Basty bet

ІНДЕТ ІНДЕП КЕТПЕСІН ДЕСЕК…

«Аурудың алдын алған жөн» дейді аталарымыз. Ал, одан да зор «Сақтансаң, сақтаймын!» деген сөзді Жаратушы иеміз айтыпты дейді.

Міне, біз осы тағылымды сөздерді «COVID-19» деген атау алып, күллі әлемге қасірет әкелген коронавирус індетіне қатысты айтып отырмыз. Бұл ауру 2019 жылдың желтоқсан айының ортасында орталық Қытайдың Хубей провинциясының Ухань қаласынан тараған болатын. Содан бері тура бір жылдай уақыт өтіпті. Қазір бүкіл әлемге таралып, мыңдаған адамды жайпап өтті. Азуын айға білеген Америка Құрама Штаттары да, Ұлыбритания, Германия, Франция сияқты дамыған мемлекеттердің өзі де қазір шарасыз халде. Биылғы көктемде етек жайған коронавирус ала жаздай бізді де безек қақтырды. Ешкімді таңдамайтын, талғамайтын вирустар ағзаға бір енсе, әлсіреткен үстіне әлсірете беретініне, тіпті менмін деген дәрігерлерге де дес бермей кететініне көзіміз жетті. Министрлер де ауырды, депутаттар да демігіп, ажал аузында арпалысып жатты. Әйгілі ақынымыз Мұхтар Шаханов та Алматыдағы №7 ауруханада айға жуық жатып, әйтеуір аман қалып, үйіне оралды…
Сондай-ақ, вирус жұқтырып төсекке таңылған сырқаттарды құтқарамын деп өздері де сондай жағдайға тап болып ажал құшқан ақ желеңді азаматтар да аз болмады-ау! Бұл бастапқыда тосыннан келген «COVID-19» кеселінің мәнісін ұға алмай, қайтіп күресудің жолын жөнді білмей дағдарғандағы жағдай еді. Қысқасы, індеттің әуелгі толқыны мыңнан астам қазақстандықтарды арамыздан беймезгіл алып кетті. «Сақтай алмадық, сақтандыра алмадық!» деді денсаулық күзетінде жүргендер. Сөйтіп қана қоймай, әркімнің өмірі қымбат екенін, кім-кім де төніп келген тажалдан айналып өте алатынын айтты дәрігерлер. Ол үшін көпшілік нөпір болып бас қосатын орындарға бара бермеуімізді өтінді.
Біздің Қазақстан қазір коронавирустың екінші толқынына байланысты сақтық шараларын күшейтуде. Президент Қ.Тоқаевтың өзі бас болып бұл мәселені Үкімет мәжілістерінде жиі-жиі талқылап, тиісті Министрліктер мен аймақ басшыларына тапсырмалар беруде. Биылдың өзінде облыстар мен үлкен қалаларда көптеген жаңа ауруханалар салынып, олар заманауи жабдықтармен жабдықталды. Дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасалды. Жедел жәрдем көліктері көптеп сатып алынды. Ал енді індетті өршітпей ауыздықтау, адамдарды аман сақтау, бала-шағамызды вирустан қорғап қалу тікелей өзімізге байланысты. Бұл үшін «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы өсиет еткендей, ең алдымен, Үкімет талап еткен тыйым салу шараларын қатаң сақтап, тәртіпке бағынғанымыз жөн. Бетпердесіз жүрмеңіз, оны жиі-жиі ауыстырып кию керек. Вирусты өлтіретін антисептикті сөмкеңізден немесе қалтаңыздан тастамай, онымен оқтын-оқтын беті-қолды жуып отырған жөн. Қыз ұзату, келін түсіру, мерейтой өткізу сияқты той дәстүрлерін әзірше шектей тұрайық. Індет ауыздықталып, ел-жұртымыз аман болса той да, мереке де әлі алда. Сол күндерге бірге жетейік.
Бәрімізге де өз өміріміз қымбат. Адамдардың аман-саулығы – еліміздің байлығы. Сондықтан денсаулық сақшылары ауызға алып, Үкімет талап етіп отырған отырған сақтандыру шараларына сергек қарайық, құрметті жуалылық ағайындар!
Тараз қаласында коронавируспен ауырғандарды ажалдан арашалап қалу үшін күн-түн демей күресіп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен, ақырында өзі де вирус жұқтырып, мезгілсіз қыршыннан қиылған Қызыларық ауылының тумасы, талантты дәрігер, абзал азамат Дәулет Әміреұлы Арынбаевтың есімін бүкіл Жуалы халқы білуге тиіс. Қайтыс болған соң үлкен мемлекеттік марапатқа ие болған Дәулеттің ерлігін және жарқын бейнесін есте сақтау үшін аудан басшылары тиісті шаралар қабылдағаны жөн болар еді деп ойлаймыз.

Сіздерге деген тілектестікпен алматылық жерлестеріңіз:
Аягүл Миразова,
Қазақстанның Еңбек Ері,
ардагер-ұстаз,
Талғат Айтбайұлы,
публицист-жазушы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Мырзахан Ахмет,
ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Қасым Әзімханов,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Толымбек Әлімбеков,
сатирик-жазушы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Жақсылық Жүнісов,
жазушы,
Сәбит Дүйсебаев,
Қазақстан педагогика академиясының академигі,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Ұлжан Пармашқызы,
Қазақ радиосының ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы,
Талғат Сүйінбаев,
журналист-жазушы,
Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы,
кинорежиссер, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

Таңдаулы материалдар

Close