Basty bet
Дертті жеңудің жалғыз жолы
Елімізде, соның ішінде өңірімізде өткен аптада коронавирусқа қарсы Ресейден әкелінген препаратпен жаппай вакцинациялау бастау алды. Ақпарат құралдарында екпені алғаш болып Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният салдырғаны хабарланды.
Ал осы айдың екінші жартысынан бастап Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасы егілмек. Жалпы жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған, оның 2 миллионы жылдың алғашқы жартысында қамтылады.
Ауданымызда вакцинациялаудың алғашқы легінде екпе коронавируспен күресте алғы шепте болатын медицина және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлеріне салынды.
Осыған орай біз аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаковқа бірнеше сұрақ қойған едік.
– Марат Ілиясұлы, бүгінде жұртшылық арасында «вакцина салдыру міндетті ме?» деген сауал жиі қойылуда. Оған сіз не дейсіз?
– ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, соның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартуға немесе салдыруға келісім бересіз.
– Қазақстанда вакцинаның қай түрі қолданылады?
– Ақпан айынан елімізде басталған жаппай вакцинациялау барысында ресейлік «Спутник V» екпесі салынып жатыр. Ал айдың 15-нен бастап осы ресейлік вакцинаның Қарағанды фармацевтика кешенінде әзірленетін дозалары егілетін болады. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр.
Екінші тоқсаннан отандық «QazCovid-In» вакцинасын егу басталады. Қазіргі кезде ол клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде. Салалық министрліктің мәліметінше, қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткен.
– Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме?
– Қарсы әсерін анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммундаудан кейінгі ықтимал жағымсыз нәтижелер, вакцинаны егу әдістері мен сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәлімет берілген нұсқаулық болуы керек. Сондықтан қарсы көрсетілімдер тізімін ұсыну мүмкін болмай тұр. Айта кету керек, кез келген вакцинаны салған кезде адам ағзасы иммунитет қалыптастырады, аз уақытқа дене қызуы көтеріліп, екпе салған орын қызарады немесе ісіну секілді жағымсыз өзгеріс болуы мүмкін.
Ауданда екпені алғаш болып алғандардың қатарында өзім де болдым. Жалпы, процедура ауырсынусыз өтті, өзімді жақсы сезінемін. Біз ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинациялаудан бас тартпауымыз керек. Экономиканың дамуы және тұрғындардың қалыпты тіршілікке тезірек оралуы үшін жолдағы кедергілерді еңсеру керекпіз.
– Вакцинаны кім салдыра алады?
– Ең алдымен, коронавирустық инфекцияның таралу қаупі бар және таралу қаупі жоғары халықтың осал топтары коронавирус инфекциясына қарсы екпе алады. Яғни, бірінші кезеңде вакцинация жұқпалы аурулар ауруханаларының медициналық қызметкерлерін, жедел медициналық көмек, жансақтау, бастапқы медициналық көмек, жедел жәрдем бөлмелерін, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы қызметкерлерін қамтиды. Екінші кезеңде вакцинация бірінші кезеңге кірмеген орта мектептердің, жоғары оқу орындарының мұғалімдерін, медицина қызметкерлерін қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, балабақшалардың мұғалімдерін, оқушылар мен созылмалы аурулары бар адамдарды қамтиды.
Ақпан айында вакцинаны 50 адам қабылдайды. Жалпы, бірінші жартыжылдықта аудан тұрғындарына екпе салу мемлекеттің бөлінген вакцина көлеміне қарай жоспарланады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың қанша процентін вакцинациялау қажеттігі туралы әлі де толық ақпарат жоқ.
– Тұрғындарды «вакцинациялау ақылы ма?» деген сауал да толғандырады.
– Халықтың осал топтарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.
– Вакцина қалай егіледі?
– Екпе адамның иығына екі кезеңмен егіледі. Басында 0,5 миллилитрлік дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 сағат өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр. Егер бірінші компонентінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды.
– Екпені кімдер салдырмайды?
– Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды.
Сонымен қатар, бірқатар ауруға шалдыққан адамдарға абай болу керек. Олар – бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары; эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті); қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары; қояншық, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары; жүрек-қан тамыр аурулары; иммун тапшылығы; аутоиммунды аурулар; өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары; метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема; қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары.
Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі.
– Вакцина салған кезде аллергиялық реакция берілуі мүмкін бе?
– Кез келген препаратты салмас бұрын медицина қызметкері емделушінің аллергиясы бар-жоғын сұрайды. Егер азаматтың ауыр аллергиялық ауруы бар болса, онда оған екпе салынбайды. Сол сияқты аллергиялық әсерін алдын ала білу мүмкін емес. Себебі, әр ағза әртүрлі. Шұғыл әрекет ету мақсатында азаматтар екпе алғаннан кейін 30 минут бойы медициналық бақылауда, яғни, медициналық мекеме ғимаратында болғаны абзал. Осы уақыт ішінде вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.
– Екпе алған соң не істеу керек?
– Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды. Сонымен қатар, әрбір екпе алған адамның қолына екпенің кері әсері мен шұғыл жағдайда байланысуға болатын емханалардың контактілері жазылған жаднама берілуі тиіс.
– COVID-19-бен ауырғандар да екпе ала ма?
– Нұсқаулыққа сәйкес, вакциналауға дайындық кезінде ағзадағы антиденелер туралы мәлімет қажет болмайды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен ауырғаннан кейін кемінде алты айдан соң екпе салдыруға кеңес береді.
– Вакциналаудың электронды паспорты деген не?
– Вакциналаудың электронды паспорты – бұл вакциналаудың медициналық тарихы. Бұл вакцина алған азаматтарды үздіксіз бақылау мен оларға мониторинг жүргізу қызметінің денсаулық сақтау саласындағы басты модулі. Қазіргі уақытта вакциналаудың электронды паспортын әзірлеу аяқталуға жақын.
Паспорттың жұмыс істеу қабілеті медицина қызметкерлері үшін денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, емделушілер үшін eGov Mobile мобильдік қосымшасын қолдану арқылы іске асырылады. Вакциналаудың электронды паспорты екпе салдырғаннан кейін eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. ВЭП-те азамат туралы, ол қабылдаған екпе түрі, вакциналау жүргізудің кезеңдері туралы, сондай-ақ, екпе салдырғаннан кейінгі бақылау туралы ақпарат болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»