Basty bet

Еңбек ұжымдарына жаңа Ата Заң жобасы түсіндірілді

Апта басында аудан әкімі Жалғас Мұртаза “Қазпошта” АҚ аудандық филиалының және “Қазақтелеком” байланыс торабының қызметкерлерімен кездесу өткізіп, жаңа Ата Заңның жобасын талқылады.

Жиын барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері түсіндірілді. Жиында аудан әкімі Ж.Әлижанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа елдің саяси жаңғыруындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Ол жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысын ескере отырып, әзірленгенін және алдағы бүкілхалықтық референдум әрбір азаматқа шешім қабылдауға саналы түрде қатысуға мүмкіндік беретінін айтты.
-Биыл елімізде үлкен саяси реформа жүргізілгелі отыр. Яғни, өздеріңіз хабардар болып жүрген жаңа Ата заң қабылданғалы жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа Конституцияның мәтіні жарияланып, оны аудан тұрғындарына кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ата Заңда 80 пайызға жуық өзгерістер енізілгендіктен жаңа Конституция қабылдануы керек. Жаңа Ата Заң жобасы – өзгерістер кезеңіне қадам.
Жаңа Ата Заңда жаңа ұғымдар бар. Оның ішінде, Заң мен тәртіп, ғылым, техника мен инновация, экологиялық және мәдени даму секілді жаңа бағыттар бар.
Соның ішіндегі негізгі бөлімдеріне тоқталатын болсақ, ең бірінші, “Заң мен тәртіп” қағидатының Ата Заңға енгізілуінің маңызы зор. Біз заңға бағынған, тәртіп үстемдік еткен қоғамда өмір сүріп, еңбек етуіміз керек. Ғылым, техника мен инновацияны тереңінен меңгеріп, дамудың даңғыл жолына түсуіміз де маңызды болып отыр. Сонымен қатар, Ата Заңда арнайы тармақтар экологияға берілуі қоршаған ортаға, туған өлкеге деген жанашырлықты арттырады деп сенеміз. Жалпы, үлкен саяси науқанда болатын өзгерістер халықтың игілігі мен еліміздің болашағы үшін жасалуда. Біз заң мен тәртіпке бағынған, ғылым, техника мен инновациясы дамыған, экологиялық және мәдени орта қалыптасқан, бірлігі бекем мемлекетке айналуымыз керек, – деп аудан әкімі Ж.Мұртаза еңбек ұжымына жаңа Ата Заңның жобасын кеңінен түсіндірді.
Одан кейін дәл осындай жиын Б.Момышұлы ауылы әкімінің мәжіліс залында жалғасып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close