Basty bet

Неке бұзу кезіндегі ортақ мүлікті бөлу заңдылығы

Сот өндірісіндегі істердің басым бөлігін бүгінде неке бұзу арыздары құрауда. Ажырасудың артында ерлі-зайыптылар арасындағы ортақ мүлікті бөлу туралы даулары да бар. Тараптардың мүлікті бөлудегі белсенділігі жоғары. Осы тұрғыда мүлікті бөлудің де заңмен реттелетінін азаматтардың білгені жөн.
Отбасылық кезеңде жинаған әрбір мүліктің ерлі-зайыптылар үшін орны бөлек. Кейбіреулер осы материалдық құндылықтың соңында жүріп кеш түсініп жатады. Осылайша бір-бірімен ортақ келісімге келмейді. Мүлікке қатысты ортақ келісімге келудің оңай болмайтыны түсінікті.
Осылайша аталған даудың соңы екеуараның сот көмегімен шешуіне ұласады. Әрине, ерлі-зайыптылар арасында неке шарты жасалса, мүлікті бөлу анағұрлым жеңіл.
Неке шарты отбасын құрмай тұрып, отбасылық кезеңде де жасалады. Алайда, өркениетті елдерде болмаса, Қазақстанда неке шартын жасау тәртібі әлі қалыптаса қойған жоқ. Неке шарты болмаған соң ортақ мүлікті бөлу тек сот тәртібімен реттеледі. Елімізде 2012 жылдан бері қолданылып келе жатқан «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде мүлікке иелік етуге қатысты талаптар толық көрсетілген. Осы құжатта дәйектелгендей, некеде тұрған уақытта ерлі-зайыптылар жинаған мүліктер ортақ меншік деп танылады.
Бұл жерде негізгі ескеретіні, ерлі-зайыптылардың некені заңды түрде рәсімдемей тұрып алған мүліктері бөлуге жатпайды. Сондай-ақ, некеде тұрғанның өзінде, ерлі-зайыптының біріне жақындарынан мұрагерлікке қалған мүлік те бөліске түспейді. Бұған қоса, некеде тұрған кезде жұптардың жеке пайдалану үшін алған қажетті заттары да ортақ мүлік санатына кірмейді.
Отбасылық кезеңде алынған мүлікті туыстарының атына жаздыру практикасы жиі кездеседі. Себебі, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер мемлекеттен жеңілдікпен үй алу үшін атында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Өзіне игілік жасаймын дегендер осылайша барынан ажырап қалуы әбден мүмкін. Өйткені, ажырасқан кезде тараптарға бұл мүлікте өзінің үлесі барын дәлелдеу қиын.
Жалпы, сот ортақ мүлікті бөлу кезінде нақты фактілерге және құжаттарға сүйенеді. Сонымен қатар, отбасылық дауларды, мүлікке қатысты келіспеушіліктерді таразылағанда медиацияға басымдық беріледі. Отбасылық келіспеушіліктерді медиация арқылы реттеу ең алдымен ерлі-зайыптылардың өзіне керек. Себебі, неке бұзылғанымен, арадағы сыйластықты сақтап қалу олардың өзіне де, жақындарына да маңызды.
Ерлi-зайыптылардың бiрi ортақ мүлiктi зайыбының келісімін сұрамай сатқан жағдайда, мүлікті бөлу кезінде оның нарықтағы бағасы есепке алынады. Сондай-ақ, мүлікті бөлуде алынған қарыз және несиенің де көлемі ескеріледі.
Ортақ мүлікті бөлу туралы талаптар үш жыл ішінде қаралуы керек. Осы жылдар ішінде өзара келісімге келгенімен, мүлікке қатысты келіспеушілік болғанда тараптар сотқа талап қоюмен жүгіне алады. Ал үш жыл өткеннен кейін ортақ мүлікті бөлуге қатысты арыз сотта қаралмайтынын ескеру керек. Бұл мерзім, сондай-ақ, сот шешіміне сай неке бұзылып, шешім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Егер, неке азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында бұзылған жағдайда, тіркеу кітабында неке бұзу дерегі рәсімделген күннен бастап есептеледі.

Байжан Жамалбекұлы,
аудандық
соттың судьясы

Таңдаулы материалдар

Close