Basty bet
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды»
Облыс әкімінің өткен жылдың 13 наурызындағы №70 өкімімен бекітілген жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өңірлерге жұмыс сапары мен сала өкілдерімен кездесуі биыл да жалғасын табуда.
Өткен аптада аудан әкімі Нарбай Ергебеков Ақсай ауылдық округінің Қайрат және Диқан ауылдарында болып, аймақтағы бірқатар шешімін күткен мәселелерді көзбен көріп, оларды шешу жолдарын салалық орынбасарларымен, мекемелер басшыларымен және жұртшылық өкілдерімен бірлесіп, кеңесе отырып, талқылады.
Аудан басшысы алдымен округ орталығы – Қайрат ауылындағы «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасына келді. 125 балаға арналған бөбекжай-балабақша ғимараты 1988 жылы соғылып, 2008 жылы пайдалануға берілген. Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінің меңгерушісі Айша Дәулетбаева аудан басшысына мекемеге қосымша салынған асхана үй-жайының талапқа сай келмейтінін, төбесінің аласа екенінін айтып, төбесін ашып, көтеріп, қайта жабу, сондай-ақ сарқынды су жиналатын санитариялық торап салу қажеттігін жеткізді.
«Шапағат» бөбекжай-балабақшасында да бірқатар шешімін күткен мәселелер бар екен. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков оған бөбекжай-балабақшаға арнайы атбасын бұрған кезде көз жеткізді. Бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Ақбөпе Ибрагимованың айтуынша, 100 орындық тәрбие ошағы 2008 жылы ашылған. Ғимараттың ішкі бөлмелерінің еденінің кей тұстары шіріп, ойыла бастаған, сондай-ақ жылу жүйелерін жаңарту қажет. Ауылдағы тәрбие беру мекемелерінде қалыптасып отырған кемшіліктермен жете танысқан Нарбай Әбілқасымұлы мәселенің барынша зерделене отырып, тиісті шешім қабылданатынын еске салды.
Қайрат ауылы тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәдениет үйін салу мәселесі таяу арада шешімін таппақ. 100 орындық жаңа мәдениет ошағына тиісті қаражат бөлініп, құрылысы биыл жазда басталады. Енді ауыл тұрғындарымен пікірлесіп, келешек ғимараттың түсетін орнын білгілеп алу қажет болып отыр. Осы ретте, аудан басшысы өзімен бірге жүрген салалық орынбасарларымен және ауылдық округтің ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелерімен оған лайықты орын таңдау жөнінде кеңесті. Ұсыныс Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің жанындағы бос жерге және Қайрат ауылының шығаберісі мен Диқан ауылына жақын маңдағы Абай және Тоқтасын Тілеуқұлов көшелерінің қиылысындағы тұрғын алаптағы бос жер теліміне түсіп тұр. «Дегенмен, осы екі ұсыныстың тиімдісін қарастырып, тұрғындардың ойынан шығатынын алуымыз керек» деген аудан басшысы ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашевқа көпшілік жиылған жерлерде осы мәселені талқылауды ұсынды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің Диқан ауылының тұрғындарымен кездесуі барысында ауылдың қадірменді қариясы Әлжаппар Кемелов және басқалар ауылда жаңа мектеп және балабақша салу, ауыз су жүйесін жаңғырту, ескі мешіттің орнына кіші спорт алаңшасын соғу сынды өзекті мәселелерді алға тосты. Нарбай Әбілқасымұлы бұл мәселелердің жиын сайын көтерілетінін еске сала келе, Диқан ауылына жаңа мектеп салу мәселесінің бірер жылда шешімін табатынын, ал ауыз су құбырын жаңғырту мәселесінің кезеңімен шешілетінін жеткізді. Ол жиналған тұрғындар мен кәсіпкерлерге балабақша мәселесін ауылда бос тұрған жекеменшік ғимаратты балабақша етіп ашу жолымен шешуді ұсынды.
Диқан ауылының тұрғындары Досхан Ешенқұл мен Жасұлан Тоғайбаев өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын тамамдап, 505 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болған. Ілкімді кәсіпкерлер алған қаражаттарын біріктіріп, оған облыстың Меркі ауданынан заанен тұқымды сүт бағытындағы 10 ешкі сатып алып, кәсіптерін бастаған. Мемлекеттің қолдауымен кәсіптерін жолға қойған жігіттердің шаруасын көруге арнайы келген аудан әкімі Нарбай Ергебековпен олар алдағы мақсат-жобаларымен бөлісті. Ешкілер оңай жерсінген, сондықтан да ерекше күтімді қажет етпеген. Сегіз аналық бас қыстан қысылмай шыққан, барлығы буаз екен. Емдік пайдасы мол ешкілердің сүтін өткізуде де аса қиындық болмайды. Ауыл тұрғындары тарапынан сұраныс көп.
Аудан орталығында да өзекті мәселелер бар
Жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі аясында аудан әкімі Нарбай Ергебеков осы күні Бауыржан Момышұлы ауылының бірқатар тәрбие және білім беру ошақтарын аралап, көше тұрғындарымен кездесу өткізді.
Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған №1 бөбекжай-балабақша аудандағы ең байырғы тәрбие ошақтарының бірі саналады. Оқшау тұрған, ыңғайластырылған ғимараттарда орын тепкен үй-жайлардың бірнешеуі апатты жағдайда деп танылған. Бөбекжай-балабақшаның шаруашылық ісі меңгерушісі Бақыт Нұрлыбаева аудан басшысын, салалық орынбасары мен тиісті бөлім басшыларын естиярлар тобы тәрбиеленетін ғимаратқа бастап апарды.
Үй-жайдың арқалық ағаштары майысып, төбесі әр тұстан қалталанып тұр, едендері жарылған, санитариялық торап жоқ. Санитариялық торап салу үшін үй-жайдың алдынан қосалқы бір бөлме қосу қажет.
№ 5 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы 145 бала тәрбиеленетін аудандағы іргелі тәрбие ошақтарының бірі. Типтік үлгімен салынған бөбекжай-балабақша ғимараты 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Алайда, шатыр жабу жұмыстарының тиісті атқарылмауынан ғимараттың төбесінің бірнеше жерінен су ағып тұрған жайы бар.
Мұндай келеңсіз жағдай №1 мектеп-гимназия ғимаратында да орын алған. Білім ордасының негізі оқу корпусының шатырынан су кетуі салдарынан екінші қабаттағы дәліздің төбесі сарғыш тартқан, бірінші қабаттағы дәліз қабырғаларының сылақтары түсіп, бояулары көшкен, оны мектеп-гимназия қызметкерлерінің өз күшімен жөндеуде. Мектеп-гимназия директоры Элмира Әбішева аудан басшыларының назарына мұнда бүгінгі таңда 1 562 оқушының білім алып жатқанын, білім ордасына қажетті 68 класс-комплекті болса, ғимараттың тарлығынан және пән кабинеттерінің жетіспеушілігінен онымен тек жартылай қамтылып отырғанын, сондай-ақ оқу орнында жиын өткізетін акт залының жоқтығын жеткізді.
Аудан басшысы №15 мектеп-лицейде де болып, ондағы қалыптасқан проблемалық мәселелерге қанықты. Жалпы, екі қабатты мектеп-лицей ғимараты 2014 жылы салынып, пайдалануға берілген. Құрылысты жүргізген мердігердің салғырттығынан ғимараттың қасбетінің терезелері тұсындағы сылақтарының түсуі көзге қораш көрінеді. Ойылған тұстар құм сылақпен тегістелген. Сондай-ақ мектептің алдындағы көше жақтағы электр бағандарының бірінің құлауы салдарынан электр желісінің салбырап тұрған жайы бар.
Мектеп-лицей директоры Құрыш Сыдығалиев аудан басшыларын жылыту қазандығына бастап апарды. Сұйық отынмен жылытылатын қазандықтың шкафты-реттеу пункті 1000 атмосфераға шақталуы тиіс болса, ол жартысынан аз қуатпен жұмыс істеп тұр. Сондықтан қазандықтың ШРП-ын қысымы сәйкес шкафты-реттеу пунктімен айырбастау қажет.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы Шоқан Уәлиханов және әл-Фараби көшелерінің тұрғындары аудан басшысы Нарбай Ергебековпен кездесуде ауыз судың жетіспейтіндігі, шіріген электр бағандарын айырбастау, көшелерді жарықтандыру сынды мәселелерді алға тосты. Сондай-ақ қатар жатқан екі көшенің арасында сай арқылы өтетін жолдың жауынды күндері лайдан аяқ алып жүру мүмкін болмайды, онда жаяу жүргіншілер жолын салу қажет. Аймақ тұрғындарының пікірлерін мұқият тыңдаған Нарбай Әбілқасымұлы олардың көтерген мәселелері орынды екенін, аталған қызметтерді реттеп отырған тиісті мекемелерге тапсырма беретінін айта келе, оның шешімін жеке бақылауында ұстауға уәде берді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»