Basty bet
Жасыл желек – жанға сая…
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы аясында өңірлерді, ауыл мен қалаларды жасыл желекке айналдыру жұмыстары бұл күндері еліміздің әр аймағында қызу жүруде. Бұрыннан-ақ жасыл желегі мол әрі ағаш көшеттерінің тез өсіп-өнуіне қолайлы өңір саналатын Жамбыл облысында да бұл жұмыстарға үлкен көңіл бөлініп отырғаны белгілі.Ауданда осы күнге дейін бірнеше саябақтар салынып, мұнда ағаш көшеттері молынан отырғызылды. 2012 жылы Халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның атында саябақ ашылған болатын. Аудан орталығына кіреберісте, дәлірек айтқанда, үлкен күре жолдың бойында орын тепкен аумағы бес гектарды алып жатқан саябаққа осы күнге дейін емен, арша, т.б. сәндік ағаштар отырғызылып, олар бүгінде бой түзеп, өлкемізге ерекше көрік беріп тұр. Жақында аталған саябақ аймағында сенбілік ұйымдастырылып, бұл орын тағы да 150 көшетпен толыға түсті.
«Жасыл желек – жанға сая» ұранымен өткізілген сенбілікке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және аудан әкімінің аппараты ұйытқы болды. Экологиялық жағынан алып қарағанда, мол маңызға ие айтулы шараға аудан әкімі Нарбай Ергебеков және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков бастап, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, бас мамандар белсене қатысып, Ш.Мұртаза атындағы саябаққа 150 түп ақ қайың, емен, сонымен бірге сәндік ағаштардың көшеттерін шаншып, арықтарды шөптен тазартты.
Сенбіліктің ашылуында аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз сөйлеп, жалпы ағаш егудің қоршаған ортаға және экологиялық ахуалға тигізер орасан пайдасы туралы айтты.
– Табиғат пен адамзат егіз жаратылғаны белгілі. Оның үстіне халқымыздың: «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздерін бәріміз жақсы білеміз. Еліміздің әр аймағы жылдан- жылға жасыл желекпен көмкеріліп келеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментінің осынау бастамасына қолдау көрсету – біздің парызымыз. Біз ағаш отырғызу және қоршаған ортаны таза ұстау арқылы қоғамда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жарқын үлгі болуымыз керек. Сайып келгенде, мемлекеттік қызметші қай жағынан болсын көпшілікке үлгі болуы шарт. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өміршең бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінде өз жемісін беруде. Соның нәтижесінде елорданың аймағында егілген жасыл белдеу үлкен орманға айналып отыр. Осы ретте аудандарда да жасыл белдеу құру туралы жобалар іске асырылу үстінде. Ендеше, айналамыздың көркі болған жасыл желек, тал-дарақтарды табиғат байлығы деп танып, оларды мейлінше қорғап, әр жылдың көктемінде ағаш отырғызуға атсалысқанымыз абзал. Өйткені, өзімізді қоршаған тіршілік ортасын келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай көркейтіп, көріктендіріп жеткізу – біздің басты парыздарымыздың бірі, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан әкімі Н.Ергебеков осылай дей келіп, өз қолымен саябаққа ақ қайың көшеттерін екті. Сондай-ақ сенбілікке қатысқан өзге де мемлекеттік қызметшілер саябаққа көшеттер шаншып, сенбілік көрігін қыздыра түсті.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»