Basty bet

Жуалылықтардың жетістіктері

Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Нарбай Ергебеков кезекті аппарат мәжілісінде ауданымызда елеулі еңбек етіп келе жатқан бірқатар қызметкерлерге түрлі дәрежедегі марапаттарды салтанатты жағдайда тапсырды. Бұл жыл қорытындысы емес, бұл – марапатталған азаматтардың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына орай жергілікті өкілді органдардың қалыптасып, нығаюына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм, және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, сонымен бірге «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова мінсіз қызметі үшін «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл марапаттар Ерғали Өтемісұлы, Мақсұтбек Әбдіұлы, Анар Садыққызының ел алдындағы елеулі еңбектеріне сай лайықты абыройды тиянақтай түсті. Үшеуінің де өз саласы бойынша жан беріп еткен еңбектері елдің көз алдында. Айтуға оңай болғанымен, жауапкершілігі атан түйеге жүк болатындай саланы абыроймен алып жүру үлкен күш-жігерді, іске деген жанашырлықты, іскерлікті талап етеді.
Сондай-ақ, аудан басшысы«Үздік бастауыш партия ұйымы» облыстық байқауының жеңімпаздарын да құттықтады. Атап айтқанда, аталған байқауда І орынды иеленген «Ақтөбе» бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлнар Әбілдаева мен 100-ден – 500-ге дейінгі мүшесі бар санатта ІІ орынды жеңіп алған «Жуалы газ» бастауыш ұйымының жетекшісі Айнұр Мөриеваға Диплом және ноутбук тапсырылды.
Ауданымыздың атын шығарып жүрген «Жуалы Арлан» аралас жекпе-жек клубының тренері Азат Шыңғазының шәкірттері, жас спортшылар: Нұрғазы Шыңғазы, Нұрғиса Анарбек, Видади Асадов, Нұрдәулет Маратбекұлы, Арсен Қалдыбекті де аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы арнайы аудан активінің алдында құттықтап, медальдары мен белбеулерін тағып, сыйлықтар тапсырып, жеңістерімен құттықтады.
Барлық марапат иелерін редакция ұжымы да шын жүректен құттықтайды!

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close