Basty bet

Ауылда сегіз ай бойы әкім жоқ

Аудандық Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында белгіленген тапсырмаларын орындау мақсатында өз жұмысын жүйелі, жоспарлы әрі ашық, жариялы жүргізу. Кеңестің жуырда өткізген кезекті отырысы да оған дәлел. Өйткені күн тәртібіне қойылған мәселелер – өзекті, бүгінгі күні талқылауды талап етеді.

Отырысты ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, оның мүшелерін күн тәртібімен таныстырып, бекітті.
Бірінші мәселе бойынша «Жасыл-Жуалы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2019 жылдың алты айында атқарылған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Мекеме басшысы Бақытжан Сүлейменқұлов ұжымның тыныс-тіршілігі жайлы баяндады. Мекемеде 26 дана түрлі техника бар, оның қарамағындағы автомобиль жолдарының күтіп-бапталу жұмыстары, қысқа дайындық шаралары жоғары қарқынмен жүргізілуде. Одан басқа мекеме қызметкерлерінің Шерхан Мұртаза атындағы саябағы, Б.Момышұлы ескерткіші, «Жасай бер, Қазақстан!» аллеясы , «Мәңгілік ел» және «Орталық» саябақтары, «Орталық алаң», «Кіші сквер», темір жол бекеті маңындағы және аудан орталығындағы бірқатар көшелерінің бойындағы ағаштары бұталып шығарылған, гүлзарлар жасалып, онда әртүрлі гүлдер отырғызылды. Басқа да көптеген көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық жұмыстары атқарылғанын тілге тиек етті.
«Жасыл-Жуалы» КМК-нда қандай нақты жұмыстар атқарылды және ол үшін аудан бюджетінің қаржысы қанша және қалай жұмысалды?- осыны аңықтау мақсатында аудандық Қоғамдық кеңестің «Аграрлық саясат, ауылдық аймақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану техногендік үрдістер, кәсіпкерлікті қолдау, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізді. Ол туралы оның төрағасы Әбуғали Ералиев мәлімдеді. Алты ай ішінде жалпы мекемеде атқарылған жұмыстарға бюджеттік қаржыдан 77 млн 043 мың теңге жұмсалса, соның 41 млн 497 мың теңгеге қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектер алынған екен. Ал соның ішінде 13 млн 763 мың теңге мекеменің кассасынан нақты бөлшектер алу үшін тағы алынғаны анықталған.
Осы есептік мерзім ішінде мекеме басшылығы атына бірде-бір арыз, шағым, өтініш түспеген.
Екінші мәселе бойынша Жетітөбе ауылдық округі әкімінің үстіміздегі жылдың алты айында атқарған жұмысы қаралды. Айта кету керек, сегіз ай бұрын жұмыстан босаған Қастер Жанарбековтың орнына әлі әкім тағайындалмаған. Сондықтан есепті ауыл әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов жасады. Ауыл әкімшілігінің жұмысын «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер, әлеуметтік-мәдени салалар және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» комиссия төрағасы Гүлнәр Мұсаханова зерделеу ісінің нәтижесін жариялады.
Қоғамдық кеңестің бұл отырысы алдында Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылы тұрғындары атынан келген өкілдер арыз-шағымдарын айтып, оларды шешуге көмек сұраған болатын. Онда ауылдағы өзекті, қордаланып қалған мәселелер жайлы жазылып, маңызды мәселелер көтерілген. «Ауылдық округте сегіз ай бойы әкім жоқ. Біздің ауылда 30-35 электр бағанасы бар, солардың барлығының ағашы шіріп, құлайын деп тұр. Ауылда электр жарығы жоқ. Әбделі көшесіндегі трансформатор 28 отбасына жарық беріп отыр, жарық қайта-қайта өшеді. Сондай-ақ, елдімекендегі Қоңыртөбе-1, Қоңыртөбе-2 тоғандары мәселесі де шешілмей отыр. Оларды жөндеуге қаржы бөлінген, бірақ жұмыс жүргізілмеген. Боралдай ауылдық округіне баратын күрежолдың да тозығы жеткен. Ауылішілік жолмен автокөліктер сағатына 100 шақырым жылдамдықпен өтеді. Сондықтан осы мәселені бақылауға алып, онда жол кедергісін жасауын сұранамыз» деп басқа да көптеген өтініштері айтылған еді. Осының барлығы расталды. Зерделеу барысында осы басқа да көптеген шешімін күткен мәселелер туындағаны анықталды.
Қоғамдық кеңес өзінің сұранысымен тиісті мекемелерге хат жолдап, мәселелерді шешуге атсалысатынын жеткізді.
«Қазпочта» аудандық почта байланысы торабының үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы жұмысы қаралып, талқыланды. Есептік баяндаманы филиал бастығы Бақытжан Устаев жасады. Ол өз баяндамасында мекеменің тыныс-тіршілігіне, атқарылып жатқан жұмысы және шешілмей отырған мәселелеріне тоқталды. «Қазпочта» құрылымдық бөлімшелері 15 елдімекенде орналасқан. Ауданда екі банкомат, 17 ПОС-терминал құрылғысы жұмыс істейді. Аудан орталығында, Нұрлыкент және Қайрат ауылдарында бес банктен: Хоум кредит, Евразия, Альфа, АТФ, Азия кредит банктерден несие рәсімдеу жолға қойылған. Мекемеде 73 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, баяндамашы қызметкерлердің қаржылық, почталық, агенттік жұмыстары және баспасөзге жазылу туралы мағлұматтар беріп өтті.
«Қазпочта» почта байланысы торабының қызметіне Қоғамдық кеңестің «Бюджет, қаржы және жергілікті, өзін-өзі басқаруға дамушы мәселелері білім, денсаулық сақтау жөніндегі комиссиясы» зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жетістіктері мен кем-кетіктері анықталған.
Зерделеу жұмысының нәтижесін тұрақты комиссия төрағасы Кәрібай Құрмашев баяндады.
Қызметкерлерді толғандырып отырған мәселенің бірі – ол жалақы мөлшері. Бүгінгі таңда почтальондардың еңбек ақысы 4617-18468 теңге аралығында құраса, бөлімше басшыларының айлықтары 40 мың теңге.
Баяндамада мұндай төмен жалақымен өте жауапты жұмыс атқарып отырған қызметкерлердің наразылықтарын және олардың пікірлерін ескере отырып, комиссия мүшелері бірқатар ұсыныстар білдірді. Мысалы, почтальондарға еңбек демалысына шыққанда, жұмыстарын алмастырушыларға жалақысын толық төлеу, жалақыларын көтеру мәселесін жоғары органдарға жеткізу. Сондай-ақ, қызметкерлердің жұмысқа киетін формалары ескірген, велосипедтері тозған, оларға жаңа бөлшектер қажет және де мекемеге қосымша бір автокөлік қажет. Осы мәселелерді көрсетіп, қоғамдық кеңес тарапынан жоғары органдарға хат жолдап, қызметкерлердің жағдайы жақсартылсын деген ұсыныс жасалды.
Барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шара қолданылып, қаулылар бекітілді.
Гүлмира Дембаева.
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close