Basty bet
Қарасазға таза ауыз су берілді
Елімізде ерекше назарға алынған мемлекеттік саясаттың бірі – қазақстандықтарды сапалы әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Осыған орай, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» салалық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде, елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, суды есептегіш құралдарды қалалық және ауылдық жерлерде орнату, жерасты суларына зерттеу жұмыстарын жүргізу шаралары қарастырылған. Бүгінде аталған бағдарлама елімізде табысты жүзеге асуда. «Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында ұзақ жылдар бойы таза судан тапшылық көрген еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар, әсіресе, ауылдағы ағайын сапалы судың қызығын көріп отыр. Бір атап өтерлігі, елдегі сусыз елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жалғаса беретін болады.
Тәуелсіздік күні мерекесінде аудан орталығына жақын орналасқан әрі тұрғындар саны жағынан үлкен округтердің қатарына жататын Қарасаз ауылына таза ауыз су берілді. Мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, ағымдағы жылдың көктемінде басталған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Атап айтқанда, Қарасаз ауылын ауыз сумен қаматамасыз ету жұмысына 616 289,0 мың теңге қарастырылған. Сумен қамтылатын тұрғындар саны 2150 адамды құраса, барлық аула саны 475. Құбыр ұзындығы 25,5 шақырымды құрап отыр. Ауылды таза ауыз сумен қамту жұмыстарын «КДСМ» ЖШС жүргізген.
Қарасаздықтардың қуанышын бөлісуге, ауыл тұрғындарына ауыз су беру салтанатына аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары арнайы келді. Ауылдың бірқатар жанашыр азаматтары да қуаныштың ортасынан табылды.
Су тарту мұнарасының басында өткен жиын барысында алғашқы сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті қарасаздық ағайын! Біз бүгін сіздермен қуанышты күні кездесіп отырмыз. Ең алдымен, еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын! Сіздердің ауылдарыңыздағы ауыз су жүйесінің ашылуы осынау ұлық мерекемен тұспа-тұс келіп отырғанына қуаныштымыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел тұрғындарын 2025 жылға дейін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын 80 пайызға жеткізу туралы мәселе айтылып, міндет қойылған. Осы орайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүруде. Қазіргі таңда ауданның 15 елдімекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. Соңғы бес жылдың өзінде бес ауылға су жүргізілді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын таба беретін болады.
Биылғы жылы аудан тұрғындары қажырлы еңбек етіп, жылды табысты аяқтағалы отырмыз. Бұл да ел ішіндегі ынтымақ пен береке, бірліктің арқасы. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы болды. Бүгін міне, сіздердің қуаныштарыңызды бөлісуге келіп отырмыз. Ауылға келген таза ауыз судың қызығын көріңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Келесі кезекте Қарасаз ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов сөйлеп, қуанышқа құтты болсын айтты. Сонымен қатар, Қарасаз ауылының аудандағы алдыңғы қатарлы елдімекендердің біріне айналып отырғанын, кәсіпкерлік саласының кең қанат жайып келе жатқанын қуанышпен жеткізді. Ауыл әжелері шашу шашып, игі тілектерін білдірісті.
Ауыз су құбырының ашылу салтанатынан соң бас мердігер «КДСМ» ЖШС-ның прорабы Оңдасын Сейденов су тарту мұнарасының жұмысымен кеңінен таныстырды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»