Basty bet
Мақсат – білім стандартын талапқа сай игеру
Назиля Мәдібекқызы, қызметіңіз құтты болсын! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы-ақ күн қалды. Жаңа оқу жылы елімізде коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан оқумен басталғалы отыр. Бұл оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін жасалған жағдай. Алайда кей оқушы саны аз мектептер санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі түрде оқытылады деп жоспарлануда. Қалай болған күнде де ұстаздар қауымы мен балаларымыздың ең бастысы аман-есен, бар мүмкіндікті пайдалана отырып сапалы білім алуларына тілектеспіз. Оған ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз керек.
Осыған орай жаңа оқу жылы қарсаңында аудан мектептерінің дайындығы, жалпы жоспарларыңыз туралы сұхбат ұйымдастыруды жөн санадық.
-Назиля Мәдібекқызы, алғашқы сұрағымыз – жаңа оқу жылын қанша мектеп дәстүрлі оқумен бастағалы отыр? Қашықтан оқитын мектептер қанша? Мұқтаж отбасы балаларының оқуға қажетті құралдармен қамтылуы үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Қашықтан оқитын мектептерде интернет мәселесі қалай шешілуде?
-Рақмет!
2020-2021 оқу жылы COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты қашықтан және штаттық режімде оқытылады деп жоспарлануда.
Жаңа оқу жылына болжамды бала саны-11572. Бөлімге қарасты 39 орта мектептің арасында бала санының аздығына байланысты санитарлық –эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 21 мектеп (№9 Абай, №8 С.Бәйтіков, №10 Күреңбел, №3 Қ.Қошмамбетов, №11 Т.Тастандиев, №14 Б.Майлин, №21 Д.Пахомов, №18 М.Ғабдуллин, №20 Жамбыл, №22 Б.Момышұлы атындағы, №26 Жаңаталап, №23 Алатау орта мектептер, №34 Қаратас, №37 Ынтымақ, №36 Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектептер және №31 Ақтасты, №33 Теріс-Ащыбұлақ, №35 С.Мұқанов, №39 Жылыбұлақ, №44 Бақалы, №45 Тасбастау бастауыш мектептер) дәстүрлі оқытылады. Бұл мектептердегі жалпы бала саны -2649 (1360 отбасы).
Ал қалған 18 орта мектептер қашықтан оқытылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, осы 18 мектепте 1-4 сыныптар үшін кезекші сыныптар жұмыс жасау жоспарланып отыр. Бұл мектептердегі бала саны – 8923 (4431 отбасы).
Қашықтан оқытылатын мектептердегі 8923 оқушының 2944 оқушысында (1619 отбасы) жеке компьютерлері немесе ноутбуктар бар, 5567 оқушыда (2572 отбасы) мүлдем компьютері немесе ноутбугы жоқ. Мүлдем компьютері немесе ноутбугы жоқ оқушыларға мектеп баланысында тұрған 1175 компьютер таратып беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда 70 компьютер және роутер алып беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына жалпы оқу қорынан қыстық киім (куртка және аяқ киім) алып берілетін болады.
-Жалпы аудан бойынша қанша мұғалім бар? Ұстаздарымыздың қашықтан оқуға дайындығы қалай?
Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқып аяқтадық. Бұл жағдай бұрын тәжірибеде жоқ болғандықтан біраз қиындықтар орын алды. Ал, биылғы оқу жылына қандай тиімді әдістер пайдаланылмақ?
– Жалпы аудан бойынша 1719 мұғалім бар. Ұстаздарымыздың қашықтан оқуға дайындығы жоғары деңгейде. Айта кетсек, педагогтар қашықтан оқыту үшін білімді жетілдіру курстарынан өтті. Microsoft MII курсын 1385 педагог оқып, сертификаттарын алды.
1600 педагог 17-22 тамыз аралығында «Қашықтан оқытуды үйренемін» тақырыбында онлайн курстың тізіміне еніп, өз білімдерін жетілдірді. Оқу «Steptik.org» платформасы бойынша өткізілді.
– Тәрбие мен білім – терең тамырлас ұғым. Мақсат-міндеттері – қоғамның саналы да белсенді мүшелерін сомдап шығару.
Жалпы, Сіздің ұстаз ретінде, басшы ретінде ұстанымыңыз? Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Салада қандай кемшін тұстар бар? Сіздің ойыңызша Ұстаз қандай болуы керек?
– Жалпы ұстаз ретінде, басшы ретінде басты ұстанымым – сапалы әрі білімді қазіргі заман талабына сай жан-жақты ұстаз әрі білікті маман санын көбейту.
Бүгінгі күннің қатерлеріне мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан және азаматтық тұрғыдан жауап ретінде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ауданның білім саласындағы сапа мен құзіреттілікті басты тұғыр ете отырып, бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақты тәрбиелеу және білім нәрімен сусындату – менің нақты мақсатым.
Бүгінгі күннің ұстазы ұтқыр ойлы, өз мамандығын ерекше құрметпен сүйетін, мемлекетшіл түсініктегі, ұлт жанды, терең ойлы болу керек. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», деп айтқан ұлтжанды ойшылдарымыздай, ұстаздар қажыр мен жігерін, сана мен сауатын тек қана білім мұратына арнауы керек.
-Жаңа оқу жылына әріптестеріңіз бен оқушыларға деген игі тілегіңіз?
-Жаңа оқу жылына: мемлекеттік білім стандартын талапқа сай игеріп, оқу бағдарламасындағы ырғақпен сай жүріп, жаңа асу мен белестерді бағындыруда шығармашылық қанатымыз талмай биіктен көріне беруді тілеймін.
-Әңгімеңізге рақмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»