Basty bet

А. Қожаназаров: Жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезінде халықтың сұраныстары ескерілді

«Референдум-2026» жалпыұлттық онлайн-марафонына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров Жаңа Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталып өтті.

Оның пайымдауынша, 90-шы жылдары заман басқа және талаптар да өзге болды. Ал қазір, цифрлық дәуірде жаңа талаптар мен дағдарыстар бар, геосаяси жағдай өзгерді.

«Соған сәйкес біз өзіміздің Ата заңымызды ауыстырып жатырмыз. Ата заң дегеніміз не? Ол – стратегия, бағыт. Қазір біз өзіміздің жолымызды өзгертуіміз керек. Себебі, 30 жыл бұрын қойылған бағыт, оны дұрыс емес, қате деп айтуға да болмайды, бірақ ол бағыттың өзінің заманы да ауысып отыр. Сондықтан біз жаңа бағытты белгіліп жатырмыз», – деді депутат.

Айта кетерлігі, Конституциялық кеңеске түрлі онлайн-платформа арқылы 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Қатысқан әр депутат жеке кездесулерінде халық ұсыныстарын алып, өзгерістер жайлы пікірлерін тыңдады. Құжатта бұған дейін көп айтылып келе жатқан цифрлық қауіпсіздік, цифрлық деректерді қорғау және азаматтардың құқығы тек қана офлайн ғана емес, онлайн да қорғалу керектігі мәселесі қозғалды. Бірақ оны Ата заңымызда белгілеу үлкен маңызға ие.

«Өзіміз білеміз, қанша азаматымыздың дерегі желіге кетіп қалып, оны айлакерлер қолданып, жұрттың қаражатын иемденіп жатқан жағдайлар аз емес. Осыған тосқауыл қою үшін, оған төтеп беру үшін цифрлық деректерді қорғау, бекіту және жоғары деңгейге шығару маңызды болды», – деді спикер.

Екінші мәселе, ол – жеке меншік үйді, баспананы қорғау. Соттың шешімінсіз, ешкімді үйден шығару құқығы жоқ екенін бекіту. А. Қожаназаровтың айтуынша, бұл – өте маңызды бап. Мұндай әрекеттерге жол бермеу үшін осындай шешім қабылданды.

Үшіншіден, депутат «Ашықтық және халықпен кеңесу» деген бап жайында әңгіме өрбітті.

«Бұнда халық біздің пікірімізді, ұсыныстарымызды қарастырсын деген ой болды. Қарап отырсақ, қай ел Конституцияға өзгеріс енгізу үшін, бүкіл елмен ақылдасып жатыр? Қазақстан – халық пікірлерін жинап, оны тікелей эфирде жариялайтын бірден-бір мемлекет. Жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезінде халықтың сұраныстары ескерілді», – деп түйіндеді спикер.

Таңдаулы материалдар

Close