Basty bet

Жұлдызы биік – жуалыдағы Көксай

Қазақ халқы «Туған жердің түтіні де ыстық» деп бекер айтпаған. Әрбір адам үшін өз өлкесі – ең қымбат, ең қасиетті мекен. Мен үшін сондай жүрекке жақын, жаныма ыстық өлке – жұлдызы биік өлке Жуалы жері. Асқақ таулары, мөлдір бұлағы, таза ауасы мен тұмса табиғаты бұл өңірге ерекше көрік береді.
Сол әсем табиғаттың төрінде орналасқан көрікті орындардың бірі – “Көксай” демалыс орталығы. Көксай – табиғаттың өзі қолмен салған суреттей сұлу мекен. Айналасын биік таулар қоршап, жасыл желек көмкеріп жатыр. Мұнда келген әр адам қаланың қарбалас тіршілігін бір сәт ұмытып, жан дүниесімен тынығады. Самал жел мен таза ауа бойға күш-қуат беріп, ерекше сергектік сыйлайды. Соңғы жылдары “Көксай” демалыс орталығы жергілікті тұрғындармен қатар, сырттан келетін қонақтардың да сүйікті орнына айналды. Мұнда отбасымен серуендеп, табиғат аясында демалуға, тауға шығып саяхат жасауға барлық жағдай жасалған. Жазда айнала гүлге оранып, құлпырып тұрса, қыста қар жамылған тау бөктері ертегідей көрініс береді. Әр мезгілдің өзіне тән сұлулығы бар. Көксайдың басты байлығы – оның табиғи тазалығы мен тыныштығы. Құстардың сайраған үні, бұлақтың сылдыры, желдің сыбыры адамды ерекше күйге бөлейді. Осындай сәттерде туған жердің қадірін тереңірек түсініп, табиғатпен етене жақындасасың. Әсем де асқақ тауларына көз салсаң, жан дүниең тынышталып, шаршауыңды ұмытасың. Самал жел мен таза ауа бойыңа ерекше сергектік сыйлайды. Жаз мезгілінде мөлдір бұлақтар сылдырап ағып, салқын суы табиғаттың шынайы рақатын сезіндіргендей. Ал, қыста аппақ қар жамылған тау бөктері тіпті көркем кейіпке енеді: шаңғы теуіп, биіктен сырғанап, қыс қызығын еркін тамашалауға мүмкіндік бар. Көксай – әр мезгілде әр қырынан құлпыратын, демалыс пен шаттықтың мекені. Бұл демалыс орны Жуалы ауданында туризмнің дамуына да серпін береді. Табиғаты көркем аймақтарды насихаттау арқылы туған өлкеміздің абыройы артып, келушілер саны көбейері сөзсіз. Көксай – Жуалының мақтанышы, өңірдің көркі.
Мен үшін Көксай – жай ғана демалыс орны емес, ол – балалық шағымның ізі қалған, жүрегіме ыстық мекен. Мен осындай ғажайып табиғат аясында өскенімді мақтан етемін. Туған жерімнің әр тасы, әр төбесі маған қымбат. Жуалының табиғаты – тұнып тұрған сұлулық. Ал, Көксай – сол сұлулықтың інжу-маржаны.
Саяна Сайлаубек,
Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның
11 сынып оқушысы.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close