Basty bet
Қарабастаудағы спорт нысаны
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесінің құрметіне Жуалыда алты бірдей қуанышты шара өтті. Атап айтқанда, Қарабастау ауылында Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша соғылған спорт залдың, Бауыржан Момышұлы ауылында «Көктөбе» жаңа тұрғын алабындағы инфрақұрылым нысандарының, Қарасаз ауылында халықты ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің, сонымен бірге Қаратас, Кәріқорған, Теріс-Ащыбұлақ ауылдарында медициналық пункттердің ашылуы өтті.
Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында 16 желтоқсан – еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жаңа спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Салтанатты ашылу кешіне округ тұрғындары, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, оқушылар және жастар қатысты.
Мерекеге қатысқан аудан әкімі Нарбай Ергебеков билікөлдіктерді айтулы оқиғамен құттықтап, жылы тілектерін жеткізді.
-Соңғы жылдары ауданымызда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлары жақсарып келеді. Міне, тек бүгінгі күні ауданда алты жаңа құрылыс нысандары ашылғалы тұр,- дей келе, Нарбай Әбілқасымұлы жиналғандарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтап, жылы лебіздерін тіледі.
Аудан басшысы Билікөл ауылдық округінің тумасы құрметті азаматы, ұзақ жылдар ауылдық кеңестің, одан кейін ауылдық округ әкімі болып қызметтер атқарған, сондай-ақ, спорт саласын дамытып, талай спорт чемпиондарын тәрбиелеген Бекберді Қашкеевтің есімін осы спортзалға беру туралы көпшіліктің ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, жиналғандарды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов та құттықтап, қуаныштарына ортақтасты.
Сөйлеушілер спортзалды сапалы, кең әрі сәнді етіп тұрғызған кәсіпкер, Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Әлімбек Жұмабаев басқарған «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-нің құрылысшыларына алғыстарын айтты.
Дәстүрлі спортзалдың лентасын қию рәсімін өткізу аудан басшылары Нарбай Ергебеков, Ерғали Тілеубеков пен ардагер Еңсебек Абсалямовқа бұйырды. Әжелер шашуларын шашты, ал Қ. Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушылары спортзал ішіне енген жұртқа өнерлерін көрсетті, ән айтып, би биледі.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»