Basty bet

«ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА – 80 ІЗГІ ІС!»

қасиетті өңірдің ардагерлері мен қадірлі қарттарға сый құрмет көрсетілді

Өткен аптаның басында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы облыс әкімдігімен бірлесіп Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орайластырып «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясының аясында «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенінің жұмысын бастағаны белгілі. Бұл игі іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, облыстың барлық ауданында өткізілу үстінде.

Керуеннің құрамында білікті дәрігерлер, заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, қоғам белсенділері және жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, т.б. бар.
Айта кету керек, облыстың орталығы Тараз қаласында іс-шараның ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сұрапыл жылдардағы майдангерлердің көрсеткен ерлігі мәңгі ұмытылмайтынын жеткізді.
«Ел тағдыры, жер тағдыры сынға түскен қиын-қыстау кезеңде небәрі 400 мың тұрғыны бар Жамбыл облысынан майдан даласына 100 мыңнан астам адам аттанғаны белгілі. Бүгінде сол майдангерлердің арамызда алтауы ғана қалды. Сондай-ақ, аймақта Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген 110 азамат бар. Олардың да майдан даласындағы ерен еңбегі ұмытылмайды. Біз ерлігі тарих бетіне алтын әріппен жазылған ардагерлердің өнегелі өмір жолын үлгі тұтамыз. Бұл жеңіске халқымыздың қажыр-қайраты, батыр бабалардың ерлігі мен ерен еңбегі арқылы қол жеткіздік» деп атап өтті өз сөзінде Дауыл Бейсенқұлов.
«Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені ардагерлердің тұрмысын жақсарту, патриотизм мен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын да баса айтуға тиіспіз. Керуен облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан салтанатты түрде жолға шығып, облыс аумағындағы 10 ауданды аралау үстінде.
Өткен бейсенбі күні «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені қасиетті Жуалы ауданына да атбасын бұрып, орталықта өңір жұртшылығымен тағылымды кездесу өткізіліп, керуен мүшелері аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы тыл және еңбек ардагерлерінің шаңырағында болып, мерейлі мерекеге орай оларға ізгі тілектерімен қоса, сый-сияпат жасады.
Аталған акцияның ашылуы аудандық «Достық» мәдениет үйінің ауласында ұйымдастырылып, оған өңір ардагерлерімен қатар, жастар және ауыл тұрғындары шақырылды.
Кездесудің алғашқы құттықтау сөзі «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбекке беріліп, ол өз сөзінде, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай бастау алған «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясының аясында «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенінің жұмысы мен мақсат-міндеттерін кеңінен атап өтіп, Жеңісті жақындатуға тылда жан аямай тер төккен жандардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, бейбіт күннің мәңгілік салтанат құруына және ел жастарының болашағы жарқын болуына шын жүректен тілектестік білдірді.
Келесі кезекте сөз алған аудандағы «Злиха» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев әлеуметтік керуеннің жұмысына табыс тілеп, жиналғандарға игі тілектерін арнап, ел өмірінің өткен күндерінен де сыр шертті.
Акцияның ресми бөлімінде аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының «Ардагерлер» вокалды инструментальды ансамблінің орындауындағы «Батыр Бауыржан» әні көрерменнің ыстық ықыласына ие болса, «Жеңіс туын желбіреткендер» атты ардагерлер арасындағы патриоттық әндер байқауының жүлдегерлері – Мәдіхан Рахманқұлов, Гүлсара Иманбаева (Билікөл ауылдық округі) «День победы», «Под Московные вечера» әндерін нәшіне келтіріп орындады. Одан бөлек, Қызыларық ауылдық округінен «Ақ әжелер» ансамблі жуалылық ақын-сазгер Мырзахан Ахметтің «Жуалым» әнін, сондай-ақ, Керімбай Досанов «Ауылға барам» әнін тамылжыта шырқап, қошеметке бөленді. Ары қарай көрерменге «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің шағын концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Жиын барысында аудандық мәдениет үйінің ауласында облыс орталығынан келген әлеуметтік керуен мүшелері мен аудандық әлеуметтік саланың жауапты қызметкерлері тұрғындарды жеке (әртүрлі) сұрақтармен қабылдап, сұрақтарға жауап берумен бірге, салалар бойынша түрлі кеңестерін де ұсынды. Одан бөлек, орталық алаңда жылжымалы медициналық автобус кешенінде өңір тұрғындары медициналық тексерістен өтіп, дәрігерлерге қаралуға мүмкіндік алды.
«Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс!» акциясының аясындағы «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенінің жұмысы ары қарай аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұратын тыл және еңбек ардагерлерінің шаңырағында жалғасты. Онда топ мүшелері ауданның дамуы мен өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар ардагерді Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оларға азық-түлік салынған себетін ұсынып, ізгі тілектерін де жаудырды. Ардагерлердің арасында тыл және еңбек ардагерлері – Лидия Ходкевич, Евгения Рогачева, Боранбай Өтеев, Бүбізия Тұрлыбекова және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қаржы жүйесінің үздігі, қасиетті өңірге белгілі қадірлі қария Жарас Мұратайұлы бар.
Сөз соңында айта кететін болсақ, ізгі істерді атқаруды көздеген «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенінің аясында өңірдің тыл еңбеккерлері және шалғайдағы елді мекен тұрғындары білікті медицина мамандарынан көмек алып, оларға заңгерлер түрлі мәселе бойынша кеңестерін ұсынды. Сондай-ақ, ерікті жастар көмекке мұқтаж ардагерлер мен қарт кісілердің үй шаруасын реттеуге көмек көрсетті. Тағылымы мол, тәлімі терең осынау игілікті істің аясында сол күні ауданның ерікті жастары даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Момышбұлағының айналасын тазалап, киелі орынды абаттандыруға өз үлестерін қосты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close