Basty bet

Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

Еңсесі түспес ерлігі, ерен қуат бірлігі, ұлағатты дәстүрі бар әлемдегі еңселі елдердің қатарында салтанат құрған қазақ елі үшін ең қастерлі құндылығымыз болып табылатын Тәуелсіздік күнінен асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Мерейлі мерекеге орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұртшылықты жалпыұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жылы лебізін білдіре келе, «16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні» мерекесіне және Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен сала ардагерлерін марапаттады. Сонымен қатар, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа облыс әкімінің, аудан әкімінің және «Nur Otan» партиясының Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарын табыстады.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарды «Жуалы ауданының Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Шарада «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы Шалқар Әміров, Валентина Письмак, Тілеуқабыл Наралиев, Ілияс Ахметов, Сейсекүл Исматова, Күлбақыт Айтқұлова, Рүстем Қожаназаров, Жасанбай Түлкібаев, Сейітқазы Медетбек сынды азаматтарға берілді.
Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков аймақтағы ардагерлер қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматтарды «Ауданның Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертті аудандық «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының ұйымдастыруымен ерекшеленді. Ауданға қарасты ауылдық округтерден құралған ардагер өнерпаздар өз өнерлерін көпшілікке тарту етті. Сахна шымылдығын Қызыларық ауылдық округінің әжелер ансамблі «Жуалым» әнімен ашты. Аға буын өкілдері, сала ардагерлері Шәмші әндерін шырқап, күмбірлете күй шертті. Көпшіліктің ауылға, туған жерге деген сағынышын басып, ауыл туралы әндерді әуелете орындады.
«Қызғалдақ» ансамблінің іргетасын қалаған мәдениет саласының ардагерлері «Гүлдер» биін мың бұрала билеп, көрерменнің ерекше ықыласына ие болды. Әлі де қимылдары ширақ ардагерлер дәл сол қалпында биді үздік орындап шығып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Концертте Жетітөбе ауылдық округінен келген ауылдың алты ауыз әндерінің шебері Анар Нұржауова аналық ақ тілегін жеткізіп, мерекеге арнаған өз өлең шумақтарын тарту етсе, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Райгүл Әбделиева Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді оқып, патриоттық рухты көтерді.
Шара соңында «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» Сейітқазы қажы Медетбекұлы Тәуелсіздік жолында құрбан болған, елім, жерім деген қандастарымыз бен бабалар рухын еске алуды ұмытпау қажеттігін айтып, халыққа батасын берді.
P.S. «Аналар алқасының» қоғамдық құрылымның ұйымдастыруымен өткен мерекелік концерттен ерекше көңіл-күймен тарқастық. Ауданға қарасты округтерден бойында өнері бар ардагерлерді жинақтап, өте жақсы дайындықпен келген екен. Сахнаға шыққан ақ жаулықты аналар мен ардақты ағалардың жанды дауыста ән салуы мен өнер көрсетуі көрерменге сарқылмас рухани азық болды.
«Өнер – таусылмас қазына» дейді дана халық. Міне, осы сөздің бекерден-бекер айтылмағанының куәсі болдық. Сахнаға кезегімен мерекелік нөмірмен шыққан аға буын ардақты жандардың өнерін тамашалай бергіміз келе берді. Олар ел алдында күнделікті өнер көрсетпесе де, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Әрине, мұндай деңгейде өнер көрсету үшін тыңғылықты дайындық пен тынымсыз еңбек керек екені даусыз. Ардагерлердің осы еңбектері ақталып, шара тиісті деңгейде өтті. Іштей «шіркін, осындай тұла бойында тұнып тұрған өнері бар жандардан жастар үлгі-өнеге ала берсек» деген ой келді. Нағыз рухани баю, рухани жаңғыру деген осы болар деген ой түйдім.

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close