Basty bet
«Таза Қазақстан» – ортақ жауапкершілік пен жарқын болашаққа қадам
Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Таза Қазақстан» бастамасы – қоғам үшін аса өзекті әрі уақыт талабынан туындаған маңызды бағыт. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мәселесін тек экологиялық шара ретінде емес, ұлттық сана, тәртіп пен жауапкершілік мәдениеті тұрғысынан қарастыруға жол ашады.
2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының Өңірлік жоспарына сәйкес, елді мекендерді, соның ішінде, Бауыржан Момышұлы ауылын абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Президент көтерген “Таза Қазақстан” бастамасы – ел болашағына бағытталған маңызды, әрі өзекті үндеу. Бұл – тек экология мәселесі ғана емес, ұлттың мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін айқындайтын кең ауқымды идея.
Аталған экологиялық акцияның аясында ауыл аумағынан қоқыстар шығарылып, 20 рет сенбілік жұмысы және 10 рет тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Бауыржан Момышұлы ауылында бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауыл тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, жасыл желек отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жастарға экологиялық тәрбие беру және тазалықты сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары да тұрақты назарда.
Тазалық – бір реттік акция емес, бұл – үздіксіз үрдіс. Сондықтан “Таза Қазақстан” идеясын табысты жүзеге асыру үшін билік пен халықтың бірлігі аса маңызды. Әрбір тұрғын туған жерінің тазалығына жауапты екенін терең сезінгенде ғана бұл бастама өз нәтижесін береді.
Ұлттық құрылтайда айтылған бұл үндеу баршамызды бей-жайлықтан арылып, нақты іске көшуге шақырады. Таза орта – дені сау ұлттың, берекелі елдің кепілі. Осыған әрқайсысымыз үлес қосуымыз қажет.
Рәтбек Көсембаев,
Бауыржан Момышұлы
ауылының әкімі