Күләш Ахметованың туғанына 80 жыл болады. Ал қазақ киносының шамшырағы Меруерт Өтекешова биыл 75 жасқа толады.
Қазақ спорт тарихындағы дара тұлға, әлемге танылған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толса, қазақ спортын әлемге танытқан балуан Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына – 75 жыл толады. Ол сондай-ақ қазақ ауылдарының дамуын да көп насихаттаған жан. Сондай-ақ жылқы жылында ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкер Талғат Мұсабаевтың туғанына 75 жыл толса, осы жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жас мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілмек. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 90 жасқа келеді.
Тарихи тұлғалар мен тағдырлы оқиғалар
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толады. Оның ерлігі мен қайсарлығы азаттық жолындағы күрестің символына айналды.
Сондай-ақ 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы тарихи шешімі ретінде әлемдік қауіпсіздікке қосқан зор үлесі.
Бұдан бөлек, Қазақ КСР атауының Қазақстан Республикасы болып өзгертілгеніне 35 жыл, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланғанына 35 жыл толады. Бұл шешім ел тарихындағы шешуші кезеңдерді еске салатын маңызды даталар болып есептелінеді.
Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толуы ұлттық сананың оянуына себеп болып, егемендікке қол жеткізген тарихи белесті тағы бір мәрте зерделеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге 2026 жылы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 190 жыл толады. Бұл қозғалыс қазақ халқының отарлық езгіге қарсы күрес рухын айқын көрсеткен тарихи оқиға ретінде бағаланады.
Бұл 2026 жылы атап өтілетін мерекелер мен айтулы даталардың тек бір бөлігі ғана. Жалпы барлық айтулы оқиға мен даталар елдің дамуында тарихтан хабар беретін маңызды кезеңдерді құрайды. Сондықтан жылқы жылында тойланатын әрбір мерейтой да, ауқымды дата да халықтың санасы мен тағылымын тереңдетуде маңызды рөл атқармақ.
Жағымды жаңалықтар көбейеді
Рас биыл жылқы жылына кіреміз. Атап өтер жайт, жылқы жылы әр он екі жыл сайын қайталанады. Бұған дейін 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014 жылдар жылқы жылы ретінде тарихқа енді. Алдағы Жылқы жылы 2038 жылы болады.
Жалпы жылқы жылының тарихына көз салсақ, көбіне бұл бастамалар мен өзгерістердің кезеңі ретінде есептеледі. Бұл уақытта адамдар тәуекелге барады, жаңа істер бастайды, еркіндікке ұмтылады, жаңа жобаларды жүзеге асырады.
Болжамға қарағанда, 2026 жыл экономика мен саясатта және әлеуметтік салада «жаңару жылы» деп сипатталып отыр. Сондықтан жаңа мүмкіндіктер, табыс көзі, тың идеялар, білім алу және әлеуметтік ортаны кеңейту мәселесі туындайды. Бұл, әрине, жақсы нышан. Жалпы тарихқа көз салсақ, жылқы жылдары тоқырау немесе дағдарыс орын алмаған, бұл жыл қозғалыс пен тыңнан шешім қабылдау кезеңі болып ерекшеленеді. Сондықтан бұл жылды өзгерістердің бастау болатын жемісті кезең деп айтуымыз керек. Мысалы, тарихқа көз салсақ, жылқы жылы айтулы оқиғалар орын алған. 1978 жылы Қазақстан КСР-інің жаңа Конституциясы қабылданып, жоспарлы экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне күш жұмсалса, 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, елдің болашақ тәуелсіздігіне құқықтық негіз қаланды. Ұлттық сана күшейді, халықтың саяси белсенділігі артты. 1990, яғни жылқы жылы Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты, ұзамай бірер жылдан кейін Қазақстан мемлекеті өзінің тәуелсіздігін жариялады. Бірқатар нумерологтардың болжамына сенсек, биылғы 2026 жыл да қаржылық жағдайды жақсарту мен мансаптық тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Басталған жобалар ұзақмерзімді болашақта нәтижесін беріп, толық жүзеге асуы мүмкін.
Материалды әзірлеген
Лаура Мұсабекова
