Basty bet
Технолог – өндіріс сапасының сенімді кепілі
Сүт зауытындағы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі ең алдымен ондағы білікті мамандарға байланысты. Табиғи өнімнің қасиетін терең түсініп, өз ісіне үлкен ықыласпен қарайтын білікті маманның бірі – 30 жылға жуық бай тәжірибесі бар технолог Татьяна Жуковская. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, сапалы өнім өндіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ол жылдар бойы үздіксіз үйрену мен тәжірибенің арқасында ірімшік жасаудың түрлі технологияларын меңгеріп, тұтынушылардың сеніміне ие болған сапалы өнім шығарып келеді. Әрбір жасаған ірімшігі ерекше күтім мен шынайы еңбектің үлгісі болып, мамандыққа деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Білікті маман Татьяна өз ісіне адалдық танытып қана қоймай, бұл салаға қызығушылық танытқан жастарға да жігер беретін еңбек адамы деуге әбден болады.
Татьяна Александровна 1978 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы мектеп-гимназияны бітірген соң, еңбекке ерте араласады. Еңбек жолын аудандағы ірі сүт зауытының бірінде қарапайым жұмысшы болып бастаған ол еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында технолог маманына дейін көтеріледі. Сүт зауытында тұтынушыға сапалы өнім ұсыну үшін біліктігін арттыруды да естен шығармаған ол 2015 жылы көршілес Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Майлыкент ауылындағы «Майлыкент-сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Татьяна Жуковская аудан орталығында “Ali-ko Sut-2023” ЖШС-ның бас технологы болып еңбек етеді. Аталған серіктестікте онымен бірге сегіз адам сүт өнімдерінің сапалы әзірленуіне күш салуда.
Сонымен қатар, оның Беларусь еліне барып, біліктігін арттырып келуі бүгінгі таңда өндіріс жұмысына оң серпін беруде. Ол Беларусь елінің сүт өндірісі табиғи ингредиенттерге, сапаны қатаң бақылауға және автоматтандырудың жоғары деңгейіне бағытталғанын айтады. Технолог өзге елден сүт және сүт өнімдерінің сапасын зертханалық бақылау, ірімшік өндірісіндегі технологиялық процестер және қышқыл сүт өнімдерін өндіруде ашытқыларды қолдану тәсілдері бойынша тәжірибе жинақтап келген.
Татьяна Александровна кәсіпорындағы әріптестерімен бірге күнделікті сүт өнімдерінің құрт, май, кілегей, голланд ірімшігі, айран, ысталған чечель, ақ ірімшік, тәтті ірімшік және 9 пайыздық сүзбенің дайындалуына аса жауапкершілікпен еңбек ету үстінде.
Сүт зауытының тыныс-тіршілігі таңғы сағат 07:30-дан басталады. Дәл осы сәтте өндірісте ең алдымен көрінетін жандардың бірі – технолог Татьяна Жуковская. Оның әр күні сүт сапасын тексеруден, температура мен санитарлық талаптарды бақылаудан басталады.
-Өндіретін өнімдердің барлығын өзім әзірлеймін. Ірімшік өндіру кезінде ірімшік жасауға жарамды сүттің сапасына, температуралық шарттарға сәйкестігіне, ферментті қосудың дәлдігіне, ірімшіктің пісу жағдайына ерекше назар аудару керек. Сүт зауытының технологы ретінде сүт қабылдаудан бастап дайын өнімді өткізуге дейінгі барлық циклді бақылай отырып, жоғары сапалы өнім шығаруды қамтамасыз ету мақсатында еңбек етудемін,- дейді бас технолог.
Татьяна Жуковская сүтті қабылдау, өңдеу, сақтау және дайын өнім шығаруға дейінгі барлық технологиялық үдерістерді қатаң бақылауда ұстайды. Санитариялық талаптардың сақталуы, өнім сапасының стандарттарға сай болуы – оның күнделікті жұмысының негізгі бағыты. Оның мол тәжірибесі мен білімі сүт зауыты жұмысының бірқалыпты жүруіне үлкен үлес қосып отыр.
Сонымен қатар, ол жас мамандарға тәлімгер болып, кәсіби тәжірибесімен бөлісуді де парыз санайтынын айтады. Оның айтуынша, сапалы сүт өнімін шығару – тек технология емес, үлкен жауапкершілік пен адал еңбектің нәтижесі.
Еңбек адамы қандай сый-құрметке болсын лайық. Тәжірибелі технолог Татьяна Жуковскаяның өндіріс саласындағы ұзақ жылғы еңбегі де лайықты бағаланып, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Технолог Т.Жуковская: “Президенттің қолынан алған медалім ұзақ жылдар бойы еткен еңбегімнің лайықты бағаланғаны деп білемін. Қаншама жыл бір салада үздіксіз қызмет еткен қарапайым еңбек адамына осындай үлкен құрмет көрсетілуі біз үшін үлкен мәртебе. Елімнің өндіріс саласындағы еңбегімнің жоғары бағаланғанына шексіз ризашылықпен қатар, бойымда мақтаныш пен қуаныш сезімін сезіндім” дейді.
Өз ісіне берілген, тәжірибелі бас технолог Татьяна Жуковская – сүт зауыты ұжымының мақтанышы әрі өндіріс сапасының сенімді кепілі. Әріптестері оны сабырлы мінезі, кәсіби білімі және әділ талапшылдығы үшін ерекше құрметтейді. Жас мамандар үшін ол – ұстаз, ал ұжым үшін – сенімді тірек. Ол өз тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалықпайды. Кәсіби маман үшін технолог мамандығы – жай ғана жұмыс емес, өмірлік таңдау. Оның адал еңбегі мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі сүт зауыты өнімдерінің сапасынан айқын көрінеді.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”