Basty bet
Жуалы ауданында жаңартылған Конституция жобасының негізгі ережелері түсіндірілді
Сапардың басты мақсаты – жаңа Ата Заң жобасының мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру, оның ел болашағы үшін маңызын талқылау және алдағы референдум қарсаңында азаматтарды қоғамдық талқылауға белсенді тарту болды.
Алғашқы кездесу Бауыржан Момышұлы ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Оған еңбек ұжымдары, жастар, аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ашып, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогтың маңыздылығына тоқталды.
Сенатор Бекболат Орынбеков өз сөзінде жаңа Конституция жобасының өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта елдің егемендігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы мызғымас қағидаттар ретінде айқындалған. Ұсынылып отырған өзгерістер саяси жүйені жүйелі жаңғырту бастамаларының заңды жалғасы екенін айтып, әділдік, тең мүмкіндік және өзара жауапкершілік қағидаттарына негізделген мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты нығайту көзделетінін жеткізді.
Сенатор Сәкен Арубаев өз баяндамасында конституциялық өзгерістердің алғышарттарына тоқталды. Ол жаһандық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық және тәуелсіздікті сақтау мәселелері айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Жаңартылған Конституция елдің саяси тұрақтылығын нығайтып, заманауи сын-қатерлерге дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Сонымен қатар, құжатты әзірлеуге отандық заңгерлер, ғалымдар, депутаттар, Ұлттық құрылтай мүшелері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері және сарапшылар кеңінен қатысқаны ерекше атап өтілді. Конституция мәтіні қазақ тілінде толықтай қайта қаралып, барынша түсінікті әрі нақты тілде жазылған. Ендігі жерде Конституцияға өзгерістер тек референдум арқылы, яғни халықтың тікелей қатысуымен енгізіледі. Бұл – Ата Заңның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетік.
Кездесу барысында аудан тұрғындары белсенділік танытып, өз ой-пікірлерін білдірді. Талқылаулар «Достық» аудандық мәдениет үйінің кіші залында жалғасып, зиялы қауым өкілдері құжаттағы негізгі өзгерістермен жан-жақты танысты. Сондай-ақ республикалық штаб мүшелері Қарасаз ауылдық округінің тұрғындарымен де жүздесіп, жаңа Ата Заң жобасының мазмұнын түсіндірді.
Жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығару және азаматтардың саналы қатысуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.