Basty bet
Жаңа Конституция және білім жүйесі: сапалы өзгерістерге бастар жол
Конституцияның жаңа жобасын түсіндіру жұмыстары аясында білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өтті. Жиынға облыс орталығындағы мектеп пен колледж директорлары қатысып, құжаттың негізгі бағыттары талқыланды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының ел дамуына ықпалы кеңінен сөз болды. Ата заңға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірумен қатар, әлеуметтік салалардың, оның ішінде білім беру жүйесінің дамуына жаңа серпін беретіні атап өтілді.
Білім – қоғамның іргетасы. Сондықтан Конституция жобасында балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету, инклюзивті және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру, педагог мәртебесін арттыру мәселелері басым бағыт ретінде қарастырылған. Бұл нормалар білім беру жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қатысушылар адам капиталын дамыту – ұзақ мерзімді стратегиялық міндет екенін айтты. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы ғана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге болады. Осы тұрғыда мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі ерекше мәнге ие.
Жиын барысында сала басшылары өз ұсыныстарын білдіріп, жаңа жобаның білім беру жүйесін жаңғыртуға, педагогтердің беделін арттыруға және оқу орындарының мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Мұндай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары халық арасында кеңінен түсіндірілетін болады.

