Basty bet

Ерліктері ешқашан ұмытылмайды

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. 1945 жылдың 9 мамыры күні дәл осы шаттық хабарды естіп тұрып, бүкіл әлем теңселіп кеткені тарих беттерінен белгілі. Жер жүзі халықтарының жүректері қуаныштан лүпіл қақты… Кеңес Одағының тұрғындары 5 жыл бойы күндей күркіреген соғыста күн мен түндерде, бүкіл жігерімен Жеңіске ұмтылған…
Жеңіске жету жолында миллиондаған адамдар мерт болды. Қаншама адам мүгедек болып елге оралды. Бұл сұрапыл соғыс адамзатқа қаншама залал алып келді. Біреу әкеден, бауырдан, ана баладан айырылды. Суыт хабар келіп, қара жамылған отбасы қаншама болды. Бірақ, олардың ерліктерін, жаужүректіліктерін халық ешқашан ұмытқан жоқ. Бізге бейбіт өмір сыйлаған, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Оларға құрмет көрсету, ардақтау – біздің перзенттік парызымыз.
Әрбір бала әкесін үлгі тұтып, оны мақтан етеді. «Әке – асқар тауым» деп биік шыңға теңейді. Мен де дәл солай әкемді мақтан тұтамын. Оның майдандағы ерлігін, халқы үшін еткен еңбегін жоғары бағалаймын.
Менің әкем Олжабай Өтегенов те Ұлы Отан соғысының ардагері. Әкем 1916 жылы Диқан ауылында дүниеге келген. 1936 жылы Қызылорда қаласында біржылдық есепші оқуын бітіріп, алғашқы еңбек жолы колхозда басталады. Онда ол ел қатарлы еңбек етіп, колхоздың өркендеуіне өзінің үлесін қосады. Осы тұста сұрапыл соғыс басталып, ел ішіндегі азаматтар майданға аттанып жатады.
Әкем 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласындағы әскери оқу-жаттығуға жіберіледі. Онда ол №101 атқыштар дивизиясының командирі болып, жауапты қызмет атқарады. Әскери оқу-жаттығу алты айға созылып, әскери машықтарға дайындалады. Осылайша, әкемді 1942 жылдың аяғында эшолонға салып, батысқа алып кетеді. Осы жылдың аяғында Ржев бағытындағы қан майдандағы соғысқа кіріп, жаулармен шайқасады. 1943 жылдың наурыз айында әкем қатты жараланып, әскери госпитальға түседі. Жарақатының ауырлығының салдарынан госпитальда ұзақ уақыт ем қабылдайды. Оның бұл жағдайын ескерген дәрігерлер соғысқа жарамсыз деген шешім шығарып, елге жібереді.
Майдангер әкем 1944 жылы елге жаралы оралып, елдің жағдайының нашарлығына куә болды. Ер азаматтардың барлығы соғысқа аттанған. Ауылда әйелдер, балалар майдан үшін, Жеңіс үшін деп еңбек етуде. Елге оралған соң, әкем қарап отырмай бұрынғы жұмысы есепшілікке қайта кірісті. Соғыс біткен соң 1947-1949 жылдары Диқан және Қайрат ауылынан бірлескен «Сталин жолы» колхозы құрылды. Бұл колхоздың құрылуына әкем өзіндік үлесін қосып, басшылық қызметін жауапкершілікпен мойнына алды. Осы тұста колхоздың гүлденуі жолында жемісті еңбек етіп, тұрғындармен етене араласып жұмыс істейді. Жаны жомарт жан көмек сұраған адамның бетін қақпай, қолынан келгенше көмектесіп, олардың алғысына бөленіп жүреді.
Әкемнің елі үшін жасаған істері жайында есімде көп қала қоймапты. Алайда Қайрат ауылының тұрғыны, әкемнің көзін көрген Сұлтаналы Сатыбалдиев есімді қария өзінің білетін әңгімесімен бөлісті. Сұлтаналы қарияның айтуынша, әкеміз елге сыйлы, еңбекқор азамат болған екен. Екі ауылды біріктіріп, колхоз құрып, аянбай еңбек еткен. Сол еңбегі бағаланып, «Құрметті колхозшы» атағына ие болған. Сондай-ақ, майдангердің көкірегінде түрлі медальдар, ордендер жарқырап, диплом мен Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Әкемнің қолында ұлы Талапбек тұрды. Оның есімін Талапты ауылының құрметіне қойған.
Елі үшін еңбек еткен ардагер әкеміз 1996 жылы өзінің туған жері Диқан ауылында о дүниелік болып, мәңгілік сапарға аттанды.
Қазіргі таңда, ардақты әкемізден төрт ұл, төрт қыз тарап, тамыры тереңге жайылған әулетке айналып отыр. Алайда Алланың қалауымен қазір үш бауырымыз арамызда жоқ. Осы өсіп-өніп отырған әулетім әкемнің жанкешті ерлігі мен қаржылы еңбегін білуі керек. Себебі, Ұлы Отан соғысында біздің әкелеріміз ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті. Қазақ ұлты ұландарының антқа адалдығын көрсетті.
Бекболат Өтегенов,
Көлбастау ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close