Basty bet
Өңірдегі тазалық жұмыстары көңіл көншітпейді
Сейсенбі күні аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі өтіп, онда ауданның дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді. Кеңеске аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме басшылары және ауылдық округтің әкімдері шақырылды. Кеңесті аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жатқанбаев ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Жиында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының өту барысы және көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын өткізу туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтың баяндамасы тыңдалды.
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы іске асырылуда. 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес, елдімекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Аталған экологиялық акцияның аясында жыл басынан бүгінгі күнге дейін 490 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, сегіз сенбілік жұмыстар және алты түрлі акциялар ұйымдастырылды. Сенбіліктер барысында талдар бұталып, ақталды. Каналдар мен арықтар, көшелер, алаңдар мен ауыл маңдары қоқыстан тазартылды. Қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлердің аулалары мен шағын сәулет нысандарымен қоса ескерткіштердің аумағы жөнделді. Саябақ аумақтарына көркейту жұмыстары жүргізілді.
4 сәуір күні «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясының аясында аудан аумағында жалпы саны – 5000 дана ағаш көшеті отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау және экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстары әр аптаның белгіленген күндері жүзеге асырылуда.
Ұлттық даму жобасы аясында 15 000 түп қарағаш, 5000 дана терек көшетін отырғызу тапсырылған болатын. Бүгінгі күнде жалпы 20 640 дана ағаш отырғызылды.
2026 жылдың басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 505- бабына сәйкес, елдiмекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша аудандық полиция бөлімінің яғни, учаскелік полиция инспекторлары тарапынан 271 факт анықталды. 1 адамға айыппұл салынып (43 250 теңге), 270 адамға ескерту берілді. Аталған Кодекстің 434-2-бабы, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша полиция бөлімі тарапынан 24 факт анықталып, оның 19-ына айыппұл ( 717 950 теңге) салынды.
Сонымен қатар, бөлім тарапынан елдімекендердің тазалағы бойынша зерделеу жүргізілді, нәтижесінде, бірқатар қоқыс орындары анықталды. Сондай-ақ, көшелерді және кездейсоқ күл-қоқыс орындарын тазалау жұмыстары бойынша зерделеу жүргізілді. Нәтижесі көрсеткендей, елді мекендерде тазалық айлары өткізілсе де, кездейсоқ қоқыстардың әлі де шашылып жату фактілері орын алып отыр,- деді Р.Айтбаев.
Баяндамашы зерделеу жұмысы аясында ауылдық округтердегі анықталған қоқыс тасталған орындарды да атап өтті. Сонымен бірге, 2024 жылы ағаш отырғызу жоспарын орындамаған ауылдық округтер мен 2023 жылы «Жасыл белдеу» бағдарламасымен егілген тал-дарақтарды зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Жуалы- Су» кәсіпорынның теңгеріміндегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жағдайы мен жұмыс барысы бойынша аталған мекеменің басшысы Дархан Есенгелдіұлы баяндама жасады.
Баяндамашы бүгінгі таңда сұрыптаудан қалған қоқыстарды жою және көму мақсатында дөңгелекті эксковатормен аталған бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасуда екенін жеткізді. Сондай-ақ, желдің салдарынан полиэтилен пакеттерді полигон маңындағы егістіктерге ұшырмау мақсатында Ақсай ауылдық округінің әкімдігімен бірлесіп, қоқыс полигонының шығыс бағыты жағына 1000 түп қарағаш егілгенін атап өтті. Аталған талдарды мекеменің теңгеріміндегі «Камаз КДМ» арнайы техникасы мен жаңбырлатып суғару жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонға тасымалдау кезінде, жүк көліктерінен қалдықтар жол бойына шашылмау мақсатында Диқан ауылы мен полигон бағытындағы 3,5 шақырымды құрайтын тасжол жөндеуден өтіп, тегістелген. Аталған жөндеу жұмыстарына 2000 куб құм қиыршық тас қоспасы (ПГС) жеткізіліп, бес арнайы жол жөндеу техникалары қолданылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Жуалы ауданы бойынша бюджеттің 2026 жылдың 1 сәуріне атқарылуы жайында қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы, аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының орындалуы және аудан көшелерінің сәулеттік келбетін арттыру жұмыстары туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев, Жуалы ауданы бойынша 2026 жылдың үш айының қорытынды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекованың баяндамалары тыңдалды.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Жатқанбаев ауылдық округ әкімдеріне отырғызылған қылқан жапырақты ағаштардың күтімін назарда ұстауды ескертті.
-2023 жылы отырғызылған ағаштардың 30 пайызы ғана өнген. Сондықтан Сіздерге осы олқылықтың орнын толтыру туралы тапсырма берілген. Бұл жұмыс аудан және облыс басшыларының жіті бақылауында.
Отырғызылған ағаштардың күтімін мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге, ауыл тұрғындарына түсіндіріп, бекітіп беріңіздер. Өз үйінің немесе кәсіпкерлік нысанның, мекеменің маңындағы ағаштардың өніп, жайқалып тұруы үшін күнара суғару ауыр жұмыс емес. Сіздер жұмыстың көзін тауып, ұйымдастыра білсеңіздер болғаны.
Баяндамашылардың ішінде бірқатар деректер нақтыланбаған. Жалпылама есеп берудің қажеті жоқ. Әрбір цифрды айтпас бұрын алдымен оны көзбен көріп, нақтылап алу керек.
Өңірдегі тазалық жұмыстары көңіл көншітпейді. Әсіресе, ауыл әкімдері көшеде жүрмей, сай-салаларды да қарап жүріңіздер, ондағы жұмыстардың жасалуын қадағалаңыздар. Аулалардың тең жартысы қоқыс шығарушы кәсіпкермен келісімшартқа тұрмаған. Сол себептен, қай ауылда болсын, санитарлық тазалықты сақтамаған азаматтарды тәртіпке шақыру үшін айыппұл салынсын,- деді Қайрат Есенбекұлы.
