Basty bet

Кәсіпкерлерге алғыс білдірді

Өткен жылдың соңында аудан әкімі Н.Ергебеков аудандағы бірқатар кәсіпкерді қабылдады. Қабылдау барысында аудан басшысы кәсіпкерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, жалпы кәсіпкерлік саласы туралы, оның ішінде пандемия кезінде халықтың осал топтарына көмек көрсеткен «Атымтай жомарт» кәсіпкер азаматтардың аудан экономикасына сіңіріп отырған ерен еңбектерін атап өтті.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

– Құрметті кәсіпкерлер, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың тапсырмасына сәйкес, әр ауданнан ірі сауда дүкендерінен барлығы бес әлеуметтік бұрыш ашу тапсырылған болатын. Осы бағытта аудан орталығындағы базар аумағындағы «Ахан» дүкені, сонымен бірге, Б.Сафинов көшесінің бойындағы «МЕР» супермаркеті елімізде орын алған пандемия кезінде сауда орнынан 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төменгі бағамен сату мақсатында арнайы әлеуметтік бұрыш ашып, тиісінше, нарықтағы бағадан 15 пайызға төмен бағамен саудалауда. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын тауып отыр. Бұдан да басқа қайырымдылық жасауда аудан кәсіпкерлері аянып қалып жатқан жоқ. Бір жағынан аудан кәсіпкерлері өңірдің экономикалық өсуі мен дамуында өте маңызды жұмыстар атқарып отыр. Жаңа жыл қарсаңында сіздерге толайым табыстар тілеймін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Ал аудан аумағында қыстың көзі қырауда жиі болатын боран және табиғаттың басқа да тосын мінездері салдарынан жолда қалып кеткен жолаушыларды арнайы бекітілген меморандумға сәйкес, «Бақыбеков Доғдырбек» жеке кәсіпкерлігінің иесі Д.Бақыбеков нанмен тұрақты қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, орталық базардан әлеуметтік нан сататын дүңгіршек ашып, онда нан 75 теңгеден сатылуда. Ал «Диана» шаштаразының иесі, жеке кәсіпкер Нұрбала Егембердиева да карантин шараларын сақтай отырып, тұрғындарға сапалы әрі тиімді қызмет көрсетіп келеді.
Кездесу соңында аудан басшысы Н.Ергебеков өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқаны үшін жеке кәсіпкерлер Ахан Байжанұлы, Ләззат Нүрпейісова, Доғдырбек Бақыбеков, Нұрбала Егембердиеваны Алғысхатпен марапаттады.

Таңдаулы материалдар

Close