Basty bet

Мал азығының берік қоры жасалуда

Малдың қыстан қоңды болып, қысылмай шығуы азығына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Осыны жадына берік тоқыған боралдайлық ауыл еңбеккерлері шөп шабу науқанына ауданда алғашқылардың бірі болып кірісті. Ауылдық округте барлығы 2000 гектардан астам алқап ораққа түседі деп жоспарланып отыр.

Көлтоған ауылындағы Сүлейменовтер әулетінің шабындыққа орақ салғанына бірнеше күннің жүзі болды. Шаруа қожалығындағы ағайынды жігіттер науқанды өз күшімен игермек. Науқандық жұмысқа ауылдан бірнеше адам, екі трактор, бір шөптайлағыш, бір «КамАЗ» жүк автокөлігі тартылған. Ағайынды жігіттер алғашқы айналымнан мал азығын жинап үлгерген.
Алқап басында жүрген аңызақ жел мен аптаптан жүздері күреңіткен шаруа қожалығының басшылары Болатхан, Дәулетхан Сүлейменовтерді әңгімеге тартқанымызда:
– Биыл Аллаға шүкір, мамыр-маусым айларында жауын-шашын мол түсті. Ал шілде айы аптап ыстық болайын деп тұр. Бұл – қалыпты жағдай. Дала өртінен сақтану мақсатында шөпті таңғы және кешкі салқынмен дайындап жатырмыз. Дегенмен, шөптің шығымдылығы жаман емес. Бір гектар жерден он центнерге дейін шөп дайындалып жатыр. Қалай болғанда да, біз күннің қолайлы сәтін пайдаланып қалуға тырысудамыз, – дейді ағайынды жігіттер.
Ия, біз уақытпен санаспай, мал азығының берік қорын жасап жатқан шаруа қожалығының иелеріне сәттілік тілейміз.

Көркем ӘЗІМХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті журналистика мамандығының
ІІ курс студенті

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close