Basty bet

«Мердігерімізді іздеп жүрміз»

деп шырылдайды уәдеден жалыққан ынтымақтықтар

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты елімізде енгізілген карантин режимі жағдайында ауыл-аймақтарды көркейтумен қатар, азаматтарды жұмыспен қамту арқылы табысын арттыруды көздей отырып, қолға алынған ізгі шараның бірі екені даусыз. Алайда, мемлекеттен қисапсыз қаржы бөлініп, іске асырылып жатқан бағдарламаның мақсатын мердігерлер жете түсінбеген сыңайлы.

Бұлай деуімізге Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ ауылына ауыз су құбырын жүргізіп жатқан «Байсын-А» ЖШС-нің іс-әрекеті түрткі болып отыр. Тұрғындар мердігер ұйымның өкілдерін іздеп, дабыл қаққанына бір айдың жүзі болды. Жоба бойынша серіктестік жұмысшылары маусым айының басында іске кірісіп, ауылдың екі көшесінің қапталын қазған. Бір аптаға жетер-жетпесте шұңқырларға құбырлар тастап, оны жарым-жартылай көміп, қалғанын ашық тастап кеткен.
Бұл қолайсыз жайт шаруаларды әбден әбігерге салған. Қазылған шұңқырдан ауласына шөпті кіргізе алмай, көшеден тасып, ит әурешілікке түскен. Онысы аздай, ауылдан өріске шыққан малдардың шұңқырдан өтуі әлемет қиын. Қала берді, желді күндері шаң үйіріліп, үйлерді шаң басады, одан ұшқан шаң-тозаң қолқаны қауып, тынысты тарылтатыны бар. Мердігер ұйым өкілдері содан бері объектіге қайтып ат ізін салмаған, бекітілген жауапты маманы телефонға «бір-екі күнде барамыз, жұмысты жалғастырамыз» деп сырғытпа жауап береді.
Амалдары таусылған тұрғындардың арыз-шағымын ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қайыпов аудандық қоғамдық кеңеске жолдаған.
Тұрғындардың шырылдауы негізсіз емес екен. Шағымның анық-қанығын білуге, фактілердің растығына көз жеткізуге ауылға барған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев шағымда көрсетілгендей бей-берекет тірлікке куә болған. Көшелер бойында айра-жайра болып үйілген топырақ. Жиналған тұрғындармен пікірлескенде олар мердігердің бұл ісіне, өздерінің пікірімен санаспай отырғанына ашық наразылығын білдірді.
– Объекті басына жеткізілген не су құбырлары, не бетон құдықтары, оны айтасыз құбыр астына төсейтін майда құмдары жоқ. «Оларды қашан әкелесіңдер?» деп сұрағанда «міне, екі-үш күнде жеткіземіз» деп уәде бергенімен, ешнәрсе әкелінбеді. Бір көшенің басына жай көз алдау үшін құбырларды салып, көмген болды. Содан бері өздері де зым-зия жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Есенхан Құрмашев.
Ерісбек Далбаев бастапқы кезде өзінің «ауылға таза ауыз су кіретін болды» деп қатты қуанғанын айтады. «Қазынадан осыншама қыруар қаражат бөлініп, іске кіріскеннен кейін, мердігер шаруаны бұлай атқармауы тиіс еді. Бүйтіп тартқан ауыз суына рақмет» десе, падашы Мәмбет Анарбаев малды таңертең-кешке өріске айдап шығарудың, кіргізудің мұң екенін айтады. «Қанша тана-торпақ қазылған шұңқырға түсіп жатыр. Түсіп кеткен малды сыртқа тартып шығару оңай емес» дейді ол.
– Шағымда айтылған фактілердің барлығы расталды. Жоспарға сай мемлекеттік бағдарлама аясында объектіде 47 азамат жұмыс істеуі тиіс болса, оның 24-і жергілікті тұрғындар қатарынан тартылуы қажет. Алайда, жұмысқа тартылғаны екеу ғана. Құрылыс барысындағы кемшіліктерді толығымен баяндап, фотосуреттерді тіркеп, шара қолдану үшін аудан әкіміне ұсындық, – дейді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев.
Бүгінде әр жерде тұрғындардың белсенділігі артып келе жатқаны құптарлық. Өйткені, олар бұл игілікті істің бәрі түптеп келгенде, ауыл үшін, өз игіліктері үшін екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да олардың реніштері де орынды. Тек үнсіз қалмай, осылай батыл пікір білдіргенде ғана менменсіген мердігер де талапқа көндігіп, айылын жиып, жұрттың пікірімен есептесетіндей дәрежеге жетпек.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close